Жарнама
Құқық

Тәуелсіздікпен бірге түлеген әскер

Мемлекетіміз жаңадан құрылған кезде еліміздің Қарулы Күштер, соның ішінде бұрынғы Ішкі әскерлер, қазіргі Ұлттық ұланды құру туралы маңызды шешім қабылданды.
Еліміз тәуелсіз ел болып жарияланғаннан кейін, 1992 жылғы 10 қаңтарда ең алғаш болып Құқықтық тәртіп әскері құрылды.
1992 жылғы 23 маусымда «Қазақстан Республикасының Ішкі әскерлері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Бұл құжат ішкі әскерлердің қызметтік-жауынгерлік әрекетінің негізгі нормативтік базасы болып табылады. Онда ішкі әскерлердің қызметі жан-жақты қарастырылған және халықаралық нормаларға сәйкес келеді.

2014 жылғы 21 сәуірде Қазақстан Республикасының Ішкі әскерлерін Ұлттық ұлан болып қайта құру туралы Жарлыққа қол қойылды. Ал 2015 жылғы 10 қаңтарда «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» заң қабылданды.

Аталған заң аға буын сабақтастығын сақтай отырып, Ұлттық ұланның азаматты, қоғамды, оның құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан қорғауға бағытталған Ішкі әскерлердің даңқты дәстүрлерін жалғастырушы екенін білдіреді. Бүгінде Ұлттық ұлан жедел әрекет етуге қабілетті, заманауи техникамен жабдықталған қуатты әскери құрылымға айналды.

Қазір Ұлттық ұлан жауынгерлері күн сайын қырағылық пен шешімділік таныта отырып, азаматтардың тыныштығын күзету қызметін атқарып келеді. Сондай-ақ олар қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесіп, табиғи зілзалалар, өрт және апат кезінде жедел көмек көрсетеді.

Ұлттық ұлан сапында жауынгерлік қызметті абыроймен атқарып, өз өмірін қауіп-қатерге тіге отырып ерлік көрсеткен офицерлеріміз де аз емес.

2022 жылғы 5 қаңтарда еліміз қиын әрі қауіпті жағдайға тап болған кезде Ұлттық ұланның жеке құрамы алғашқы күндерден бастап елдегі жаппай тәртіпсіздіктерге қарсы тұрып, Қазақстанның конституциялық құрылымын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда батылдық пен табандылық танытты. Құқық қорғау органдарымен бірлесіп, елдегі заңдылық пен тәртіпті орнатуға үлкен үлес қосты.

Жаппай тәртіпсіздік кезінде Ұлттық ұлан сарбаздары қоғамдық тәртіп пен бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін ерлікпен қорғап, осы күрделі сәтте қиындыққа мойымай, қасқайып қарсы тұрды. Сол бір сын сағаттарда ұландықтар ерлік пен қайсарлықтың, жанқиярлықтың жарқын үлгісін көрсете отырып, Қазақстан халқына және Әскери антқа адал екенін дәлелдеді.

Бүгінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілері игілікті, күрделі әрі қауіпті қызметті абыроймен атқарып келеді. Ұлттық ұланның «құқықтық тәртіп әскері» атануы бекер емес. Өйткені ол азаматтардың құқықтарын қорғауға және кез келген уақытта көмекке келуге әрқашан дайын.

Осы қасиеттері үшін де Ұлттық ұлан әскері еліміздің азаматтарының зор алғысына ие болып, құрметке бөленіп келеді.

Жандос ҚҰЛБАЕВ,

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының басқарма бастығы,
полковник

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button