ЖАҢА КОДЕКС ҚАЖЕТТІЛІКТІҢ КӨРІНІСІ
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» жаңа Кодекс өмірдің қажеттілігінен туғаны анық. Сондықтан, оның мынадай тұстарына айрықшалап тоқталған артық болмайды.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға апелляциялық тәртіппен шағым, наразылық қаулының көшiрмесi бұрынғыша тапсырылған күннен бастап он тәулік iшiнде беріледі (45 тарау).
46 тарауда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша заңды күшiне енген қаулыларды және оларға шағымдарды, наразылықтарды қарау нәтижелерi бойынша қаулыларды қайта қараудың кассациялық тәртiбi белгіленген (ӘҚБтК-тің 847 бабы).
Кассациялық шағым немесе наразылық әкімшілік жауаптылыққа тартылған адамның не өзіне қатысты әкімшілік іс жүргізу тоқтатылған адамның жағдайын нашарлататын жағына қарай қаулы жарияланған күннен бастап алты ай ішінде берілуі мүмкін.
Сот қаулыларына кассациялық шағымды, наразылықты олар түскен күннен бастап он тәулік ішінде облыстық және оған теңестірілген сот кемінде үш судьядан тұратын құраммен қарайды. 2001 жылғы Кодексте әкімшілік істердің кассациялық тәртіппен қаралуы мүлдем қарастырылмаған болатын.
Келесі жылдан бастап әкімшілік істер бойынша шығарылған қаулылар шағымдар мен наразылықтар келтірілген жағдайда, заңды күшіне енбеген болса апелляциялық, заңды күшіне енген соң кассациялық тәртіппен облыстық деңгейдегі соттарда қаралады. Осы тараудағы 851 баппен заңды күшіне енген қаулыларды және оларға шағымдарды, наразылықтарды қарау нәтижелері бойынша қаулыларды қайта қараудың ерекше (қадағалау) тәртібі қарастырылған.
Іс жоғарғы сотта бас прокурор мен оның орынбасарларының наразылығы бойынша шағым жасаудың кассациялық тәртібі сақталған жағдайда қайта қаралады.
47 тараудың талаптарына сай, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша қаулылар және шағымдарды, наразылықтарды қарау нәтижелерi бойынша қаулылар жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қаралуы мүмкін (ӘҚБтК-тің 852 бабы).
Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша әкімшілік іс бойынша қаулы шығарған сот, уәкілетті орган (лауазымды адам) қайта қарайды.
Қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға, жәбірленуші немесе олардың заңды өкілдері немесе прокурор қаулы шығарған сотқа, органға (лауазымды адамға) мән-жайлар анықталған күннен бастап үш ай ішінде бере алады.
Істі қайта қарауға құқық бұзушыға, жәбірленушіге белгілі болмаған және белгілі болуы мүмкін емес, іс үшін маңызды және басқа мән-жайлар негіз болып табылады.
Бұрын әкімшілік құқық бұзушылық ретінде танылған кейбір баптар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» жаңа Кодекстен алынып тасталынып, жаңа Қылмыстық Кодекске қылмыс ретінде енгізілген. Мысалы, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру (Қылмыстық Кодекстің 108-бабы), тән ауруына ұшырататын, бiрақ денсаулыққа жеңіл зиян келтiруге әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерiн жасау (ҚК-тің 109-бабы), өзiнде соз ауруы бар екендiгiн бiлген адамның осы ауруды басқа адамға жұқтыруы (ҚК-тің 117-бабы), ұсақ-түйек жымқыру, яғни болмашы мөлшерде жасалған, бөтеннің мүлкін ұрлау, алаяқтық, иемденіп алу немесе талан-таражға салу (ҚК-тің 187-бабы), автомобильдi, троллейбусты, трамвайды не басқа да механикалық көлiк құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соққан бұзуы (ҚК-тің 345-бабының 1-бөлігі), көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осындай адамның басқаруына беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру (ҚК-тің 346-бабы).
Жаңа «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» жаңа Кодекстің 820 бабына сәйкес, бірінші сатыдағы соттың сот отырысында хаттама жүргізіледі.
Егер өзіне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлға әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезінде өз кінәсін толығымен мойындап, дәлелдемелерді зерттеу қажеттігі туралы мәлімдемесе, хаттаманың жүргізілуі міндетті емес.
Кодекстің 827 бабының талаптарына сай, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын органның (лауазымды адамның) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) және (немесе) мамандандырылған аудандық және оған теңестірілген әкімшілік сотқа шағым жасалуы мүмкін.
Адам өз құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы туралы өзіне белгілі болған күннен бастап екі ай ішінде жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) және (немесе) сотқа шағыммен жүгінуге құқылы.
Жаңа «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің толық нұсқасы «Егемен Қазақстан» және «Казахстанкая правда» газеттерінің 2014 жылдың 12 шілдесіндегі басылымдарында ресми түрде жарияланды және Қазақстан Республикасының «Әділет» ақпараттық құқықтық жүйесіне 31 шілдеде енгізілді.
Бауыржан САУҒАБАЕВ,
облыс прокурорының орынбасары.