
Заң мен тәртіп – басты қағидат
Қоғамда құқықтық сана мен мәдениет деңгейін арттыру мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс мектебінің облыстық семинары өтті. Атырау облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау филиалымен бірлесіп ұйымдастырылған іс-шараға квазимемлекеттік сектордың комплаенс-офицерлері қатысты.

Семинар барысында әртүрлі тараппен шарттар жасасу кезіндегі комплаенс рөліне қатысты көптеген пайдалы ақпарат айтылды. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» АҚ комплаенс қызметінің бас менеджері Мирас Қарғабай және «Ембімұнайгаз» АҚ комплаенс қызметінің талдаушысы Шыңғыс Нәсіпқалиев сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және комплаенс қызметтердің қызметін тиімді жүзеге асыру бойынша құнды білімімен, жеке тәжірибелерімен бөлісті.
«Семинарда алған тәжірибе мен білім комплаенс-офицерлерге оң бедел қалыптастыруға, өз ұйымдарында сыбайлас жемқорлық пен этикаға жат мінез-құлықты болдырмауға көмектеседі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды тиімді ұйымдастыру және заңнама талаптарына сәйкес әрекет ету қажет», – деді өз кезегінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин.

Іс-шара соңында аталған мектептің қатысушыларына оқудан өткені туралы сертификаттар табысталды.
Еркеназ ҚАЛИЖАН