ЗАҢҒАР ТҰЛҒАЛЫ ЗАҢГЕР
Замана сұрапылы мұнымен бітпеді. Талай нәубетті бастан кешкен халық басына соғыс бұлты төнді. Отанымыздың өрімдей жастары ел қорғауға аттанды. Осы жастар арасында Ақтөбе өңірінің перзенті, болашақ прокурор Өтеген Сейітов те бар еді. 1923 жылы Шалқар ауданының Ақтоғай селосында өмірге келген Өтеген бала күнінен жетімдік тауқыметін көріп өсті. Енді азамат болдым дегенде Отан соғысы басталды. Жас жігіт алғы шептегі жан алысып, жан беріскен алапат шайқастарға бастан-аяқ қатысып, үш рет жараланды. Госпитальдан кейін майданға қайта түсіп, ақыры елге жеңіспен оралды…
Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарында да прокуратура қызметі өте қиын болды. Міне, осы тұстан Өтеген Сейітұлының заң саласындағы қызмет жолы басталған еді. Нақты айтқанда, 1945-1949 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының Келес, Сарыағаш аудандарында прокуратура тергеушісі болып, осы бір жауапты салада біраз тәжірибе жинап үлгереді. Одан соң 1951 жылға дейін аталған облыстың прокуратурасында аға тергеуші, 1959 жылға дейін Қазақ КСР прокуратурасының бөлім прокуроры қызметін атқарады. Ал, 1959 жылдан бастап Алматы қаласындағы Совет ауданының прокуроры, 1961-1962 жылдары Алматы облысының прокуроры, 1962 жылы Қазақ КСР Прокурорының бірінші орынбасары болады. Бұл қызметте төрт жыл бойы өзін іскерлік қырынан көрсеткен майталман прокурорға мемлекет үлкен сенім көрсетіп, оны 1966 жылы Қазақ КСР Прокуроры қызметіне тағайындайды. Өтекең осы мәртебелі де жауапты қызметті 1984 жылы зейнет демалысына шыққанша атқарады. Қазақстан прокуратурасының тарихында Өтекең – 18 жыл бойы Бас прокурор болған бірден-бір адам.
Еліне елеулі, халқына қалаулы болған асыл перзенттер ескерусіз қалмайды, әрине. Өтекең де еңбегіне сай 1-ші дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі атанып, соғыстағы ерлігі мен бейбіт өмірдегі ерен еңбегі, заңдылықты нығайтуға қосқан үлесі үшін «Қызыл жұлдыз», бірінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, екі мәрте «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендерімен марапатталды. Бірнеше рет КСРО Бас прокурорының мадақтаулары мен алғыс хаттарына ие болды. Ол – Қазақ КСР-на еңбегі сіңген заңгер, Прокуратураның құрметті қызметкері.
Өтеген Сейітұлы – республика прокуратурасы құрылымының қалыптасуына, қылмыстың алдын алу, онымен күрес, құқықтың сақталуы, зандылықтың нығаюын қамтамасыз ету мәселелері мен осы жолдағы қиындықтарды жеңуге де көп еңбек сіңірген адам. Сол кездегі прокуратура органдарының нашар жабдықталған кеңселерде орналасқаны, қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайлары да талапқа сай бола бермейтіндігі белгілі еді. Соған қарамастан өз қызмет борыштарын еш мойымай, адал атқарғандарына риза болған Өтекең өзінің естелік кітабында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың көмегімен көптеген қызметкерлердің жағдайын едәуір жақсартуға сеп болғанын жазады. Соның ішінде прокуратура қызметкерлеріне үй салу мәселесі де оңтайлы шешілгендігін ағамыз ерекше ілтипатпен еске алған.
Өтеген Сейітұлы 1966 жылы Мәскеудің қарсылығына қарамастан Алматы қаласы прокуратурасының ашылуына да себепкер болды. Республика прокуроры ретінде сала қызметін одан әрі жетілдіре түсу мақсатында нақты шаралар керектігін айтып, құжат дайындады. Бұл құжаттар ішінде 300 адамға қызмет орнын ашып, 50 жеңіл автомашина алу, бес облыстың прокуратураларына қызмет үйін салу үшін Мәскеуден қаржы сұраған өтініш хат бар еді. Осы жазылған хат бойынша Одақтың Бас прокуроры Руденко арқылы мәселе тез шешілді. Бұл – Өтеген Сейітұлының мыңдаған игі істерінің бірі ғана. Осындай азаматтың қарамағында қызмет жасағандықтарын шәкірттері мақтаныш етеді. Ол кісіден алған тәрбиені кейінгі жастарға жеткізіп, үйретуді парыз деп санайды.
— Өтеген Сейітұлы қажырлы да, қалтқысыз еңбегінің нәтижесінде Одақ прокурорларының арасында ерекше құрметке ие болды. Ол өмір бойы әділеттің ақ семсерін ұстап, қара қылды қақ жарған мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілгендігі біз үшін қуаныш,-дейді шәкірттері.
Ол кісі бірқатар шетелдерде болып, халықаралық дәрежеде ел намысын биік ұстады. Айталық, 1946 жылғы Нюрнберг процесі кезінде көрнекті заңгер, мемлекет қайраткері, бұрынғы КСРО Бас прокуроры Роман Андреевич Руденкомен талай рет кездесіп, оның қабылдауында болды. Және оның айтқан ақыл-кеңестерін ерекше ықыласпен еске алып жүретін. Тап осы Руденконың ұсынысымен 1977 жылы Ө.С.Сейітов Кеңес Одағы делегациясының құрамында Женева қаласында өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының қылмыстардың алдын алуға арналған бесінші Конгресіне қатысқан.
Өтекең республика прокурорының бірінші орынбасары және республи¬ка прокуроры болып істеген кезінде КСРО Прокуратурасымен тәжірибе алмасуға зор көңіл бөледі. Ол кезде КСРО прокуратурасынан қатардағы қызметкерлерден бастап A.M.Рекунковқа дейін Алматыға іссапарға келетін. Сол кездегі И.В.Черменский мен В.З.Самсо¬нов про¬куратура саласындағы тәжірибелері мол, білімді, өте сау¬атты заңгерлер еді. Бұлар көбіне кеңес беріп қана қоймай, жұмыс үйретіп, қолма-қол жәрдем берген. Міне, осы бір аяулы сәттерді Өтекең өз естелігінде жиі еске алады.
Ақ ниетті ағаның үлкен жүректі адам екендігін «Өмір өткелдері», «Советник юстиции» кітаптарын оқығанда жақсы ұғынып түсінесің. Өтеген аға өзінің республика прокуроры қызметін атқарған кездерінде бүкпесіз тура сөйлеп, ащы да болса шындықты айтқанын, «тура биде туған жоқ» деген ұстанымын ұстанғанын кітапты оқи отырып ұғасың. Ол өзінің өмір жолдарын жаза отырып, көптеген қызметтес болған әріптестерін де тілге тиек етеді. Атап айтқанда, сол кездегі республика прокурорының бірінші орынбасары И.В.Кацай, бұрынғы республика Бас прокуроры Ю.А.Хитрин, Қ.Е.Мыңбаев, И.Сейітов, О.Боранбаев, А.Д.Мызников, Р.Ғұбайдуллин, М.М.Туткин, О.Мұқашев, О.Жұмабаев және т.б. прокурорлардың бейнелері кітапта көрініс тапқан. Сондай-ақ, республика прокуратурасының сол кездегі бөлім бастықтары Т.К.Айтмұхамбетов, И.М.Ро¬дин, Н.Л.Зубченко және басқаларын жаңа заман талабына сай қызметкерлер ретінде көрсеткен. Мұның бәрін кейінгі заңгерлерге үлгі, өсиет ретінде де өте орынды жазғаны байқалады.
Өтеген Сейітұлы зейнеткерлікке шыққан соң да қоғамдық қызметтен қол үзбеді. Республиканың Жоғарғы Кеңесі президиумының құрамында болып, мүгедектер қоғамында да қызмет атқарды. Республикалық ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары болды.
Бүкіл саналы ғұмырын заң саласының нығаюына арнаған ардақты аға, аяулы ел перзенті Өтеген Сейітұлы 1997 жылдың 14 желтоқсанында дүниеден озды. Алайда, оның жарқын бейнесі, қалдырған ізі, берген өнегесі өшпек емес.
Өтеген аға дүниеден өткен соң екі жылдан кейін ел өмірінде қуанышты жаңалық болды. Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылды «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы» жылы деп жариялаған Жарлығына сәйкес, сол кездегі Ақтөбе облысының прокуроры Тыныбек Оңалбаев Өтеген Сейітұлының шәкірті ретінде осы азаматтың рухына арнап оның кіндік қаны тамған туған жері – Шалқар ауданында көшеге немесе мектепке есімін беру жөнінде облыс әкімінің атына ұсыныс жасады. Оның ұсынысы қабыл алынып, осы ауданда Өтеген Сейітовтің есімі бір көшеге берілді.
Өмірде жоқ болғанымен, артында ұлағатты іс қалдырған үлкен жүректі азаматтың халық жадынан шықпасына кәміл сенеміз. Мұның бәрі, сайып келгенде, Өтеген Сейітовтей адал перзенттің халық жадында мәңгі қалатындығының, оның өнегесі мен тәлімі ешқашан өшпейтіндігінің нышаны болса керек.
Абдолла ТӨЛЕКБАЕВ,
облыстық прокуратура органының
ардагері.