Жарнама
ҚұқықСарапTime

«Тәртіпке бағынған халық құл болмайды» деген…

Президент биыл екінші рет халыққа Жолдау жасап отыр. Бұл жолы да ол заң үстемдігіне баса назар аудару қажеттігін айрықша атап өтті. Өйтпегенде ше? Жақында ғана біз Ата Заң күнін ел тарихындағы екінші референдумнан кейін алғаш рет атап өттік.

«Қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет. Осыған орай, қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау керек» деді Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауда. Өте дұрыс айтылып отырған сөз.

АЛДЫМЕН, Қазақстан зайырлы демократиялық мемлекет болып қалыптасудың жаңа кезеңіне аяқ басып отыр. Біз Тəуелсіз, Бостандықты аңсаған жəне Еркін мемлекетте өмір сүріп жатырмыз ғой. Бірақ, бұл айналада болып жатқан құбылыстарға көз жұмып қарау дегенді білдірмейді. Қайта, қандай қылмыс түріне де қарсы күресті күшейте түсуіміз керек. Ал, ел арасынан естіліп қалатын «бізде заң жұмыс жасамайды» деген сөзге келсек, бұл – біржақты пікір. Бізде адам құқының барлық заңды нормалары Ата Заңда бекітіліп, іс жүзінде қолданылып жүр. Мəселен, сөз жəне баспасөз, ар-ождан, дін бостандығы, адамдардың еңбек ету, оқу мен білім алу құқығы жəне тағы басқа. Мемлекет осының бəрімен қамтамасыз етіп отыр. Бəрін айт та, бірін айт, біздің халық биыл өз таңдауын жасады. Бұл – Жаңа Қазақстан!

ЕКІНШІДЕН, биылғы Конституция күнінің мəні бөлек. Себебі, оған жаңа өзгерістер мен түзетулер енізілді. Олар халықтың қолдауымен референдум өткізу арқылы қабылданды. Оны жүзеге асыру басталып та кетті. Бірақ, оған баға беруге əлі ерте. Жаңа заң нормалары Парламенттің шешімін күтуде. Алдағы уақытта бізді үлкен саяси науқандар мен байыпты бастамалар күтіп тұр. Бұл біздің өмірімізге, əлеуметтік-экономикалық жəне қоғамдық-саяси дамуымызға оң ықпалын тигізеді деген сенімдемін, ол – аксиома. Қазақ халқында «Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы» деген сөз бар. Осының өзі біздің əр кезде дұрыс таңдау жасай білетін, ел басына күн туғанда мемлекеттік мүддені, ар мен намысты бірінші орынға қоятын халық екенімізді білдіреді. Бұл қағида қазір де өзгерген жоқ. Бүгінгідей күрделі геосаяси жағдайда мемлекет басшысы мен оның саясатына қолдау таныту – соның айғағы. Мəселен, шекара тұтастығы мен Тəуелсіздік мəселесіне келгенде саясатымыз айқын. Біз ешкімнің жеріне көз тікпейміз, бірақ өзіміздің кең-байтақ жеріміздің заңды шекарасын қорғай алатынымызды дəлелдеп келеміз. Оны жуырда ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сочи қаласында өткен жиында тағы бір мəрте шегелеп айтты. Біздің халық заңды сыйлайды, тəртіпке бағынады жəне өз таңдауын жасай алады. Тарихта да солай болған. Мəселен, «Жеті жарғы» заңдары сол кездің өзінде халқымыздың данышпандығын дəлелдеген. «Тəртіпке бағынған халық құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы тегін айтпаса керек.

ҮШІНШІДЕН, Конституцияға енгізілген өзгерістер – заман талабы. Олар еліміздің жаңа кезеңге аяқ басқандығын білдіреді. Яғни, мемлекетіміз əлеуметтік теңдік пен бостандықты орнатуға нақты бет бұрды деген сөз. Алайда, əлі де жаңа экономикалық саяси даму жағдайында өзгерістер қажет. Осы орайда менің де Ата Заңға қосар ұсыныс-тілектерім бар. Мəселен, экономикамыздың дамуына сəйкес, жалақы мен зейнетақыны индексациялау мен реттеу заңда қарастырылса жақсы болар еді. Екіншіден, ел азаматтары жер қойнауынан түскен байлыққа иелік етсе, нұр үстіне нұр. Сонда əр азаматқа сол байлықтың бір бөлігі тиер еді. Ол үшін мұның бəрі заңмен бекітілуі қажет. Бұған еліміздің қаржылық жағдайы жетеді деп ойлаймын. Сондай байлықтың біраз бөлігі өзіміздің Атырауда өндіріліп жатыр. Алайда, оның зиянын жергілікті халық тартып жатыр. Зияны деп экологиялық зардабын айтып отырмын. Əлемдік тəжірибеге сүйенетін болсақ, экологиялық күрделі аймақтарда тұратын азаматтарға мемлекет тарапынан ерекше қамқорлық көрсетілуі керек. Кеңес өкіметі кезінде де Атырау мен Маңғыстау тұрғындарының жалақысына қосымша пайыз төленіп тұрды. Ал, қазір осыны неге енгізбеске? Бұл аймақтың дамуына үлкен стимул мен тың серпін берер еді. Кейбір мұсылман елдерінде Конституцияның орнын Құран басқан. Ел арасында да, əсіресе, қылмыстық деректер күрт көбейіп кеткен кезде «Құраннан артық заңдар жинағы жоқ» деп айтылып жатады. Біздің ата-бабаларымыз кезінде көшпенді өркениет пен дала демократиясына бейімделіп, ислам дінін таңдаған болатын. Рас, біз жүрегінде иманы бар мұсылман халықпыз. Əйтсе де, толықтай шариғатты қабылдау біздің ділімізге қаншалықты сəйкес келеді? Біз бұған жауап іздеп көрдік пе? Ислам діні үлкен идеологиялық трансформациядан өтті, əлі де өтіп жатыр. Діннен бұрын санамыздағы ескі феодалдық, орта ғасырлық, көне архивистикадан арылуымыз керек деп ойлаймын. Дүние жүзінің ең прогрессивті технологияларын меңгеруге ұмтылуымыз қажет. Прогресс бар жерде даму бар. Жастар білім мен ғылымға асығуы керек қой. Данышпан Абай атамыз айтқандай, «жасымда ғылым бар деп ескермедім, пайдасын біле тұра тексермедім»… Бүгінгінің жастары өте білімді болуы керек. Əйтпесе, жаңа технологиялар мен инновацияларды кім дамытады? Ендеше, сол көштен біз де қалмауымыз қажет.

Сайполла САПАНОВ,

тарих ғылымдарының докторы

(Сұхбаттасқан Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ)

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button