Вейп сату – заңға қайшы
Жылыой ауданының полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында Құлсары қаласындағы азық-түлік дүкендерінің бірінде вейп өнімдерінің заңсыз сатылып жатқанын анықтады.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, тексеру барысында дүкен иесі, 31 жастағы кәсіпкер, өз сауда орнында рұқсат етілмеген темекі өнімдерін саудалағаны белгілі болды. Дүкеннен 123 дана вейп өнімі мен 5 дана насыбай тәркіленді. Қазір кәсіпкерге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кету керек, биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын. Аталған заң 20 маусымда күшіне енді және елімізде вейп сатуға қатаң тыйым салатын нормаларды қамтиды.
А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ