Тұрғындар алдындағы есеп жергілікті полицияға сенімді арттыра түсті
Жергілікті полицияның жаңадан құрылғанына көп уақыт өткен жоқ. Дегенмен, құрылымның қызметі қазірдің өзінде нәтижесін көрсете бастады. Бұл туралы Атырау қаласындағы жергілікті полицияның тұрғындармен кездесуінде айтылды.
Жергілікті полицияның бұрыннан бар құрылымнан басты ерекшелігі – халық алдында есеп беретіндігінде. Сондықтан, Атырау қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторлары Нұржан Теміров, Әнуар Оспанов пен Есенжол Есенғалиевтер жасаған жұмыстарын баяндаумен бірге, жұртшылықтың сауалдарына да жауап берді. Мәселен, көпқабатты үйлердің дәліздеріне қоқыс тастап кететіндер аз емес екен. Беймезгіл уақытта арақ-шарап сататын сауда орындары да табылады. Сонымен қатар, тіленіп ақша сұрап, көпшіліктің мазасын алатындар көбейіпті, қаңғыбас иттер де жүрген адамға қауіп келтіреді. Ал, қала тұрғыны Майра Ғұбайдуллинаны учаскелік инспекторлардың өз міндеттерін жаяу жүріп атқаратындығы толғандырады екен. Оған жергілікті полиция қызметінің басшылары «атқарушы орынның көмегімен бұл мәселе шешімін тауып жатыр» деп жауап берді. Яғни, бұрыннан бар техникаға қоса 15 жаңа автокөлік алынып, оның саны қазір 27-ге жеткен. «Бүгінде учаскелік инспекторларды жиі көретін болдық. Олар біздің өтініштерімізді аяқсыз қалдырмауға ұмтылады» дейді қала тұрғындары.
Толық нұсқасын газеттен оқи аласыз.