«Сергекке» түскендер саны 8 мыңнан асады
Атырауда «Қорғау-Сергек» қосымшасы қала аумағында үнемі жол ережесін бұзатын жүргізушілерді дер кезінде анықтайды. Жыл басынан бері облыс аумағында қосымша көмегімен 8646 әкімшілік құқықбұзушылық дерегі анықталды.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, анықталған деректердің ішінде көлігіне жалған мемлекеттік белгі орнатып жүргізген 5 жүргізуші тіркелген. Ал жүргізуші құқығынан айырылғандар саны — 96, сақтандыру полисын жасаудан жалтарып жүрген 2037 көлік жүргізушісі анықталды. Сондай-ақ, 344 жүргізуші көлікті мемлекеттік белгісінсіз басқарса, техникалық байқаудан өтпей автокөлік тізгіндеген 2623 жүргізуші анықталып, оларға қатысты әкімшілік хаттама жасақталды.
Сонымен қатар айыппұлдарын төлемей жүрген 3541 борышкер белгілі болып, айыппұлдары өндірілді. Ал арнаулы тұрағына 1043 автокөлік қамалды.
-Жол қозғалысын бақылауға алу кезінде автоматтандырылған жүйенің қала аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге зор үлесі тиюде. Мәселен, қосымша көмегімен қала аумағында жол-көлік оқиғасын жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайлар бойынша талдау жүргізіліп, құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында тиісінше жұмыстар ұйымдастырылуда, — дейді департаменттің баспасөз қызметінің жетекшісі Мейірім Ердәулет.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ