Жарнама
Құқық

Терезеден құлаған бала оған кінәліні іздегеннен гөрі, өзіміз мұқият болғанымыз дұрыс

Өз баласының амандығын кім тілемейді дейсің, «үміт еткен көзінің нұрынан» мәңгілікке көз жазған ата-ананың зарын ешкімнің басына бермесін. Бірақ, баланың қолды-аяққа тұрмайтын тынымсыз тірлігін ескеріп, қандай да бір болуы мүмкін оқыс жайлардың алдын алуға болар еді дейсің. Үлкендер жоқта үйде қалған ересек ұл-қыздар емес, сәби жасындағылар болса газ, су, жылу көздерін тиянақтап кетсе, біраз отбасындағы бақытсыздық болмас па еді?!
— Бізде ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес, баласына қарамайтын, дұрыс тәрбие бермейтін әке-шешелерге айыппұл төлетуден бастап, ата-аналық құқынан айыруға дейінгі шаралар қарастырған. Олар — ішімдіктің, жеңіл өмірдің жетегінде кетіп, аналық, әкелік парызын мүлдем ұмытқандар. Ал, сіз келтірген мысалдар – кездейсоқ орын алған бақытсыз жағдайлар болып есептеледі. Бұл жерде үйдегі үлкендердің кінәсі жоқ. Онсыз да қайғыдан қан жұтып жатқанда оларды қалай жауапқа тартуға болады?! — дейді Атырау облыстық жасөспірімдер сотының төрайымы Балғаным Ахметова.
Облыстық балалар мен жасөспірімдер құқын қорғау жөніндегі департамент бастығының орынбасары Гүлфариза Ғұбашева өткенге көз жүгіртіп:
— Ол күндері де әке-шешеміз бізді бір-бірімізге сеніп тапсырып, сыртымыздан жауып кете беруші еді. Сірә, «Қазақ баланы біріне-бірін бақтыру үшін туады» деген сөз рас сияқты, жасы кішілеріне қарау үлкендерінің міндеті-тұғын. Онда қазіргідей көгілдір отын тартылмаған. Аналарымыз қазіргідей сәбиге бір жасқа дейін қарап отыру дегенді білген жоқ, баласы қырқынан шығар-шықпаста жұмысқа қосылып кететін. Құдай оңдап, бәле-жаладан аман өстік, — бір сәт балғын балалығын еске алды.
— Кейбір елдерде бала жазатайым оқиғаға ұшырағанда ата-анасын жауапқа тартатын заң бар. Алайда, отбасында бақытсыз жағдай орын алған кезде әке-шешеге кінә арту дұрыс емес те шығар. Бүгінгі шаңырақ иелері таңнан кешке дейін жұмыс істеп, отбасын асырау қамымен жүр. Буыны қатпаған баласына қарап отыратын шамасы жоқ. Әрі-беріден кейін сол баланың болашағы үшін шапқылап жүр. Ондайда бүйректен сирақ шығарып, «сен балаға қарамадың» дегеніміз қалай болады?! Тек қауіпсіздік пен сақтықты, мұқияттылықты есте ұстау керек, — дейді ол.
Айналып келіп, әңгіменің бір ұшы әлеуметтік ахуалға да жанасатынын аңғарамыз. Ережеге сәйкес, сәбилерді бір жарым жастан бастап ясли, екі жастан бастап балабақша тобына алуға болады. Мектепке дейінгі мекемелердің аса тапшылығы ясли жүйесін мүлдем жоққа айналдырған десе де болады. Балабақшаның өзіне «ілігіп» кету ата-аналардың көбісі үшін арманға айналғалы қашан?! Амал жоқ, күнкөріс қамы үшін жұмысқа шыққан үлкендер басқа амалы қалмағанда баланы сыртынан жауып жүре береді. Ендігі мәселе – оның жас шамасына қарай қауіпсіздігін қамтамасыз етуде екені рас. Бір ғана биыл емес, кішкентайлардың терезеден құлап кеткен оқиғалары бұрын да кездесіп жүр. Ендеше, көп қабатты үйде тұратын, балдырғаны бар отбасы терезесін торлап, балконын жабу сияқты амалдарды неге қолданбайды? Басқалай да қазылған шұңқыр бітелмей, бұзылған тамақ тасталмай (бұл тізімді жалғастыра беруге болады) тұра беруі мүмкін. Әлемді жаңадан танып-біле бастаған бала не нәрсеге де қызыққыш, әуесқой келеді. Сөйтіп, үлкендердің бейғамдығынан жаза басып қалып та жатады. Ақыры… орны толмас өкініш.
Қазірде «өз балаңды өскенше, немереңді өлгенше» дейтін дархан пейіл ата-әжелерге деген «сұраныс» өсіп тұр. Балаларына бас-көз болсын деп «ел жақтан» туысқан сіңлі-қарындасын алдыртып отырғандар аз емес. Одан басқа, бала күтушілері де таптырмайтын кәсіпке айналған. Өткен жылы Атырауда болған осындай жалдамалы қызметкердің пәтерді тонап кеткен, бұдан бірнеше жыл бұрын нәрестені құлатып алған оқиғалары баланы тапсыратын кісінің аса сенімді, ұқыпты, адал болуы керектігінен хабар береді. Қысқасы, баланың тамағы тоқ, киімі көк, оқуы озат болуын ғана емес, көлденеңнен аман болуын ойлап, сақтықты алдыңғы кезекке қойған артық етпейді. Баламыз сау, бауырымыз бүтін болғай!

Құралай ҚУАТОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button