Жарнама
Құқық

Ширек ғасыр – ширығу жолы

«Ер – елінің айбары, ел – ерінің қайраты» дейді дана халқымыз. Осы бір қасиетті қағиданы ту еткен Атырау қаласындағы Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери-техникалық мектеп биыл ширек ғасырлық мерейлі белесіне көтерілді. Жиырма бес жыл – адам ғұмырымен есептесек, жігіт жасы. Ал бұл мектеп үшін – мыңдаған түлектің тағдырына жол ашқан, ел қорғауға бейіл ерлерді тәрбиелеген тұғырлы тарих.

Аталмыш мерейтойға орай өткен салтанатты шарада Атырау филиалының бастығы, полковник Рымбек Тұрсағатов құттықтау сөз сөйлеп, мектептің қалыптасу кезеңі мен жетістіктеріне тоқталды. Салтанатты жиында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, полковник Эльдар Шынғалиев қатысып, мектеп ұжымын мерейлі сәтімен құттықтады.

Мектеп басшылығы кезінде осы ұжымда еңбек еткен ардагерлерге – Сейтжан Дүйсекенов, Нұрым Бисембиев, Нұрлан Аекешов, Самат Шукатиров және басқа да сала ардагерлеріне Алғыс хат табыстап, құрмет көрсетті.

Салтанатты сәтте төтенше жағдайлар департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы, кезінде осы мектепте әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі директордың көмекшісі қызметін атқарған Сейітжан Дүйсекенов жүрекжарды пікірін білдірді.

– Бұл мектеп – ел қорғайтын ер тәрбиелейтін киелі орда. Мен бұл ордамен біраз жыл бұрын қызметтік жолмен табыстым. 2015–2017 жылдары осы филиалдың сол кездегі басшысы Марат Рахмановтың шақыруымен әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі директордың көмекшісі – немесе әскери тілмен айтқанда «замполит» болып қызмет атқардым. Әр күн – ұранмен, саппен, сарбаздың салмағымен өрілген. Сол күндер әлі көз алдымда. Бүгін көп жыл бұрынғы таныс табалдырықты қайта аттап, рухани жақын ортаға қайта оралғандай болдым. Сап түзеген жастар мен тиянақты тәртіп, салмақты салтанат – бәрі де дәстүрдің үзілмей келе жатқанын дәлелдеді, — деген Сейтжан Хисанұлы мектеп ұжымына «Әскери жәдігер» кітабын тарту етіп, мектеп кітапханасына рухани мұра қалдырды.

Иә, бұл оқу орнының өзгешелігі – 40 күн ішінде бозбаланы азамат етіп шығара білуінде. Маңғыстау мен Атырау өңірінен келген жас жігіттер осы мектепте әскери машық пен темірдей тәртіпке төселіп, ел алдындағы парыз бен патриоттық рухты жүрекпен сезініп шығады. Бұл – тәртіп пен тәрбие қатар өрілген шынайы өмір мектебі.

«Қырық үйден тыйым көрмеген бала – қырық рулы елге сөз айта алмайды» дейді қазақ. Ал бұл мектептен тәрбиеленген талай бозбала бүгінде елдің әр саласында абыроймен қызмет етіп жүр. Олардың бойындағы Отанға деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік – осы орданың ерен еңбегінің жемісі.

Тарихы терең, тағылымы мол бұл мектеп алдағы уақытта да елге қызмет ететін жастарды тәрбиелеу ісін абыроймен жалғастыра берері сөзсіз. Өйткені, «Бесігіңді түзе – болашағыңды түзейсің» деген ұлағатты сөздің мәнін терең ұққан бұл ұжым тәрбиені тәртіппен ұштастырып, болашақ сардарларды тәрбиелеуде сәт сайын еңбек етіп келеді.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button