Сұлтан Саясатұлы – үздік полицей
Полиция қызметі – қоғамдағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ететін елдегі аса маңызды құрылымдардың бірі. Тәртіп сақшыларының кәсіби біліктілігі мен сертіне беріктігінің арқасында қоғамда тұрақтылық қалыптасуда. Ал, қаланың тыныштығын қамтамасыз етіп, жол қауіпсіздігін бақылап, ел ішінде тәртіпті жіті назарда ұстауда 8 жылдан аса қызмет етіп келе жатқандардың бірі – Атырау қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы, полиция капитаны Сұлтан Саясатұлы.
Көшедегі тыныштықты күзетіп, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін патрульдік полицей бір күнде сан түрлі жағдайды бастан кешіп жатады. Кейде өміріне қауіп төнген сәтте де қайсарлық танытып, жылдам әрекет етуі шарт. Әрбір патрульдік машина өз әкімшілік аумақтарына бөлінеді, ал полиция қызметкерлері арнайы көліктерін тексеріп, жұмысқа дайындықтарын жасайды. Күнделікті жұмыстарында олар арнайы құрал-жабдықтарды, рацияларды, жол қозғалысы ережелерін бақылауға арналған құралдарды алып жүреді.
Патруль қызметкерлерінің назары көлік айдағандар мен көшеде жүрген тұрғындарда болғанымен, Жедел басқару орталығының радиоқабылдағыш арқылы берген хабарландыруларына әрдайым құлақтарын түріп отырады. Тұтқиылдан құқық бұзушылық орын алса, тәртіп сақшылары оқиға орнына жедел баруға міндетті.
–Біздің жұмысымызда планшеттің атқаратын қызметі көп. Қазір көлік жүргізушісін тоқтатуға тура келді. «Көлікте қауіпсіздігіңіз үшін белдік тағу өте маңызды. Кейбір адамдар белдік тағудың маңыздылығын мүлдем ұмытып кетіп жатады. Әр адам қоғам алдында жауапкершілік танытуы қажет. Енді жол ережесін бұзбайсыз деп үміттенеміз. Жолыңыз болсын!» – деді тәртіп сақшысы «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізу кезінде.
Полиция капитаны азаматтармен үнемі байланыста болады. Ол күндіз жол қозғалысындағы тәртіпті бақылап қана қоймай, көлік жүргізушілерін тоқтатып, оларға құқықтық кеңес береді. Ал, кешкі уақытта оның жұмысы күрделене түседі. Қалада тыныштық пен тәртіпті сақтау үшін ол бірнеше сағат бойы көшелерде патрульдеп, рейд жүргізеді. Қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін түнгі кезекшіліктегі полиция қызметкерлері көбіне қаланың қараңғы аудандарын тексереді.
–Заң мен қоғамның біртұтас екенін және сол тұтасқан ортада азаматтардың қауіпсіз өмір сүруі әрбіріміздің ортақ байлығымыз. Менің басты ұстанымдарым – адамдарға құрметпен қарау, адалдық және көмекке мұқтаждарға қолдау көрсетуге ұмтылу. Әр жағдайда әділ және адамгершілікті шешім табуға болатынына сенемін, — деді Сұлтан Саясатұлы.
Қаланың жол қозғалысы қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртібін қамтамасыз ететін патрульдік полиция қызметкерлеріне осылайша үлкен жауапкершілік артылған. Полиция қызметін таңдағанына еш өкінбейтін Сұлтан Ішкі істер саласындағы қызметін абыроймен атқарып, ел алғысына бөленуде.