
«Заң және тәртіп» аясында қоғамдық қабылдау өтті
Бүгін Атырау қаласындағы №1 Халыққа қызмет көрсету орталығында қоғамдық қабылдау өтті. Шара Атырау облыстық прокуратурасының бастамасымен, мемлекеттік органдардың қатысуымен ұйымдастырылып, заң және тәртіп аясында өрбіді. Мұндағы мақсат тұрғындардың талап-тілегіне құлақ асып, өзекті мәселелерді жергілікті жерде шешу еді.

Қабылдауға облыстық басқармалар, департаменттер мен прокуратура өкілдері қатысып, әрбір адамды жеке қабылдады. Шағымдар негізінен құқықтық сипатта болса да, әлеуметтік және әкімшілік бағыттағы сұрақтар да көтерілді.
Атырау облысы прокурорының бірінші орынбасары Бахытжан Сәдібеков қоғамдық қабылдаудың маңыздылығына тоқталып, прокуратура органдарының халықпен кері байланыс орнату бағытындағы жұмысы туралы айтты.
– Әрбір өтініштің артында адамның тағдыры, шешімін күтетін нақты мәселе тұрады. Сондықтан да прокуратура органдары үшін азаматтардың өтініштерін қарау – негізгі басымдықтардың бірі. Бұл ретте халықпен тікелей кездесіп, олардың сұрақтарын көзбе-көз тыңдаудың маңызы зор. Мұндай қабылдаулар азаматтардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығы мен жауапкершілігін қамтамасыз етеді. Заңдылықты қамтамасыз ету – прокуратура қызметінің басты бағыты болып қала береді, — деді ол.
Жыл басынан бері облыс прокуратурасына 2 263 өтініш келіп түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34 пайызға азайған (2024 жылы – 3 421). Бұл көрсеткіштің төмендеуі құқықтық түсіндіру жұмыстарының, алдын алу шаралары мен мемлекеттік органдардың тиімді жұмысының нәтижесі ретінде бағаланып отыр.
Арыздардың 1 025-і бойынша нақты шешім қабылданса, 655 өтінішке құқықтық түсіндірме берілген. Шағымдардың 60%-ы сотқа дейінгі тергеп-тексеру мәселесіне, 6%-ы әлеуметтік-экономикалық салаға, ал 11%-ы сот шешімдерінің орындалуын қадағалауға қатысты болған. Сондай-ақ, 786 азамат жеке қабылдауда болған, оның ішінде 517-сін тікелей прокуратура басшылығы қабылдаған.
Осы қабылдауға келген қала тұрғыны Айгүл Сәрсенбаеваның көп жылдан бері шешілмей жүрген мәселесі оңынан шешілді.
– Бірнеше жылдан бері баламның құжат мәселесімен түрлі мекеменің табалдырығын тоздырдым. Жауапты органдар бір-біріне сілтеп, нақты шешім болмаған еді. Бүгін прокуратура өкілі мен көші-қон қызметі маманы бір жерде отырып, мәселенің түйінін тарқатты. Осындай ашық қабылдаулар жиі болса екен деймін. Халықпен бетпе-бет сөйлескенде ғана шын жағдай көрінеді, — деген ол ризашылығымен бөлісті.
Тұрғындардың талап-тілегі тыңдалып, біразы сол жерде шешімін тапты. Бұл – заң мен тәртіп аясында әділеттілік орнап жатқанын білдіретін нақты қадам. Прокуратураның осындай ашықтық пен қолжетімділік бағытындағы жұмысы – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асыру жолындағы маңызды тетіктердің бірі.
Майра ЕРҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ