Заңғар заңгер Зиманов
АБЫЗ ҒАЛЫМ, ҰЛТЫМЫЗДЫҢ КЕЛБЕТІ МЕН АРЫ БОЛҒАН АҒАЛАРЫМЫЗДЫҢ БІРІ ДЕ БІРЕГЕЙІ – САЛЫҚ ЗИМАНҰЛЫ.
САЛЫҚ АҒАМЫЗ ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ БАСЫНА КҮН ТУҒАН АЛАСАПЫРАН ЗАМАНДА ТУЫП ӨСТІ. КЕҢЕС ӨКІМЕТІНІҢ ҮСТЕМ САЯСАТЫ БЕЛЕҢ АЛА БАСТАҒАН ЕЛЕҢ-АЛАҢ УАҚЫТ – 1921 ЖЫЛЫ КИЕЛІ ҚЫЗЫЛҚОҒА ТОПЫРАҒЫНДА ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН.
Жастық шақтың жалынды жылдарын «ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен» сұрапыл 1941-1945 жылдары қан қасап соғыс даласында өткізді. Майдандағы ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз», екі мәрте «Отан соғысы» ордендері және «Кавказды қорғағаны үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін» медальдарымен марапатталды. Соғыстан кейінгі жылдары ардақ тұтар ағамыздың еңбектегі ауыр да, жауапты кезеңі басталды. Соның ішінде ғылым жолындағы өзіндік өрнегі қалыптасқан парасаттылық, қайсарлық пен биік азаматтық рухтың ізгілік іздері бүгінгі күндері сайрап жатқанына халқы куә.
Салық Зиманұлы қазақ елінің қоғамдық, саяси- құқықтық және мемлекеттік құрылысының тарихына тыңнан түрен салған ғалым. Мемлекет пен құқықтанудың тарихын тереңдете, жан-жақты зерттеген, қоғамдық қатынастардың қыр-сырын жетік меңгерген қоғамтанушы. Ғалымның «XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтардың қоғамдық құрылысы» (1958), «XVIII ғасырдың соңы – XIX ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси құрылысы» (1960), «Ресей және Бөкей хандығы» (1980), «Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Парламенті» (1996) т.б. еңбектері бүгінде өзектілігін жойған жоқ, тарих пен құқық саласында алатын орны ерекше.
Тәуелсіздік жылдары академик С.Зимановтың басшылығымен «Қазақтың ата заңдары» деп аталатын он томдық еңбек жарыққа шықты. Ол халқымыздың сан ғасырлық тарихы мен дала өркениетінің заңдарын зерттеген бірегей туынды. Осындайда ғалымның «Мен өз халқымның және оның тарихы алдындағы борышымды өтеу үшін жаралдым» деген даналық сөзі еріксіз ойға оралады.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мен Бөкей Ордасының құрылғанына 220 жыл толуына орай ғалымның бұл еңбектерін қайта парақтап, ой елегінен өткізетініміз сөзсіз.
Заңғар заңгер ағамыз жөнінде бүгінде мерзімді баспасөзде елге танымал мемлекет, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар көлемді мақалалар жазуда. Абыз ағамыз туралы қалам алуға түрткі болған себептер төмендегі жағдайлар болатын. Ол кемел тұлға болуымен бірге батыс өлкедегі білімнің қара шаңырағы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің құрметті профессоры.
2001-2006 жылдар аралығында кандидаттық диссертация жұмысыма байланысты Ресей Орынбор облыстық мемлекеттік архиві қорларында жинақталған халқымыздың төл тарихына қатысты XVIII- XIX ғасырлардағы деректермен жұмыс жасаған едім. Сол кезеңде академик ағамыздың өткен ХХ ғасырдың 50-ші жылдардағы құжаттарда қолдарын көріп, сол кісіден кейін бұл тарихи іс-қағаздарды ақтарғанымызды мақтаныш тұтатынмын. Кейбір қордағы жәдігерлерге ағамыздан кейін қол қойғанымызды үнемі айтып жүреміз.
Абзал тұлғаның жетекшілігімен көптеген азаматтар кандидаттық, докторлық диссертацияларын сәтті қорғап
шықты. Солардың бірі – жерлесіміз, облысқа танымал азамат, көп жыл Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетін басқарған тарих ғылымдарының докторы, профессор, марқұм Хисмет Табылдиев ағамыз. Салық Зиманұлының жетекшілігімен 1972 жылы Хисекең «Социалистік Гурьев тарихы (1917-1937 жж.)» атты кандидаттық жұмысын сәтті қорғағанын мақтанышпен еске алушы еді.
Ағамыз бірнеше буын өкілдерінің ұстазы. Ал, 2002 жылы университетіміздің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ұлжан Төлегенқызының «Арынғазы Әбілғазыұлының қоғамдық- саяси қызметі (1786-1833 жж.)» тақырыбындағы ғылыми жұмысын жоғары бағалап, бата- сын берген де Салық Зиманұлы болатын. Кейін ғалымның «Арынғазы хан» атты еңбегіне пікір жазған Ұлттық ғылым академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор С.Зиманов еді. Академик өз пікірінде «XVII- XIX ғасырлар тоғысындағы қазақ даласының қоғамдық- саяси ахуалы, ел басқарып, мемлекеттік тәуелсіздікке жетуге ұмтылған тұлғалардың бірі – Арынғазы ханның қайраткерлігі жаңаша көзқарас тұрғысынан сараланды» деп атап көрсетеді.
Жалпы еліміздің тәуелсіздігін жақындатқан осындай тарихи тұлғалардың іс-әрекеті мен ой-пікіріне баға берген Салық ағамыз да сол тұлғалардың қатарынан десек артық айтқандық емес. Оның бір жарқын мысалы – Желтоқсан оқиғасына байла- нысты жастарға қолданылған жазалауға ашық қарсы шығып, сол тұстағы ресми көзқарасқа қайшы пікірін тура бүкпесіз айтуы.
2003 жылы сәуір айында Алматы қаласында диссертациялық жұмысымды қорғаған кезде Салық ағамыз басқарған оқу орнының проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты Самат Өтениязов қатысып, өзінің оң пікірін
білдірген еді. Сол ағамыз Салық Зимановтың тікелей қолдауымен Құрманғазы атындағы ұлттық оркестрдің концерті ұйымдастырылып жатқандығын жеткізді. Белгіленген күні біз де концертке қатыстық, зал көрерменге лық толды. Ашылу рәсімінде тұңғыш заңгер- академик ұлттық мәдениеттің қадір-қасиетіне жан-жақты тоқталып, ғибратты сөз айтқаны есімізде. Өмірі өнегеге толы, ісі ұлағатты осындай абыз да дана ағаларымыздың болғанына кейінгі ұрпақ біздер шексіз мақтануымыз қажет.
Салық Зиманұлы кең байтақ қазақ даласында өскен алып бәйтерек іспеттес. Бәйтерек ұғымын халқымыз ерекше қастерлейді. Ел тәуелсіздігінің іргетасын қалаған ағамыз тұтас бір ұрпақты тәрбиеледі. Бейнелеп айтсақ, қасиетті туған жерінің нәрінен сусындаған бәйтеректің тамырлары мен жапырақтары – шәкірттері бүгінде республикамыздың түкпір-түкпірінде табысты да жемісті еңбек етуде.
… Сіздің аяулы есіміңіз ұрпақтар санасында мәңгі қалады.
Аққали АХМЕТ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы