СЕРІК ШАЛАБАЕВ,ОБЛЫС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «ЗАҢДЫ СЫЙЛАУ – ӨЗІҢДІ СЫЙЛАУ»

«Әділет әлемі» жергілікті құқық қорғау органдарының басшыларын жұртшылыққа жақынырақ таныстырмақшы. Мақсат  –  сұхбаттасушының күнделікті қызметімен қатар, адами кескін-келбетін, өмірлік ұстанымын айқындау. Өйткені, халық  шен таққан азаматтар туралы көп біле бермейді.

 

Осы мақсатта алдымен сұхбаттасқанымыз Атырау облысы прокурорының орынбасары Серік ШАЛАБАЕВ болды.

– Халық құзырлы органдар басында кімдер отырғанын білгісі келеді. Ендеше, бүгінгі әңгімені өзіңіз туралы кеңірек айтудан бастасақ деп едік… Қайда оқыдыңыз, қайда қызмет еттіңіз?

– Бастамаларыңыз оңды болсын. Жұртшылықтың құқық қорғау орындары, оның басшылығында жүрген азаматтар хақында көбірек білгісі келетіндігі жөн екен.

Өмір жолымның өзімнің замандастарымнан ешқандай өзгешелігі жоқ. Мектеп қабырғасында оқыдық. Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тәлім алып, жоғары білім  алдым. Алғашқы еңбек жолым Ақтау қалалық прокуратурасынан басталды. Кейіннен қызметім Астана, Алматы қалаларында, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Алматы облыстарында жалғасты. Екі жылға жуық уақыттан бері Атырау облысында прокурордың орынбасары болып қызмет жасап жатырмын.

– Облыс прокуроры орынбасарының жұмыс күні неден басталады?

– Күнделікті жұмыс күні ең бірінші облыс прокурорына облыс аумағындағы ахуалды баяндаумен басталады. Сонымен қатар, күн тәртібінде қаралатын барлық өзекті мәселелер сараланып, әрі қарай жұмыс барысын жоспарлаймыз.

– Қандай басылымдарды оқисыз? Сіздің қызметтік тәжірибеңізде газетте жарияланған өткір сын, проблемалық мақалаларға байланысты ұйымдастырылған прокурорлық тексерулер, алынған шаралар болды ма?

– Облыстың байырғы басылымы «Атырау», әрине, алдымен қолыма тиеді. Жергілікті жердегі күнделікті өзге газеттерді де қарап шығамын. Оған қоса барлық интернет ресурстарының (Zakon.kz, Tengrinews, KazTag, Kazinform және т.б.) беттеріндегі жаңалықтарды оқып отырамын. Жалпы, басылым беттерінде өзекті мәселелерге қатысты сын мақалалар көп жарияланады. Олардың бәрі назарымызда болатыны анық. Кейбір кездері сол материалдар бойынша қосымша тексерулер ұйымдастырып, шаралар қабылдап та жатамыз. Айтқым келетіні, халықтың көзі, құлағы саналатын ақпарат құралдарының айтары прокуратура тарапынан  тыс  қалмайды.

– Атырау тұрғындары прокуратураға негізінен қандай мәселелер бойынша көбірек шағымданады? Былтырғы, биылғы түскен арыз-шағымның саны қанша, оған байланысты алынған шешімдер қандай?

– Облыстық прокуратураға шағымданатын адамдардың саны көп. Мысалы, әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау бағытында өткен жылы жеке тұлғалардың 1928 өтініші қаралды. Соның 1261-і шешіліп (391-і қанағаттандырылды, 306-ы қанағаттандырудан бас тартылды, 564-іне заң талаптары түсіндірілді), 539-ы басқа органдарға жолданды, 128-і қараусыз қалдырылды.

Биыл да заңның сақталуын қадағалаушы орынға мәселесін айтушылардың қатары азаймауда. Жыл басынан бері жеке тұлғалардың 895 өтініші қаралды. Оның 614-і шешілді, 219 өтініш басқа органдарға жолданып, 62-і қараусыз қалдырылды.

Тұрғындар бізге негізінен еңбек, жер, әлеуметтік көмек, тұрғын үй және басқа жағдайлар бойынша арызданады. Біз оларға заңның ауқымында көмек жасап, құқығының қорғалуына күш саламыз.

– Мемлекет кәсіпкерлерге үлкен көмек-қолдау жасап отыр. Соған қарамастан кәсіп иелері заң бұзушылықтармен жиі ұшырасатындарын айтады. Осыған қатысты прокуратураның араласуымен шешімін тапқан мәселелер бар ма? Қандай мекемелер заңсыздыққа жиі жол береді?

 – Заңсыздықтардың шағын және орта бизнестің ілгерілеуіне кедергі келтірмеуіне күш салудамыз. Облыстық прокуратураның облыстық кәсіпкерлер палатасы және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның аумақтық филиалымен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы Меморандумдар  жасақтағанын  соның  бастысы ретінде айтуға болады. Осынау құжаттың мақсаты – Атырау облысында кәсіпкерлікті одан әрі дамыту және өркендету үшін бірлескен жұмыс жасау.

Аталған меморандумдардың аясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның аумақтық филиалының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында «Прокурор кабинеті» қызмет істей бастады. Мұнда прокурорлар әр аптаның сәрсенбі күні кәсіпкерлерді қабылдайды, мұң-мұқтажын тыңдайды. Бүгінгі күні аталған кабинет арқылы барлығы 20 өтініш қаралып, оның ішінде 6-уы қанағаттандырылды, қалғандарына заң түсіндірілді.

 Мысалы, жеке кәсіпкер Қожағалиев облыс прокуратурасына «Атырау Су Арнасы» кәсіпорнына қатысты арызданған болатын. Тексеру барысында аталған құрылым қызметкерлерінің жеке кәсіпкерге 2 миллион теңгеге жуық көлемде заңсыз айыппұл салғандығы анықталып отыр. Прокурорлық ықпал ету актісінің негізінде айыппұлдың күші жойылып, кәсіпкердің құқығы қорғалды.

Көбінесе кәсіпкерлер прокуратура органдарына салық, жер мәселелері, сонымен қатар, мемлекеттік бақылау және қадағалау заңнамасы талаптарының бұзылуы бойынша шағымданады.

– Шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын тексеруге мораторий жарияланғаны белгілі. Осы қамқорлықты кәсіпкерлердің керісінше пайдаланған, яғни сапасыз өнім өндіріп, төмен қызмет көрсеткен, сол бойынша тиісті орындардың (мәселен, санэпидстанса) Сіздерге шағымданған жағдайы кездесті ме?

 – Жоқ, тиісті орындардың облыстық прокуратураға шағымданған деректері орын алған жоқ.

–  Атырауда бірлескен кәсіпорындардың саны көп. Мұнда жұмыс жасайтын қазақстандықтардың құқығы қаншалықты қорғалуда? Еңбекақы айырмашылығына қатысты Сіздің пікіріңізді білсек.

– Облыстық прокуратура Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы  басқармасымен бірлесіп жалақы төлеудегі айырмашылық фактілері бойынша 2013 жылдың қаңтар-ақпан айлары аралығында облыстағы 18 ұйымда бірлескен тексеру жүргізді. Нәтижесінде, облыстың «Пундж Ллойд Қазақстан» ЖШС, «Фиркрофт Инжиниринг Сервисез Лимитед» КФ, «Экспертиз С.р.л.» КФ, «Казмунайсервисис энд Контрактинг» ЖШС АФ, «Ренко-Кат» филиалы, «Сичим С.п.А. Қазақстан» филиалы, «Тоцци Қазақстан» ЖШС, «ФорКвест Энерджи Инк» компаниясының Атырау филиалы, «SINOPEC ENGINEERING» Қазақстан филиалдарында отандық және шетелдік қызметкерлерге жалақы төлеуде айырмашылық (диспропорция) деректері анықталды.

Тексерістердің қорытындысы шетелдік мамандардың жалақысы ұқсас лауазымдағы отандық маманның жалақысынан екі-үш есе, кей жағдайда он есе жоғары екендігін анықтады. Мысалы, «Экспертиз С.р.л.» компаниясында «Сапа жөніндегі инженер» лауазымы бойынша шетелдік маманның еңбекақысы 1 908 550 теңге болса, қазақстандық маман 170 674 теңге жалақы алған. Айырмашылық 1 737 876 теңгені құрайды.

Сол секілді, «Тоцци Қазақстан» ЖШС-де «Сапа бақылау инженері» лауазымы бойынша шетел маманының еңбекақысы 461 250 теңге, ал, қазақстандық маманның еңбекақысы 225 000 теңгені құрайды. Мұндағы айырмашылық 236 250 теңге көлемінде.

Анықталған заң бұзушылықтар бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы жұмыс берушінің атына заң бұзушылықтарды жою жөнінде мерзімді ұйғарым беріп, жауапты тұлғаларға ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 87-бабымен жалпы сомасы 1,3 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды.

Берілген ұйғарымдар орындалып, заңнаманың талабына сәйкес қызметкерлерге жалақы төлеудің тарифтік жүйесі жасақталып, салынған айыппұлдар төленді.

Сол сияқты, 2014 жылдың өткен мерзімінде «Синопэк Инжиниринг Групп» Қазақстан филиалында  бірдей тарифтік дәрежедегі бір тектес лауазымды жүзеге асыратын отандық және шетелдік жұмысшылар жалақыларында айырмашылыққа жол берілгені, яғни шетелдік жұмысшылардың еңбекақысы екі-үш есеге жоғары екені анықталды.

Ал, «МГКҚ «ҚазҚұрылысСервис» АҚ-ның Атырау филиалында бірдей тарифтік дәрежедегі еңбекті қорғау және техникалық қауіпсіздік бойынша инженер позициясындағы шетелдік қызметкерлерге «грейд S3» деген атаумен 11 тарифтік разрядпен 201 250 теңге мөлшерде негізгі айлық жалақы, осы тектес отандық қызметкерлерге бірдей 11 тарифтік разрядымен «грейд S4» деген атаумен 125 000 теңге мөлшерде негізгі айлық жалақы тағайындаған.

Аталған факті бойынша облыстық еңбек инспекциясы басқармасына заңдылықты бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізіліп, жұмыс берушіге ӘҚБтК-нің 87 бабының 1 бөлігімен әкімшілік айыппұл салынды және орындалуы міндетті нұсқама берілді.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы жиі айтамыз. Проблеманы жоюға күш салған сайын, оның өрши түсуінің себебі неде деп ойлайсыз?

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – мемлекеттің өзекті мәселелерінің бірі. Оған тек құзырлы орындар ғана емес, қоғам болып қарсы тұру қажет. Облыстық прокуратура тарапынан айтарым, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнаманың қолданылуына тұрақты түрде тексеру жұмыстарын жүргізіп отыр.

Осы жылдың өткен мерзімінде, прокуратура сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнаманың қолданылуына 19 тексеру жүргізіп, 211-ден астам заң бұзушылықты анықтады. 25 наразылық қанағаттандырылып, заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы 14 ұсыныс қаралды, 15 тұлға тәртіптік, 2 тұлға әкімшілік жауапкершіліктерге тартылды.

Сыбайлас жемқорлықпен байланысты прокуратура органдарының 4 ұсынысы ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Атырау облыстық тәртіптік кеңесінен қолдау тауып, 5 лауазымды тұлғаны атқаратын қызметінен босату және 1 тұлғаны лауазымынан төмендету туралы шешімдер қабылданды.

Мысалы, Мақат ауданының прокуратурасы аудандық әкімдіктің қызметінде ҚР жер туралы заңнамасының қолданылуына тексеру жүргізіп, біраз заң бұзушылықты анықтады. Аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы 25 тұлғаға тұрғын үй құрылысын салуды сұрап  жазған өтініштері болмағанына қарамастан, жер таңдау актісін дайындаған. Одан әрі жер қатынастары жөніндегі комиссиясы  оң қорытындылар беріп, Доссор кенті әкімі 25 жер телімін берген.

Барлық анықталған заң бұзушылықтар бойынша аудандық прокуратура прокурорлық ықпал ету актілерін  енгізді. Нәтижесінде, Мақат ауданы әкімінің өкімдерімен сыбайлас жемқорлықпен ұштасқан заң бұзушылықтарға жол бергені үшін Доссор кентінің әкімі және Мақат аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы қызметтерінен босатылды.

Прокурорлық тексеру нәтижелері бойынша 5 қылмыстық іс қозғалып (1-уі сотқа жолданды, 4-уі тергелу сатысында), мемлекет пайдасына 437303 теңге өндірілді.

– Былтыр облыста прокурорға пара ұсынған белгілі бір мекеменің қызметкері ұсталды. Мұндай жағдай күнделікті өмірлеріңізде жиі кездесе ме?

– Прокуратура мұндай заңсыздыққа жол бермейді.

– Жалақы қарызы бойынша даулар да кездесіп жататынын көріп жүрміз. Мұндай жағдайда прокуратура органдары қандай шаралар алады?

 – Облыс аймағында азаматтардың еңбек құқықтарының бұзылуын болдырмау бағытында, соның ішінде еңбекақы берешектері фактілерінің алдын алу мақсатында күнделікті мониторинг жүргізіліп, тиісті шаралар алудамыз.

Мәселен, «АСД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өзінің 116 жұмысшысы алдында 17,7 млн. теңге және «Атырау-балық» акционерлік қоғамы (банкрот) 465 жұмысшысының 30,8 млн. теңге еңбекақы бойынша берешектері болған. Ағымдағы жылдың ақпан айында құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп атқарған шаралар нәтижесінде «Атырау-балық» АҚ және «АСД» ЖШС-мен жалақылар толық төленді.

– Редакцияға соңғы кездері жұртшылықтан шағым-дабылдар жиі түсе бастады. Бұл негізінен Белоруссиядан автокөлік сатып алатындарға қатысты. Мәселен, бір адамның көлігін әкеліп, құжатын жол полициясында тіркетіп, мемлекеттік нөмірін, техникалық құжатын алып, заңды мүлік қожайыны болғанына жылдан асқан. Бірақ, кейін оны техниканың  келген жағына қатысты күмәнді жайларды тексеруге шақырып мазалай береді екен.  Мұндай жағдайда ол не істейді?

– Сіздің айтып тұрған жағдай бойынша прокуратураға ешқандай шағым түскен жоқ. Дегенмен, ондай жағдайда тұтынушы құқығын қорғауды басты назарда ұстаймыз.  Қалай еткенде де, азаматтардың өзге теріс ниеттілердің кесірінен жапа шегуіне жол бере алмаймыз. Өйткені, бір анық жайт – бұл жерде көлікті ақ-адал ақшасына сатып алушының еш кінәсі жоғы анық.

– Әңгімеңізге рахмет.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз