
«…Сұрайын дегенім?!»
Жарты жылда Атыраудағы кеңес беру орталығында 1500-дей адамға тегін құқықтық көмек көрсетілді. Келушілер азаматтық, әкімшілік, еңбек, отбасы, қаржылық, жер және қылмыстық құқық салалары бойынша кеңес алды. Тұрғындардың көбі неке бұзу, алимент өндіру, балалармен кездесу тәртібі, мүлікті бөлу, еңбек даулары, тұрғын үй кезегі, электронды цифрлық қолтаңба, медициналық қызметке байланысты шағым түсірген.
– Жыл басынан бері 449 адам тікелей қабылдауда тегін құқықтық көмек алды. Облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған сотпен бірлескен жұмыс нәтижесінде ажырасуға өтініш берген 268 жұптың 52-сі татуласуға шешім қабылдады, — деді Ақпараттық құқықтық кеңес беру орталығының заңгері Бауыржан Балмағамбетов.
Кеңседегі қызмет облыс орталығымен шектелмейді. Қаңтар-маусым аралығында Атырау қаласынан бөлек 12 елді мекенде 200-ден астам азаматқа құқықтық көмек көрсетілді.
Құрылым екінші жартыжылдықта Атырау қаласы мен аудан орталықтарында Ашық есік күндері мен көшпелі қабылдаулар өткізбек. Сонымен қатар мектептерде ата-аналар мен оқушыларға арналған жанжалсыз қарым-қатынас тақырыбында сабақтар, ал кәсіпорындар мен ауылдық жерлерде жас отбасыларға арналған тренингтер ұйымдастыруды әрі жылжымалы психолог кабинеттерін іске қосуды жоспарлап отыр.