Төтенше жағдай кезінде ойыны осылғандар да бар
«Атырау қаласында жағалауды нығайту үшін топырақ салынған қаптарды жымқырғандар ұсталды» деген хабар тараған соң, аталған мәліметтің жалған екенін, оны ақпарат көздерінен алып тастау қажеттігін сұрап редакцияға бір әйел адам хабарласты. Мәселеге байланысты облыстық полиция департаментіне жүгіндік. Департаменттің баспасөз қызметінің жетекшісі Мейірім Ердәулет қапшық ұрлады деп күдіктенген әлі бес адамның өз әзілінің құрбаны болғанын атап айтты.
–Өздерінің айтуларынша, олар – нығайту жұмыстарын жасаған еріктілердің бірі. Қазір Жайық өзені жағалауындағы салынған бөгеттерден қапшықтарды ұрлау туралы көптеген шағым түсіп, соған байланысты жағалау бақылауға алынды. Патрульдеу кезінде полицейлер көліктің жүксалғышына қапшықтарды салып жатқан адамдарды байқаған. Полиция қызметкерінің «не істеп жатырсыздар?» деген сұрағына олар «қапшықтарды үйлеріне апара жатырмыз» деп жауап қайтарған. Хаттамаға сай әрекет еткен полицейлер аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Оларға түсіндірме жұмыстары да жүргізілді, — дейді М.Ердәулет.
Айта кету керек, полиция департаменті қолданыстағы төтенше жағдай режиміне байыпты қарауды және осындай фактілерді болдырмау үшін өз жұмысын атқаратын сала қызметкерлеріне қатысты арандатушылықтарға жол бермеуді сұрайды. Қазір су тасқынының алдын алу мақсатындағы бөгеттер патрульдеу және бейнекамералар арқылы мұқият тексерілуде.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА