
Заңды сыйламағаның – өзіңді сыйламағаның
Даму бағытындағы қадам
Жуырда Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісі өтіп, өткен жылдың жұмыс нәтижесі қорытындыланды. Министр Ержан Сәденовтың мәлімдеуінше, кешенді шаралардың нәтижесінде елдегі қылмыс саны 12,5 мыңға, жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 8 мыңға азайған. Аса қауіпті қылмыстардың, оның ішінде кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, ұрлық, мал ұрлығы, алаяқтық, қарақшылық және тонау қылмыстары төмендеген.

– Бұл нәтижеге профилакти-калық жұмысты басты назарға алудың арқасында жеткенімізді атап өткім келеді. Биыл осы істі белсенді түрде жалғастыру қажет. Ең бастысы – қылмыстардың алдын алу және олардың жасалуына ықпал ететін себептерді жою. 2025 жылды «Профилактика жылы: полиция заң мен тәртіп күзетінде» деп жариялаймын. Ішкі істер органдарының аумақтық бөліністерінің басшыларына профилактикалық шараларды күшейту және азаматтардың құқықтық санасын арттыру бойынша нақты міндеттер жүктеймін. Заң мен тәртіпті нығайту мақсатында біз қылмысқа қарсы күресті жалғастырып, заңды құрметтейтін азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді түрде қорғауды қамтамасыз етеміз, — деді Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.
Иә, қауіпсіз қоғамның басты кепілі заң екені белгілі. Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Биғамбаев облыста құқық тәртібі мен қауіпсіздік мәселесі ерекше назарда екенін айтады.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша полиция тұрғындармен тиімді өзара іс-қимыл жасауға бағытталған қызметтің сервистік үлгісіне көшті. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасы нығайтылуда, қауіпсіздік саласына жаңа цифрлық технологиялар енгізіліп жатыр. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, халықтың тыныштығын сақтау, қылмыстар мен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Тіркелген қасақана адам өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру және бұзақылық қылмыстары анықталып, ұрлықтың ашылу көрсеткіштері жақсарды, — деді полиция өкілі.
Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды жауапты істе табандылық танытып, кәсіби біліктілікті арттыру – әрбір тәртіп сақшысына қойылатын басты талаптың бірі. Атырау облысында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін күн сайын 900-ге жуық полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның 100-дей әскери қызметшісі еңбек етеді. Жаяу патрульдеуге шамамен 3-5 ішкі істер қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, автопатрульдеуге шамамен 200-ден астам көлік жұмылдырылған.
Мысалы, көп қабатты үйлердің аулаларындағы, саябақтар мен көшелердегі жаяу патрульдердің саны артты. Қала аумағында стационарлық полиция бекеттері тәулік бойы қырағы қызмет етеді. Патрульдік полиция былтыр 608 қылмыстың ашылуына ықпал етті. «Мүлдем төзбеушілік» қағидаты бойынша 500 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстардың басым бөлігін ұрлық пен ұсақ ұрлық құрайды.
Учаскелік инспекторды танисыз ба?
Кез-келген адам жайлы, қауіпсіз ортада өмір сүруді қалайды. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін учаскелік инспекторлар тәулік бойы қалтқысыз қызмет етеді.
– Былтыр учаскелік полиция инспекторлары мен тұрғындар арасында мыңға жуық кездесу өтті. Учаскелік полиция пункттері қажетті құрал-жабдықтармен, компьютерлік техникамен толық жабдықталған, барлық қызметкерде бейнетіркегіштер мен планшеттер бар. Инспекторлар отбасы-тұрмыстық қатынастар, оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар саласында ауқымды профилактикалық жұмыстарды күн тәртібінен түсірмейді, — деді Ерлан Валерийұлы.
Бүгінде облыстағы 93 учаскелік полиция пунктінің 26-сы тұрғын үймен біріктірілген. Атырау қалалық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Жандарбек Жаңбырбаев құқық қорғау органдарында 10 жылдан астам, ал «шериф»-те соңғы екі жыл қызмет етіп келеді. Ол №21 учаскелік пунктте әйелі және екі баласымен тұрады.
– Бекетте жұмыс істеуге және тұруға барлық жағдай жасалған. Міндеттеріме қоғамдық тәртіпті сақтау, бекітілген аумақта қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ өтініш немесе шағым түскен жағдайда тұрғындарға, әсіресе, жалғызбасты адамдарға қажетті көмек көрсету кіреді, — деген Жандарбек Жаңбырбаев жасап отырған жұмысынан хабар берді.
Учаскелік полиция қызметкері әкімшілік аумақта есепте тұрған отбасыларды аралап, ішімдік ішетін адамдарды тәртіпке шақырып, жанжалдасып жатқан көршілерді татуластырады. Қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етеді. Ол кейде түрлі адамдармен тіл табысып, олармен байланыс жасай алатынына қуанышты, өйткені олар оның кеңестеріне құлақ асады.
Қылмыс көрсеткіші азайды
Қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге полицейлер ғана емес, сол ортада өмір сүретін тұрғындар да жауапты. Себебі қарапайым адамның өзгенің құқығын кұрметтемеуі, қоғамдық тыныштықты бұзуы, зорлық-зомбылық, ұрлық-қарлық, өзгеге зиян келтіруі – үйреншікті әдетке айналатын болса, мұндай ортада саналы қоғамның қалыптасуы мүмкін емес. Сондықтан арнайы форма киіп, погон таққан полицейлердің барлығы халықты ұдайы құқық бұзушылыққа қарсы бірлесе күресуге шақырады.
«Қауіпсіз қоғам» жобасы аясында Атырау облысының полицейлері қылмысқа қарсы күрес, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын барынша күшейтті. Өңірде былтыр 4443 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Жасөспірімдер жасаған қылмыстар 9,5%-ға, бұрын сотталғандар жасаған қылмыстар 4,7%-ға, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 3,1%-ға, ал қару қолданылған қылмыстар 57,1%-ға төмендеген.
– Атырау өңірінде құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстар күн тәртібінен түспейді. Полиция департаментінің штаты бойынша облыс көлемінде 285 учаскелік инспектор мен олардың 8 көмекшісі бар. Олар қоғамдық тәртіп пен қылмыстардың алдын алу бағытында «Учаске», «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн», «Құқықтық тәртіп», «Есеп», «Пробация», «Аулада қабылдау» жедел-профилактикалық іс-шаралары және «Жолдағы қабылдау» акциясын тұрақты өткізеді. Соның нәтижесінде қоғамдық тәртіпке «мүлдем төзбеушілік қағидаты» қалыптасып, есепті мерзімде барлығы 53 392 әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты тиісті шаралары алынды. Әрбір мәселеге аса жауапкершілікпен қарап, тәртіп пен заңға бағынған өркениетті, қауіпсіз қоғам құруға атсалысудамыз, — деді Ерлан Валерийұлы.
Есеңгіреткен есірткі
Президент «Синтетикалық есірткінің қолжетімділігі және оның барынша тез таралуы жастар арасында нашақорлықтың белең алуына әкеліп соқтырады. Оларға нашақорлықтың қаншалықты қатерлі екенін үнемі түсіндіріп отыру қажет. Полиция есірткі өндіру, оны сату және таратуға қарсы белсенді күрес жүргізуі керек» деген болатын.
Бұл бағытта облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» негізінде жасөспірімдер мен жастар арасында нашақорлық мәселесі бойынша бірқатар іс-шараларды жүргізіп келеді. Мәселен, былтыр атыраулық полицейлер есірткіге қарсы тұрақты иммунитетті қалыптастыру, есірткіні қолданудың денсаулыққа зияндылығын түсіндіру бойынша 800-ге жуық профилактикалық іс-шара өткізген.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Роман Ермұхановтың айтуынша, полиция департаменті әкімдік, прокуратура және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, жас ұрпақтың санасын улаған психотропты дертпен күресте нашақорлыққа қарсы іс-шаралар кешенін тұрақты негізде іске асырып келеді.
– Былтыр заңсыз айналымнан 253 келіден астам есірткі заттары тәркіленді. Оның ішінде ең ірі партиясы 1,7 келі «қарасора өсімдігі», 110 келіден астам «марихуана» есірткі заты мен 5 келіге жуық синтетикалық есірткі заты бар. Сондай-ақ облыс аумағында 2 фитолабораторияның жұмысы тоқтатылып, олардан барлығы 72 түп сора өсімдігі тәркіленді, — деп атап өтті полиция полковнигі Роман Ермұханов.
Есірткі таратушылар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдаланатыны белгілі болып отыр. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері есірткі қылмысының алдын-алу бағытында бірқатар жедел-іздестіру шараларын өткізуде. Мәселен, жуырда есірткі заттарын сақтаған деген күдікпен Батыс Қазақстан облысының тұрғыны анықталды. Оның жалдамалы пәтерін тінту кезінде қара сөмке ішінен 1 келіге жуық есірткі тәркіленген.
Алдын ала ақпарат бойынша күдікті құмар ойындармен әуестеніп, 8 млн. теңгеге жуық қаражат қарызданған. Тығырықтан шығу үшін еліміздің оңтүстік өңірінен есірткі тасымалдап сатпақ болған. Сондай-ақ, екінші күдікті – Ақмола облысы тұрғынының мекен-жайын тексеру кезінде жалпы салмағы 175 грамм болатын синтетикалық есірткі тәркіленді. Күдікті Атырау қаласына синтетикалық есірткіні жасырын тығу әдісі арқылы сату үшін интернет-дүкендердің жарнамасына сеніп, қаңтар айында келгені анықталды. Қазіргі таңда 2 күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, — деді Р.Ермұханов.
Иә, есірткіге еліткендердің болашағы бұлыңғыр болатынын түсіндіріп, жастар мен жасөспірімдер арасында мақсатты жұмыстардың іске асырылып жатқаны белгілі. Себебі, қоғам болып оң-солын әлі дұрыс ажырата білмейтін жастардың өз тағдырына балта шабуына жол бермегеніміз жөн.
Түйін
Заң мен тәртіп үстемдігін қалыптастыруда құқық қорғау органдары қоғаммен біте қайнасып жұмыс істеуі қажет. Сонда ғана халықтың тыныштығы күзетіндегі полицияның жұмысы нәтижелі болмақ.
Майра ЕРҒАЛИ