Жарнама
Құқық

«Тирандарға» тұсау салынды

Соңғы уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң қоғам тарапынан талқыланып, заң шығарушы органның қарауына бірнеше рет ұсынылғаны белгілі. Расында, ресми статистика әйелдер мен балалардың көп зардап шегетінін көрсетіп отыр. Жуырда ғана қабылданған әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы нормативтік-құқықтық актіге толықтырулар мен өзгерістер енгізілгенге дейін Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия қатыгездіктің алдын алу шараларын күн тәртібінен түсірген емес. Осыған байланысты біздің тілшіміз Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі, комиссияның Атырау облысы бойынша кураторы, «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия ӘДИЕВАМЕН тақырып төңірегінде әңгіме өрбіткен еді.

– Альфия Дәулетқалиқызы, жуырда ғана Президент өте маңызды құжатқа қол қойды. Енді қатаңдатылған заң баптары қоғамдағы қатыгездікті азайтуға ықпал ете ала ма? Ұлттық комиссия мүшесі, қоғам жанашыры ретінде пікіріңізді білдірсеңіз…

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен III Ұлттық құрылтайда: «Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатыгездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті, ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. Біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіз ортада өмір сүруі керек. Заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғамда заң үстемдігі болуы қажет», — деп атап айтты.

Расында, тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғам мен адамзаттың әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-мәдени проблемасына айналып отыр. Оның кез келген түрі әрбір отбасында кездесетіні жасырын емес. Қоғамда біреуді кемсіту мен қорқыту қалыпты жағдайға айналып қана қоймай, мұндай тұрпайы әркеттерге құлақ үйренді.

Осыған байланысты соңғы қабылданған Заң қоғам дертіне айналған бұл құбылыстың тамырына балта шабуға өз әсерін тигізеді деп ойлаймын. Бұл өзгеріс көптің көкейінде жүрген біраз сауалға жауап болып, бұқараны сілкіндіріп, зорлық-зомбылыққа төзбеушілікке ынталандыруға тиіс. Заңнама жазалау ғана емес, адамзатты бір арнаға бұрып тәрбиелеумен қатар, ақпараттық-ағартушылық функцияларды да атқарады.

Заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілгенге дейін денсаулыққа жеңіл зақым келтіру мен ұрып-соғу әкімшілік құқық бұзушылық ретінде саналатын. Түсінікті болу үшін айта кетейін, ұрып-соғу – денсаулыққа зиян келтірмеген, бірақ әлімжеттік әрекет. Енді бұлар қылмыстық құқық бұзушылық санатына ауыстырылды. Әуелі айыппұл салынады, кейін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Заңда абьюзерлерге психологиялық көмек көрсету мәселесі де қарастырылған. Бұл өте дұрыс. Өйткені, агрессорды қатыгездік жасауға не итермеледі? Меніңше, сұрақтың жауабын әріден қазбалап, адам жанын зерттеу керек.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөздің төркіні бекер емес. Отбасындағы кикілжің баланың психикасына әсер етіп, болашағына кесірін тигізуі де мүмкін. Мұның түп-төркіні отбасындағы тәрбиеде жатыр. Біз бір нәрсені қаперден шығармағанымыз жөн, қоғамдағы кез келген мәселе тәрбиеге келіп тіреледі. Бүгінгі бала – ертеңгі отағасы немесе негізгі тұғыры – әйел. Бізге тағылымды идеология мен саналы тәрбие жетіспейді. Бірақ бұл басқа әңгіме!..

Атырау облысында қазір облыстық комиссияның ұсынысымен агрессорлар үшін психологиялық кабинет ашылып, нәтижелі жұмыс басталды. Жалпы, адам баласын жамандыққа итермелеу оңай, тәрбиелеу қиын. Жаманат арқалаған жігіт те осы қоғамның бір мүшесі, өз арамыздан шыққан адам. Демек, оларды қайта тәрбиелеу – қоғам алдында тұрған мәселенің бірі.

Заңдағы негізгі басты өзгеріс – балаға қиянат жасағандар өмір бойына түрмеге тоғытылады. Соңғы жылдары ақпарат көздерінде бала өлтірген, зорлық жасаған қылмыстар жиілеп кетті. Кәмелет жасына толмағандарға жасалған кез келген қатыгездік кешірілмейтін қылмыс екені айтпаса да түсінікті.

Бұдан былай мұндай қылмыс жасаған адамның бұрын сотталған-сотталмағанына қарамастан, бірден ең ауыр жазаға кесіледі.

Жалпы, жантүршігерлік қылмыстар бұрын «жабулы қазан» күйінде қалып келді. Қазақтың «ұят боладысымен» жарияланбай қалғаны қаншама?! Енді осы заңдардың аясында балаларға жасалған аса ауыр қылмыстар ашық айтылады.

– Көбінесе әйелі күйеуіне материалдық тұрғыда бағынышты болса, ұрып-соғу деректері жиі кездеседі. Өйткені, ол әйел «баратын жерім жоқ, мені шиеттей бала-шағамен кім сыйғызады?» деп күйеуінің жуан жұдырығына төзіп жүре береді. Енді олар «күйеуім ұсталып кетсе, кім асырайды?» деп заңның қатаңдығынан үркіп отырмасына кім кепіл?

– «Әйелді ұрма – сағы сынады, баланы ұрма – бағы таяды» деген ата-бабамыз әйелді де, баланы да ұрмай-соқпай-ақ ақылмен басқара білген емес пе?! Есі бар еркек отбасының берекесін кетірмей, заңның қатаңдығын ескеріп жүреді деген пікірдемін.

Қазақ әйелдеріне тән мінез – көбінесе отағасынан көрген қорлығын сыртқа айта бермейді. «Бас жарылса, бөрік ішінде» деп қарайды. Ал, оған шыдамағандары оны жақын адамына, не анасына айтады. Қорлықтың шегіне жеткенде ғана әлдекімдердің ақылымен заң орындарына жүгінеді. Сөйтіп жүріп күйеуінің соққысынан өліп кеткен әйелдер қаншама?!

Отбасылық жанжалға себеп көп, соның бірі – ішімдік. Арақ ішіп, есін білмеген күйеуі әйелін өлімші етіп сабап тастағанын кеш түсініп жатады. Бір айта кетерлігі, отбасындағы осындай әлімжеттік әрекет сол үйдегі барлық адамға да кері әсер етеді.

Айта кетейін, жыл басынан бері Атырау облысында отбасылық-тұрмыстық сипаттағы 4 қылмыс тіркелген. Енді жәбірленуші арыз жазбаса да, құқық бұзушы жазаланады. Бұл жағдайда жанжал шығарған адам өз құрбанына психологиялық және физикалық тұрғыдан «арызыңды қайтып ал» дегендей қысым жасай алмайды.

Сондай-ақ қиындық көрген әйелге көмек көрсету үшін дағдарыс орталығына 26 адам орналастырылса, оның 7-уі әйел, 19 бала.

– Жаңа абьюзерлерге психологиялық ықпал ету жайында айтып қалдыңыз. Осы тұрғыда діни бірлестіктермен қоян-қолтық жұмыс істеп, рухани тұрғыдағы насихат жолымен тәрбиелеуге бола ма?

– Әрине, болады. Отбасына ойран салатындарды мұндай жолмен тәрбиелеу оң нәтижесін беруі мүмкін. Тек діни бірлестіктер өкілдерімен жұмыс істегенде олардың ұстанымдарына мұқият болу керек.

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі және «Samruk-Kazyna Trust» қорының директоры ретінде айтарым, біздің  қордың қолдауымен «One Stop  service – «Бір қадам» орталығы ашылып, жұмыс істеп жатыр. Орталық отбасылық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге көмек көрсетумен қатар, кәмелетке толмағандарға қатысты қатыгездік фактілерін анықтайды. Әйелдер мен балалар орталыққа хабарласып немесе өздері аяқтай келіп, тегін алғашқы бір жолғы заңгерлік және психологиялық көмек ала алады.

Расында, қазақ қоғамы құқыққа қайшы, мәселен, денсаулыққа жеңіл жарақат келтіру, ұрып-соғу, басқа да көптеген әрекетті осыған дейін «қылмыс» деп қабылдаған жоқ. Бірақ соңғы жылдары жағдайдың ушығуына байланысты қоғам оларға дұрыс бағасын берді, Президент заңдарға өзгерістер енгізді. Бұл елдің заманауи әділ қоғам болып қалыптасуы бағытында алға жасалған қадамның бірі деуге болады.

– Иә, өзгерістер енгізілді. Енді ол қалай жұмыс істейді деп ойлайсыз?

– Жұмыс енді басталады. Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне бастапқыда оңай болмайтыны белгілі. Өйткені, көпшілігі жаңа өзгерістерге дайын емес. Дегенмен «көш жүре түзеледі» деген сенім бар. Әйел құқығы аяққа тапталып, бала қауіпсіздігі бас қайғыға айналған шақта бұған бұдан әрі көз жұмып қарауға болмайтыны анық байқалып отыр. Демек қоғам жаңа заңға сәйкес әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылыққа жауапкершілік қатаңдатылғанын, отбасы институтын, жасы кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын жаңа нормалар енгізілгенін түсіну керек.

Заң азаматтық қоғам мен мемлекеттің өткір және өзекті мәселесін шешуге бағытталған сындарлы өзара іс-қимылының нәтижесі болды. III Ұлттық құрылтайда Президент отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты қоғам болып күресуді қажет ететін әлеуметтік проблеманың бірі ретінде атап көрсетті.

Президент қол қойған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң, шын мәнінде, мемлекеттің теңдік пен заң үстемдігі қағидаттарына басымдық беретінін, құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыратынын айқын көрсетеді. Ол туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл қаңтар айында: «…Мен Заң және Тәртіп қағидатын нығайтуды жақтаймын, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды қолдаймын», — деді.

Қайталап айтамын, заңдағы өзгерістер – қоғамды демократияландыру бағытындағы тағы бір қадам. Енді қалың бұқара болып, осы заңның мүлтіксіз орындалуына, отбасындағы бірлік-берекенің, ырыс-ынтымақтың нығаюына бір кісідей білек сыбанып атсалысу керек.

«Отан отбасынан басталады» дейміз, ендеше әу бастан келе жатқан отбасылық құндылықтарды жоғары қойған жөн. Әрқайсымыз «отағасы – отбасының тірегі, қорғаушысы, ана – шаңырақтың шырайы, берекесі, өскелең ұрпақ – өміріміздің жалғасы» деген қағиданы жадымызда ұстайық. Аналардың жүзі жарқын болуы, балалардың қауіпсіз ортада өмір сүруі – баршамызға ортақ сын, жауапкершілік екенін ұмытпайық, ағайын.

– Салиқалы сұхбатыңыз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button