
Ұлт қауіпсіздігінің сенімді қалқаны
Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы — ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратын қуатты әрі сенімді әскери құрылым. Мемлекеттің ішкі тұрақтылығын сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және стратегиялық нысандарды қорғау жолында аянбай қызмет етіп келе жатқан бұл құрылымның тарихы еліміздің егемендігімен бірге өріліп жатыр.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, яғни 1992 жылдың 10 қаңтарында Қазақстан Республикасының Ішкі әскері ретінде құрылған бұл құрылым еліміздегі құқықтық тәртіпті сақтау ісінде маңызды қызмет атқарды. Ал 2014 жылдың 21 сәуірінде Мемлекет басшысының Жарлығымен Ішкі әскер Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы болып қайта құрылып, жаңа мәртебеге ие болды. Бұл — мемлекеттің қауіпсіздік саясатын қайта пайымдап, қазіргі заманның сын-қатерлеріне бейімделу жолындағы стратегиялық шешім болды.
Ұлттық ұлан бүгінде – еліміздің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын күзететін, лаңкестікке қарсы операцияларға қатысатын, төтенше жағдайларда көмек көрсететін, құқық қорғау органдарына қолдау білдіретін әмбебап әскер. Қызметтің мұндай ауқымы бұл әскердің кәсіби деңгейінің, дайындық жүйесінің және моральдық рухының биіктігін көрсетеді.

Ұлттық ұлан сарбаздары – өз Отанына адал, тәртіп пен жауапкершілікті бойына сіңірген, Отан алдындағы антына берік азаматтар. Олар – еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін шептің алдыңғы қатарында тұрғандар. Күн сайын еліміздің әр өңірінде қоғамдық тәртіп пен азаматтық қауіпсіздікті сақтау бағытында өз борышын мінсіз атқарып келеді.
Бұл құрылым тек әскери қызметімен ғана емес, сонымен қатар спорт саласындағы толағай жетістіктерімен де мақтана алады. Ұлттық ұлан сапында әлемдік ареналарда ел намысын қорғап жүрген спортшылар аз емес. Олар дзюдо, самбо, таэквондо, әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша халықаралық жарыстарда топ жарып, Көк Туымызды көкке желбіретіп жүр. Азия және әлем чемпионаттарында, халықаралық турнирлерде ел мерейін үстем еткен ұландық спортшылар – әскери тәртіптің, еңбекқорлықтың және отансүйгіштіктің нақты көрінісі. Спорт – сарбаздардың рухын шыңдайтын, ерік-жігерін тәрбиелейтін, дене даярлығын жетілдіретін маңызды бағыт. Бұл тұрғыда Ұлттық ұланның тәжірибесі мен жетістігі — жастарға үлкен үлгі.

Бұған қоса, Ұлттық ұлан құрамында кәсіби офицерлерді даярлайтын беделді әскери оқу орны – Ұлттық ұлан Әскери академиясы жұмыс істейді. Бұл оқу орны – тәуелсіз еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін білікті мамандарды даярлауда ерекше орынға ие. Жыл сайын жүздеген курсант сапалы әскери білім алып, офицерлік шенге ие болып, Ұлттық ұлан қатарында және басқа да күштік құрылымдарда абыроймен қызмет атқаруға кіріседі.

Аталмыш оқу ордасының ерекшелігі — тек қазақстандық курсанттармен шектелмей, көршілес мемлекеттерден келген болашақ офицерлерге де сапалы білім беруінде. Қазіргі таңда Қырғызстан, Тәжікстан сынды елдерден келген курсанттар осы оқу ордасында білім алып, өз елдеріне халықаралық стандарттарға сай даярлықтан өткен, кәсіби офицер болып оралуда. Бұл – Қазақстанның әскери білім беру жүйесінің аймақтық беделінің айқын көрінісі. Халықаралық ынтымақтастық, әскери саладағы серіктестік – ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заманауи форматы.

Ұлттық ұлан — бүгінгі Қазақстанның бейбіт тіршілігі мен тұрақты дамуының сенімді кепілі. Бұл құрылымның әрбір сарбазы мен офицері елге қызмет етудің ең биік үлгісін көрсетіп келеді. Олардың жанқиярлығы, ерлігі, кәсіби дайындығы және мемлекеттік мүддеге деген адалдығы – ұлттың рухын көтеріп, ел болашағына деген сенімді нығайтады.

Ұлттық ұлан — ел сенімін арқалаған, мемлекет тұрақтылығының темірқазығына айналған құрылым. Оның әрбір жетістігі — Қазақстанның жетістігі, әрбір жеңісі — халықтың жеңісі!
Ертуған ӘУБӘКІР,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің бастығы