ҰСТАЗЫНА ҚАРАП ШӘКІРТ ӨСЕДІ
Қай кезеңде де мұғалімге ауыр міндет, үлкен жауапкершілік жүктелген. Ол сабағын мазмұнды етіп өткізіп, шәкірттің санасына білім нәрін себуі тиіс. Сонымен қатар, ұстаз сабақ кезінде баланың денсаулығына, үйіне аман-есен баруына жауап береді. Жоғарыда аталған жағдай керісінше болғанын көрсетіп отыр. Оқушылардың қолына гранатаны берген адамның ұстаздық білімі жоқтығы өз алдына, оның адамның өміріне соншалықты жеңіл қарайтындығы қайран қалдырады. Ол осы күнге дейін оқу орнында қалай қызмет жасап келген? Менің ойымша, мектептердегі алғашқы әскери дайындық пәнін кез келген адам бермеуі керек. Оның ең алдымен, педагогикалық маман болуы міндетті. Біздің облыста мұндай кадрларды Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті дайындайды. Бұл аз секілді. Студенттерді әскери мамандыққа толығымен әзірлейтін ұстаздар, әскери профессорлық мамандар мен әскери оқу әдіскерлерінің жоқтығын осы орайда айтуға болады.
2005 жылы Астана қаласында алғашқы әскери дайындық пәніне қатысты жиын өтіп, әр облыстан бір адамнан шақыртып, оған Атыраудан мен барған болатынмын. Сол сапарымызда аталған пәнге қатысты материалдарды дайындауға өз үлесімізді қостық. Нәтижесінде, алғашқы әскери дайындық пәніне қажетті кітапқа жаңа бағдарламаға сәйкес толықтыру енгізілді. Мұнда әскери мамандықты қалай беруге, шәкіртке қалай ұғындыруға болатындығы толығымен жазылған. Жалпы, аталған пәннен дәріс беретін ұстаздың өзі мектепте әскери киім үлгісімен жүруі міндетті деп ойлаймын. Сымдай тартылған денесіне қарап, оқушылардың оған еліктейтіндігі кәміл. Мұны өзімнің өмірлік тәжірибемнен айтып отырмын. Ұстаз ең алдымен шәкіртін жақсы көруі, бауырына тарта білуі керек. Осындай мейірімділік оқушының өмірде оң жолға түсуіне септігін тигізеді. Өзім ұстаз болып жүргенде көптеген полковниктерді шығардым деп кейде мақтанып қоямын. Мысалы, Нұрым Оразбаев – қазір облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полковник. Мұхтар Әзімов деген шәкіртім ауған соғысына қатынасып, өзінің әскери борышын адал атқарды. Жайшылық Каметов те – мақтаулы шәкірттерімнің бірі. Мұның бәрін шындығында, мақтану үшін емес, қалауын тапса, қар жанатынын, ел арасында осындай абыройлы азаматтарымыз бар екендігін ұғындыру үшін айтып отырмын.
Колледжде болған жарылыстан бері мен өз- өзіме келе алмай жүрмін. «Мұның себебі неде? Мұғалімнің адам өміріне соншалықты жеңіл қарауы неліктен?» деген сауалдар күннен-күнге мазамды алады. Байқауымша, біз алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беретін мұғалімдерге талапты төмендетіп алған секілдіміз. Әскерде қызмет етіп, қару-жарақтың тілін игермеген, кеше ғана оқу орнының қабырғасынан шыққан өрімдей жас кейінгі ұрпаққа қалай тәлім береді? Осыны ойладық па? Немесе, өз ісіне салдыр-салақ қарап, осы пәнді әйтеуір өткізгеніне риза болып жүргендер де табылатыны анық.
Ендеше, айтарым, «оқиға Алматының көп колледждерінің бірінде орын алды ғой, бізге қатысы жоқ» деп жайбарақат отырмай, оның алдын алу үшін күш салайық.
Ерболат ДӘУЛЕТҚАЗИЕВ,
жоғары санатты ұстаз,
Білім беру ісінің Құрметті қызметкері.
Атырау қаласы.