Жарнама
Құқық

«…Сынақтан өтпей қалдың!»

Еңбек заңында жұмыс берушінің де, жұмысшы-қызметкердің де құқығы тайға таңба басқандай көрсетілген. Десек те, заңсыздықпен жиі кездесетін кейбір  еңбеккерлеркімге барып, шағынарын білмейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары республикадағы 277 кәсіпорынның 18,7 мың жұмыскеріне 4,4 млрд. теңге көлемінде жалақыға берешегі барын анықтаған. Республика бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде 33 мыңнан аса жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды.

Жоғары жалақы             арман ғой…

Егер қызметкердің еңбек құқығын жұмыс беруші жиі бұзса, жалақыны уақытында төлемесе, қарамағындағы адамды жұмыстан заңсыз шығарса еңбек инспекциясы көмек көрсетеді. Еңбек келісім-шартының жасалмауынан мұндай жағдай жиі кездеседі екен. Сала мамандары «құрылыс, қоғамдық тамақтану орындарында, сауда орталықтарында еңбек заңдылығы жиі бұзылады» дейді. 

– Әрине, заңды түрде ресімделмеген еңбек қатынасы кейін жұмыс берушінің түрлі қитұрқылыққа баруына жол ашады. Бұлай деуіме қоғамдық тамақтану орындарындағы заң бұзушылықтар дәлел. Мәселен, олар жастарды даяшылыққа сынақ мерзімімен қабылдап, бір аптадан кейін «сынақтан өтпедің» деп шығарып жібереді. Шындығында, жұмысшылар басшылықтан келісім-шартты талап етпейді. Өйткені, көпшілігінің несиесі бар, алимент бойынша борышы көп немесе банк картасы бұғаттаулы болуы мүмкін. Мұның соңы түсінбеушілікке, заңбұзушылыққа апаратыны жасырын емес.

Жұмысқа қабылдау барысында жұмыс беруші міндетті түрде еңбек шартын жасауы тиіс, онда сынақ мерзімі туралы талаптар да енгізілуі мүмкін. Одан бөлек, жұмыс беруші еңбеккерді атқаратын қызметі бойынша нұсқаулықпен таныстыруға міндетті. Кездескен келеңсіз жағдайда дер кезінде әрекет ету үшін «1302» қауырт желісіне хабарласу керек, — дейді облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіров.

Сондай-ақ еңбек қатынастарының екі тарапқа да тиімді болуын қамтамасыз ету мақсатында ұжымдық шарттың жасақталуы міндетті. Бұл құжаттың еңбек ұжымының әлеуметтік талаптарын (демалыс ұзақтығы, материалдық көмек және т.б.) айқындауға себепкер болатыны даусыз.

–Еңбеккерлер инспекцияға заңсыз қызметтен қуу, жалақыны уақытында төлемеу, еңбек демалысын уақытылы ұсынбау, жұмыс уақытын сақтамау, яғни жазбаша келісімсіз қызметкерден артық жұмыс істеуін талап ету, себепсіз тәртіп жазасын тағайындау сынды мәселелер бойынша жүгіне алады. Инспекторлар осы мәселелерді қарап, зерделеу жұмыстарын жүргізеді, — деген басшы еңбек құқығы бұзылса, инспекцияға жүгінуге болатынын түсіндірді.

Мемлекет басшысы жалақы төлеуде теңсіздікке жол бермеуді тапсырғандығы белгілі. Осы орайда аталған мәселе еңбек инспекциясының күн тәртібінен түскен емес. Олардың айтуларынша, бірқатар кәсіпорын-мекемелер инфляция жағдайын ескеріп, шарықтаған бағаны есепке алып, жалақыны өсіруге ынталы емес. Сондай-ақ жалақыны көтеру, мерзімінен кешіктірмеу, міндетті әлеуметтік аударымдарды төлеу, өндірістік жарақаттардың алдын алу мәселелері өңірлік үшжақты комиссия отырысында тұрақты талқыланады.

Еңбек шарты –                   басты құжат

– Еңбек келісім-шарты – қызметкер мен жұмыс беруші арасында жасалған құжат. Екеуара міндеттері мен құқықтарын айқындайды. Ол міндетті түрде жасалуы керек және бір данасы қызметкердің қолында болуы тиіс. Бұл – екі тарап арасындағы келісімнің дәлелі. Ертең жұмыс беруші өз міндетін орындамаса, осы келісім-шартты негізге ала отырып, әр тарап өз құқығын қорғайды, — дейді облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, заңгер Рысты Қалиева.

Заңгердің айтуынша, жұмысқа тек қана еңбек шартына қол қойылғаннан кейін кірісу керек. Егер де жұмысқа орналасқаннан кейін еңбек шарты жасалмаса, ол адамның еңбек құқығы бұзылғанын мемлекеттік органның да, соттың да растап, қорғап қалуына мүмкіндігі болмайды.

Сондай-ақ еңбек шартына қол қоярда негізгі ережелерге назар аударылады. Ең бірінші, келісім-шартты мұқият оқып шығу керек. Түсініксіз болса, заңгердің не өзге құқықтық сауаты бар адамның көмегіне жүгініп, еңбек шартын талқылағаны жөн. Қазақстан заңнамасы негізінде әр салаға байланысты белгіленген уақыт мерзімдері бар, вахталық (ауысымдық) қызмет немесе түнгі уақыт болса да, қосымша төленетін ақысынан бастап барлық шарты заңнама аясында жазылуы керек. Мысалы, негізгі жұмыс мезгілінен тыс қосымша жұмыс жасаса және демалыс-мерекелерде төленетін үстемеақы күндік табыстан бір жарым есе артық болады. 

– Еңбек шартының нормасы заңға қайшы болса, жұмысшы еңбек шартынан бас тарта алады. Көп жағдайда еңбек шартында ақы төлеу, еңбек демалысының мерзімі көрсетілмейді, тынығу уақыты толығымен белгіленбейді, дұрыс қарастырылмайды. Келісім-шартта көрсетілген жалақы мөлшері уағдаласқан жалақыдан аз болмауы керек. Өйткені, кейде сотқа тірелетін жағдайда, жалақыны өндіріп алу қиынға соғады. Себебі, сот мекеме есепшілерінде ресми тіркелген соманы ғана өндіріп бере алады. Сонымен қатар, мұндай жағдайда төлемге қабілетті екенін де растау қиын болады. Мысалы, несие рәсімдеу кезінде, — деп түсіндірді Рысты Ерсейітқызы.

Еңбек шартының қолданылу мерзімі өтіп кетсе, сондай-ақ, тараптардың ешқайсысы соңғы жұмыс күні ішінде еңбек қатынастарын тоқтату туралы хабардар етпесе, Еңбек кодексінің 51-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, ол дәл сол мерзімге ұзартылған деп есептеледі. Бұл мәселеде ескерерлігі, белгілі бір мерзімге жасалған еңбек шарты екі рет қана ұзартылады. Еңбек қатынастары жалғастырылған жағдайда шарт белгіленбеген мерзімге жасалған болып саналады. Ал, еңбек шартын жасамаған немесе тиісті түрде ресімдемеген жұмыс беруші заңда көзделген тәртіппен жауаптылыққа тартылады.

Жұмыс болған соң өмірде түрлі жағдай орын алып, нәтижесінде еңбек дауы туындауы мүмкін. Заңгердің сөзіне сүйенсек, еңбек дауы ұжымдық немесе жеке сипатта болады. Мұндай даулар заң талабына орай, тараптардың келісімімен келісім комиссиясында немесе сот тәртібімен қаралады. Келісім комиссиясы негізінен мекеменің кәсіподақ ұйымының бастамасымен құрылады. Бірақ, оның құрамына жұмыс берушілер мен қызметкерлердің, яғни, екі жақтың өкілдері саны жағынан теңдей кіреді. Жұмыскердің өкілдері ұйымның жалпы жиналысында сайланса, жұмыс берушінің өкілін мекеме басшысы тағайындайды.

– Келісім комиссиясының құрамынан төраға мен хатшы сайланады. Арыз берушінің өтініші берілген күннен бастап үш күн ішінде қаралуы тиіс. Келісім комиссиясы қарау нәтижесінде қабылдаған шешімді арызданушыға береді. Арыз комиссия тарапынан қанағаттандырылған жағдайда ондағы талапты қарсы тарап үш жұмыс күнінде орындауға міндетті. Қызметкер келісім комиссиясының шешімімен келіспесе, үш айдың ішінде еңбек дауы бойынша сотқа арыздана алады, — деді Р.Қалиева.

Қалай десек те, еңбек адамының мүддесі мен еңбек қауіпсіздігі мемлекеттің ұдайы назарында болатынын ұмытпаған жөн. Жоғарыда айтқан қызметкер құқығының бұзылмауы үшін еңбек инспекторлары мен заңгерлер жұмыс берушілерге де, қызметкерлерге де құқықтық көмек көрсете алады. Заң талабын білу еңбеккердің өз құқығын қорғауға мүмкіндік береді.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button