
Туған жердің тарланы – елорда төрінде
Кешегі ел үшін тер төккен, бүгінде ел алғысына бөленген атыраулық тұлғалар аз емес. Солардың бірі – ішкі істер саласында абыроймен қызмет атқарып, туған топырақтың ғана емес, тұтас елдің сенімін арқалаған жерлесіміз, полиция генерал-майоры Мұхаран Серікұлы Әміров.

Өткен аптада Астана қаласында Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты жиын өтті. Бұл – ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында еңбек еткен ардагерлерге арналған ерекше құрметтің белгісі. Жиынға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысып, ішкі істер саласының ардагерлеріне шынайы алғысын білдірді. Президент сөзінде бұл қызметтің маңызын, тәуекелі мен жауапкершілігін ерекше атап өтті. Қоғам тыныштығы үшін жанын шүберекке түйіп еңбек еткендерге осындай ілтипат – көптің көңілін елжіреткен бір сәт болды.
Сол құрметке бөленгендердің қатарында – Атырау облысында дүниеге келіп, ел үшін еселі еңбек еткен Мұхаран Әміров те бар. Ол – ІІ дәрежелі «Даңқ» ордені мен «Ерлігі үшін» медалінің иегері ғана емес, үш бірдей облыс – Атырау, Ақтөбе, Қызылорданың ішкі істер департаменттерін басқарған, министрлік деңгейіндегі жауапты қызметтер атқарған тұлға. Бұл – екінің біріне бұйыра бермейтін тағдыр.
Қарапайым ауыл баласы 1976 жылы Қарағанды жоғарғы милиция мектебіне оқуға түсіп, үлкен өмір жолына қадам басқан. Сол кезден бастап әділет пен адалдықты ту етіп, еліне қалтқысыз қызмет етті. Тергеу ісінің білгірі ретінде талай істің түйінін тарқатып, талайды әділетке жеткізді. Оның қызмет жолындағы адалдығы мен кәсібилігі 2010 жылы Үкімет қаулысымен арнайы тапаншамен марапатталуымен де айқындалды.
Бірақ оның өміріндегі ерекше бетбұрыстардың бірі – 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасы. Қазақтың санаулы ұлдарының бірі ретінде сол дүбірлі додада қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, ел мерейін асырып қайтқан. Ел абыройын асқақтатудың үлгісі осы емес пе?!
Бүгінде Мұхаран Серікұлы – еңбегімен елге сыйлы, сөзімен өнеге болар ақсақал. Ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, ізінен ерген әріптестеріне ақыл-кеңесін аямай келе жатқан ардагер. Оның жүріп өткен жолы – ұрпаққа үлгі, елге мақтаныш. Ендеше, елі үшін туған ерге елдің алғысы ешқашан сарқылмақ емес.
Майра ЕРҒАЛИ