
Учаскелік инспектор – ауыл тыныштығы мен тәртібінің тірегі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың учаскелік инспекторлардың мәртебесін арттыру туралы тапсырмасы – уақыт талабынан туған нақты шешім. Әсіресе, ауылдық жерлерде учаскелік полиция қызметкерінің рөлі өте маңызды. Олар – тек құқық қорғау органы өкілі ғана емес, жергілікті халықтың қорғаушысы, кеңесшісі, қажет болған жағдайда әділет іздеген жұрттың сүйенетін тұлғасы.
Президент атап өткендей, ауылдағы учаскелік инспектор көп жағдайда қоғам мен мемлекет арасындағы басты дәнекерге айналып отыр. Сондықтан да оларды әлеуметтік тұрғыдан қолдау – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болуы тиіс. Еңбек өтілін есептеуде жеңілдіктер қарастыру, тұрғын үймен қамту және материалдық-техникалық базаны нығайту – бұл саладағы мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға, олардың ауылда тұрақтап, жауапты қызметін адал атқаруына жол ашады.
Біз, жергілікті өкілді органның мүшелері ретінде, осы тапсырмалардың өңірде нақты орындалуын бақылауда ұстаймыз. Өңір басшылығы тарапынан учаскелік инспекторлардың жағдайын жақсартуға қатысты кешенді шешімдер қабылдануы тиіс. Ауылдағы әр отбасының қауіпсіздігі – осы мамандардың жанқиярлық еңбегінің нәтижесі екенін ұмытпауымыз керек.
Қаршыға ЖАУЫМБАЕВ,
Атырау қалалық мәслихаттың депутаты