ЖАҢА ҒИМАРАТТА – ЖАҢАША ҚЫЗМЕТ
Жуырда Исатай, Махамбет және Мақат аудандық прокуратуралары жаңа ғимараттарға көшті. Осынау салтанатты рәсімге еліміздің Бас прокурорының орынбасары Нұрмаханбет Исаев арнайы келіп қатынасты.
Жаңа қонысжай мемлекеттің құқық қорғау, заң орындарына көрсетіп отырған үлкен қамқорлығының көрінісі. Бүгінгі жаңалықты да соның жарқын айғағы деуге болады. Бұрын аудандық жердегі прокурорлар ескі ғимараттарда отыратын, бөлмелері тарлықтан айналуға келмейтін. Келген жұртты қабылдауда да ыңғайсыздық тудыратын. Енді жағдай өзгерді. Заңның сақталуын қадағалаушы орган өкілдеріне алаңсыз қызмет жасауына барлық мүмкіндік жасалып отыр. Бұған арнайы рәсімде еліміздің Бас прокурорының орынбасары Нұрмаханбет Исаев та ерекше тоқталды. Ол аудандардың прокуратураларының ұжымдарын құттықтап, оларға азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің құқықтарын қорғау, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту ісінде одан әрі жетістіктер тіледі.
Құқық қорғау органдары басшылары, ардагерлер қатынасқан шарада жергілікті прокурорлар жаңа орында жаңаша қызмет ететіндеріне, заңдылықты сақтауға белсене үлес қосатындарына көпшілікті сендірді.
Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ.