Жарнама
Құқық

Тұрғындар тегін құқықтық кеңес алды

Бүгін республика бойынша барлық өңірде бір мезетте «Халық заңгері» акциясы өтті. Атырау қаласында бұл маңызды іс-шара «Baizaar» сауда орталығында ұйымдастырылып, тұрғындармен ашық әрі мазмұнды құқықтық кездесу алаңына айналды.


«Заң және тәртіп» аясында өткен акцияның мақсаты – тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсету, құқықтық сауаттылықты арттыру және заңға деген сенімді нығайту.
Атыраудағы акция барысында әділет, прокуратура, полиция, сот, әкімдік, мемлекеттік кірістер органдары мен кәсіби заңгерлер халыққа тегін кеңес беріп, түрлі саладағы заңнамалық сұрақтарға нақты жауап ұсынды.

Атырау облысы Әділет департаменті бастығының міндетін атқарушы Гүланда Қыстаубаева бұл шараның маңыздылығын атап өтті.
– «Халық заңгері» – халық пен мемлекет арасындағы көпір іспетті. Тұрғындар құқықтық сауалдарын тікелей мамандарға қойып, нақты әрі тегін жауап алды. Бұл – заңгерлер үшін де, азаматтар үшін де пайдалы алаң. Құқықтық мәдениетті арттыру жолында осындай ашық әрі тиімді форматтар қажет-ақ. Біз тұрғындардың белсенділігін, олардың құқықтық ақпаратқа деген сұранысының жоғары екенін байқадық, — деді ол.
Шараға келген тұрғындар жер теліміне, алиментке, тұрғын үй, әлеуметтік төлемдер, еңбек даулары, кәсіпкерлік және басқа да көптеген мәселе бойынша құқықтық кеңес алды. Мамандар әрбір сұрақты мұқият тыңдап, заң шеңберінде шешу жолдарын түсіндірді.
Қала тұрғыны Талғат Ғалиев те осы акцияға қатысып, өзіне қажет болған денсаулық сақтау саласына қатысты мәселенің оң шешілгенін қуана жеткізді.

– Біраз уақыттан бері медициналық қызметке байланысты құжаттық түйткіл шешілмей жүрген еді. Бүгін осы шарада тиісті мекеме өкілімен кездесіп, нақты жауап алдым. Құжаттарым ретке келіп, мәселе сол жерде-ақ шешілді. Бұл – шынымен де халыққа керек әрі пайдалы бастама, — дейді ол ризашылықпен.
2016 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан бұл бастама аясында осы уақытқа дейін 10 000-нан астам заңгер мен сарапшы 300 000-нан астам адамға тегін көмек көрсеткен. Биылғы акция да сол сенім мен ықыластың жалғасы болды.
«Халық заңгері» – бұл тек кеңес беру емес, бұл – ел ішінде заңға деген сенім мен әділетке ұмтылысты күшейтетін нақты әрекет.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button