ТЕМІРЖОЛ БОЙЫ тыныш па?
Магистральды желі бойындағы ірілі-ұсақты қылмыстардың ашылу деңгейі, ерекшеліктері және көптің алғысын арқалаған мамандық иелері жайында ІІМ көліктегі ішкі істер департаментінің Атырау стансасындағы ішкі істер желілік бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Бержан Өтеғалиев әңгімелейді.
-Теміржол бойының сақшылары қай аймақтарда әрекет ете алады? Біздегі қылмыстың ашылу деңгейі қандай?
— Атырау стансасындағы ішкі істер желілік бөліміне оңтүстікте Маңғыстау облысы Опорный стансасынан солтүстікте Ганюшкин стансасына дейінгі аумақ, сондай-ақ, Атырау халықаралық әуежайы қарайды. Бұрын желілік ішкі істер департаменті Ақтөбе қаласында болған. Қазірде еліміздегі көліктегі ішкі істер құрамы тікелей Астанадағы көліктегі ішкі істер департаментіне бағынады.
Жолаушылардың қауіп-сіздігін сақтау мақсатындағы іс-шараларымыз нәтижелі деп айта аламыз. 2014 жылдың бірінші тоқсаны бойынша біздің жұмысымызға «орташа» деген баға берілді. Уақытпен санаспай жұмыс істейтін қызметкерлеріміздің қол жеткізген көрсеткіштері көңіл тоғайтады. Айталық, былтыр желтоқсан айында Мақат стансасында темір жол жүк вагондарында ұрлық жасаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде қылмыстың беті ашылып, қозғалған іс сотқа жолданды. Бұдан басқа, есірткі таратудың алдын алу, болдырмау бойынша шаралар тұрақты әрі белсенді түрде өткізіліп келеді. Осы мақсатта халықаралық пойыздарды қалт жібермей тексеріп отырамыз. Жақында ғана дәріханаларда арнайы рецептімен берілетін «тромадал» дәрісін сатып жүрген екі адамды қолға түсіріп, допинг-есірткі тасымалының жолын кестік.
Тәртіп сақшыларының қырағылығынан болар, мұнайлы өңірде қазіргі таңда қайыршылықты, басқа да теріс әрекеттерді кәсіп етіп заңсыз жүрген шетелдік азаматтарды көрмей-міз деуге болады. Өткен жылы заңсыз жүрген 37 қытайлық ұсталып, ел аумағынан шығарылды.
– Бержан Германұлы, «по-йызда ұялы телефонымды жоғалттым» дегендерді жиі естимін. Қолды болған бұйымдардың табылып жатқаны жайлы деректер бар. Соған қарамастан, көпшілігі желілік полицейге шағымданып жатуға енжар қарайтын секілді.
— Мен сізге мынадай мәлімет берейін, теміржол бойындағы ұялы телефон ұрлығының 70-80 пайызы ашылып отыр. Бұл жерде қылмыстың ізін суытпай ашылуына кедергі келтіретін фактор – жолаушылардың затын жоғалтқанын дер кезінде аңғармауы. Әдетте, жолдың кей бөлігі байланыс аясынан тыс болады, ол жерлерде ұялы телефон «ұстамайды». Оның үстіне, жолаушының демалып жатуы мүмкін. Ал, қажет кезінде қоңырау шалмақ болған адам телефонын таппай, шыр-пыр болып қалады. Оны қай жерде жоғалтқаны да белгісіз. Әйтсе де, жолаушылар тәртіп сақшысына жүгіне бермейді дегенмен келісе қоймаймын. Қазіргі қоғамның өз құқықтарын жақсы біліп, керек жерінде қорғай бастағаны байқалады.
— Жолсерік тарапынан жасалған тәртіп бұзушылық қалай анықталады? Мәселен, «қояндарды» тиеп алып, қаннен-қаперсіз келе жатқан немесе вагонды адам төзгісіз күйде ұстаған жолсеріктің жазасын кім береді?
— Жолаушы тарапынан арыз түскен жағдайда жолсерік те тексеріледі. Олардың қаншалықты заңсыз әрекет еткенін «Қазақстан темір жолы» мекемесіне қарасты ревизиялық аппарат анықтайды. Жалпы, осы ревизиялық аппарат, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті, басқа да құзырлы органдар қатысқан теміржол бойындағы рейдтерге біздің тарапымыздан да қызметкер бөлінеді. Ерекше криминогенді саналатын бағыттарға құрамына бір офицер мен сержант қызметкерлер енетін серіктер жасағы ұйымдастырылады.
— Пойызда келе жатқан балаға қатысты құжаттар қатаң тексеріледі. Әрине, оның дұрыстығына ешкім шүбә келтірмес, бірақ, туу туралы куәліктің түпнұсқасын алып жүру, ата-әжесіне нотариалды куәландыру не үшін қажет деп ойлайтындар да бар болар?
— Бұл жерде ешқандай сұрақ туындамауы керек деп ойлаймын. Бала қауіпсіздігі бәрінен жоғары тұруы тиіс. Есіңізде болса, осыған дейін бірнеше бала ұрлау дерегі тіркелді. Былтыр Қостанайдан немерелерін заңсыз алып бара жатқан әйел азаматша Атырау аймағынан ұсталды. Ұл-қызына алаңдап, жанұшырған анасы полиция органына шағымданып, нәтижесінде, біздің қызметкерлер жедел әрекет етіп, әйелдің балалармен бірге шекара асып кетуіне жол бермей, қолға түсірді. Немерелерін заңсыз жолмен әкетпек болған әйел Атырауға дейін пойызбен қалай келген? Бұл көлденең табысқа қызығып, қылмысқа жол берген жолсеріктің кінәсі екені анық. Соған орай, оның үстінен қылмыстық іс қозғау жөнінде талап арыз бердік.
— Атырау стансасындағы ішкі істер желілік бөлімінде қызметін адал атқарып жүрген полицейлер аз емес. Солардың ішінен кімдерді атап көрсетер едіңіз?
— Қызметте белсенділік танытып, адал еңбектің үлгісін көрсеткен Таумен Нұрсұлтан, Қабасов Махамбет, Жеңіс Жанғазиев деген жігітте-рімізді марапаттау жөнінде Көліктегі ішкі істер департаментіне ұсыныс бердік. Сол сияқты, Саламат Әбдірахман деген тәртіп сақшысын да марапаттауды сұрап отырмыз. Ол биыл 4 қаңтар күні Жайық өзенінің ойығына түсіп кеткен адамның айқайлаған даусын естіп, суға кетуден құтқарып қалады. Көрер жарығы таусылмаған Әлімжан Дыбысов деген қала тұрғыны кейін алғысын білдіріп, Саламаттың ерлігі жайлы естіп-білдік. Әйтпесе, оның өзі тіс жарып ештеңе айтпаған болатын.
Міне, бізде халықтың тыныш та бейбіт өмірін бәрінен жоғары қойып, елдің күретамыры аталған теміржол бойындағы тыныштықты қалт жібермей қарап отырған осындай азаматтар бар. Олардың еңбегін елеп, есімдерін көрсету керек деп ойлаймын.
Құралай Қуатова.