Жарнама
Құқық

«Ұлтым өзге болса да, Ұлы елдің ұлымын!..»

Атыраулық Антон Хороших – кикбоксингтен спорт шеберлігіне үміткер, ішкі істер органдарының жас қызметкері. Шені – капитан. Ол құқық қорғау саласында ғана емес, спортта да өзін танытып жүр. Қазақ тілін еркін меңгерген, ұлттық болмысты құрметтейтін полицеймен отбасы, тәрбие, қызмет пен спорт туралы әңгімелескен едік.

– Антон, өзіңіз туралы толығырақ айтып берсеңіз. Қайда туып-өстіңіз? Тегіңіз жайында да білгіміз келеді…

– Мен Орал қаласында дүниеге келдім. Әкем – орыс, анам – кәріс ұлтының өкілі. Бірақ мен қазақ ауылында өскендіктен қазақ тілін еркін меңгердім. Ұлттық мәдениетті терең түсіндім. Көршілеріміз, мектептегі достарым – барлығы қазақтар еді. Бұл өміріме ерекше әсер етті. Қазақ халқы мені бауырына тартты. Мен де осы елдің ұлы болғанымды әркез мақтан тұтып жүремін.

Ата-анам отбасында өзара түсіністік пен сыйластыққа мән беретін жандар. Ұрпағын да жастай солай тәрбиеледі. Полиция капитаны ретінде қызмет етіп жүрген мен үшін қазақ топырағы мен мәдениеті ерекше құндылыққа ие.

– Өзіңіз айтқандай, әкеңіз орыс, анаңыз кәріс екен. Қазақ ауылында туып өсіпсіз. Бұл сіздің дүниетанымыңызға қалай әсер етті?

– Мен дүниеге келген күннен бастап қазақ ауылының шаңын жұтып, топырағына аунап өстім. Кішкентайымнан әрбір қазақты өз бауырымдай көріп, осы халықтың бір бөлігі екенімді сезініп өстім.

Көпшілік мені «кәріске ұқсайтын қазақ жігіті» деп айтады екен (күліп-авт.). Жалпы, қазақ, орыс және кәріс ұлттарының салт-дәстүрлері бір-біріне өте ұқсас, мен үшін олар бір-бірін толықтыратын дүниелер.

– Әңгіме бағытын қызметіңізге қарай бұрайық, полицияға қалай келдіңіз?

– Орта мектепті аяқтағаннан кейін менің полиция қызметіне деген қызығушылығым артты. Ішкі істер органдарында жұмыс істеу менің бала кезден бергі арманым болатын. 2018 жылы Атырау қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонына қызметке қабылданып, алғашқы еңбек жолымды бастадым.

Әрине, алғашқы күндері қиын болды, бірақ Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде алған білімім және өмірлік тәжірибем осы жолда табандылық танытуға үйретті. Қазір полиция капитанымын және ел үшін қызмет ететінімді мақтан тұтамын.

– Сіз полиция қызметкері ғана емес, кәсіби спортшы да екенсіз. Осы бағытта жеткен жетістіктеріңізбен бөліссеңіз.

– Иә, күнделікті жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан, табиғи күшім мен қайсар мінезімді еңбекқорлықпен шыңдап, үнемі жетілдіріп келемін. Мен үшін спорт – тәртіп пен рухани еркіндіктің жолы. Қазіргі таңда бос уақытымда кикбокс және жүзумен айналысамын.

Мақтан үшін айтып отырғаным жоқ, дегенмен былайғы уақытта қарапайым, жайдары жігіт болсам да, белдесуге шыққанда қарсыласыма бет қаратқан емеспін. Алған жүлделерім – маңдай терімнің жемісі. Қазіргі уақытта кикбоксингтен спорт шеберіне үміткермін.

– Отбасылық өміріңіз туралы да бір-екі ауыз айтып өтсеңіз. Жарыңыз кім, бала тәрбиесі жөнінде…

– Әйелім – қазақтың қызы. Өзім қазақтардың арасында туып-өскендіктен, болашақ жарымды осы ұлттың арасынан іздегенді жөн көрдім. Тағдырдың да жазуы солай шығар. Қазір махаббатымыздың символындай үш ұлымыз бар. Отбасымызда тек қазақша сөйлесеміз. Балаларыма қазақы тәрбие беріп, олар да өз елінің бір кірпіші болып қаланса екен деп тілеймін.

Мен үшін отбасы – сүйіспеншілікке толы, ізгілік орнаған шағын мемлекет. Мемлекет тірегі – үлгілі отбасы десек, сол отбасының іргесін мықты ету – әр ата-ананың міндеті.

– Қазақ халқына деген көзқарасыңыз ерекше екені байқалады. Мұны қалай түсіндірер едіңіз?

– Ұлтым бөлек болса да, Ұлы елдің ұлымын. Балаларыма да осы рухты дарытқым келеді. Ұлтқа, тілге деген құрмет – ішкі ниет пен шынайы сезімнен туындайды. Мен үшін бұл – жасандылық емес, шын жүректен шыққан таңдау.

– Ұлтаралық татулық тақырыбына тоқталсақ, сіздің өнегелі отбасыңыз соның бір мысалындай…

– Иә, біздің отбасымыз – түрлі ұлттар арасындағы түсіністік пен татулықтың маңызды екендігінің айқын көрінісіндей. Біз ұлт пен дінді емес, адамгершілік пен махаббатты бәрінен жоғары қоямыз. Осындай көзқарас қоғамда да, ел ішінде де береке болуына ықпал етеді деген ойдамын.

– Жуырда Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында айтылған мәселелер туралы пікіріңіз қандай?

– Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясында елдегі барлық ұлттың өкілдері бір жерде бас қосып, татулықты, бірлікті бекемдеп, өзара түсіністік пен қолдаудың жаңа деңгейіне көтерілді.

Әрбір этнос өкілінің үлесі ерекше және бұл Ассамблеяның маңызы бүгін ғана емес, болашақ ұрпақ үшін де зор. Бұл елдегі әрбір адамның рухани-мәдени бірлігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам деп санаймын.

– Әңгімеңізге рақмет. Арманыңыз жүзеге асып, елге адал қызмет ете беріңіз!

– Рақмет! Мен үшін Қазақстанның гүлденуі, тыныштығы және қауіпсіздігі маңызды. Елім үшін қызмет ету менің өмірлік мақсатым болып қала береді.

Сұхбаттасқан Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button