Төтенше жағдай: Атырау вокзалында мамандар газдан қорғану маскасымен жүр
Бүгін Атырау темір жол вокзалында күкірт қышқылы құйылған цистернада апат орын алып, салдарынан бір адам уланып, оқиға орнында жер қабатын зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Мұндай сценарий азаматтық қорғау күштері мен құралдарының жедел әрекетін пысықтау үшін ұйымдастырылды.
ТЖД Азаматтық Қорғаныс басқармасының бастығы, майор Бахыт Аблановтың айтуынша, мұндай оқу-жаттығулары барлық құрылымдар үшін үлкен тәжірибе.
— Жалпы, зиянды әсері бар улы заттар төгілсе, өз бетімен әрекет етуге болмайды. Ондайда дереу төтенше жағдайлар департаментіне хабарланады, жедел штаб құрылады. Жұмыс жоспары бойынша радиациялық химиялық қорғау звеносы апат болған аумақтағы ауа құрамы мен адамдардың зақымдануын зерделеп, эпицентрден 50 метр қашықтық радиусында қоршау жалауларын орнатады. Улы зат төгілген алаңды арнайы газдан қорғану маскасын киген мамандар зарарсыздандыруға кіріседі. Көбік шашылып, құм себіледі. Уланған адамды дереу жедел жәрдем көлігімен алып кету керек, — деген Б.Абланов оқу-жаттығу барысын түсіндірді.
Кешенді оқу-жаттығуға облыстық төтенше жағдайлар департаменті, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС «Батыс» филиалының Атырау қосалқы бөлімі, СЭС, Апаттар медицинасы орталығы, желілік полиция бөлімінің қызметкерлері қатысып, 150 адам мен 30 техника жұмылдырылды.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА