Жарнама
Құқық

Сауал – сізден, жауап – бізден

 «Заңгер бұрышын» тәжірибелі заңгер Рысты ҚАЛИЕВА жүргізеді Зейнетақым қайта есептеле ме?

– Құрметті редакция! Мен Қызылқоға ауданы, Мұқыр селосының тұрғынымын. «Заңгер бұрышына» хат жолдауыма мынадай жағдай себеп болды: Мен – көп балалы анамын. «Алтын алқа» иесімін. 2011 жылы жеті баламен зейнеткерлікке шықтым. Сегізінші баламды 8 жасқа толған жоқ деп зейнетақы мөлшеріне қосқан жоқ. Білейін дегенім, 58 жасқа толғанда сегізінші балам қосыла ма? Еңбек өтілім қосылып, 58 жаста зейнетақым қайта есептеле ме? «Алтын алқа» иегері ретінде үй алуға немесе тұрғын үй кезегіне тұруға, басқа да жеңілдіктер қарастырылған ба?

Айжан ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА,

көп балалы ана.

Мұқыр селосы, Қызылқоға ауданы.

ЖАУАП:

— Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңының талабына сәйкес, бес және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы алуға құқығы бар. Зейнетақы төлемдерін тағайындау үшiн еңбек өтілін есептеу кезiнде жұмыс iстемейтiн ананың жас балаларды бағып-күткен уақыты, бiрақ, әрбiр бала үш жасқа толғанға дейін, жалпы жиынтығы 12 жыл шегiндегi уақыт есепке алынады. Сондықтан да, сіз 53 жасқа келіп жасына байланысты зейнеткерлікке шыққан болсаңыз 58-ге жеткенде қайта есептеу жүргізілмейді. «Алтын алқа» иегері болсаңыз, онда үй алуға немесе тұрғын үй кезегіне тұруға және салықтардан босатылуға байланысты жеңіл-діктер қарастырылған.

Қорымыз қайда кетті?

— Заңгерге қоятын сұрағым мынадай: Бұдан бұрын «НефтеГазДем» зейнетақы қорына жинақталған ақшамды ала аламын ба? Өйткені, мен бала кезімнен ІІІ топтағы мүгедек болғандықтан, қазіргі күні тұрақты түрде зейнетақы алып тұрмын. Аталған қордың қолымда ешқандай мекен-жайы немесе телефоны жоқ. Осындай жағдайда қандай кеңес бере аласыздар?

Қылышбай СЫДЫҚОВ,

Индер ауданы.

ЖАУАП:

— Қазіргі таңда барлық зейнетақы жарналары Біріңғай жинақтау зейнетақы қорына аударылған. Сондықтан да, сіз зейнетақы жарнаңыз туралы мәліметті осы аталған қордан біле аласыз. Зейнетақы жарнасын төлеу талаптары Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңында қарастырылған. Заң талабына сәйкес, зейнеткерлік жасқа жеткендерге және І, ІІ топ мүгедектеріне, егерде мүгедектігі мерзімсіз берілген болса, зейнетақы жарнасын алу қарастырылған. Бұл санатта ІІІ мүгедектеріне қарастырылмаған.

25 пайыздық үстемеақы қосыла ма?

— Біз — Жылыой ауданының ауылдық жердегі мектептерінде қызмет ететін мұғалімдерміз. Көтеріп отырған мәселеміз, биылғы жылдың қаңтар айынан бастап жалақымызға 25 пайыздық үстемеақы қосылмай отыр. Оның себебін әркім әртүрлі айтады. Жалпы, осы сұрақтың заңдылығы қандай?

Бір топ мұғалім,

Жылыой ауданы.

ЖАУАП:

— 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысы күшіне енген болатын. Осы қаулыға сәйкес ұйымдар қызметкерлеріне еңбек жағдайлары үшін қосымша ақылар және үстемеақылар, сауықтыруға арналған жәрдемақылар мен өтемақылар төлеу ережесіне өзгерістер енгізілді. «Білім беру» саласында да функционалдық блоктар бойынша лауазымдық айлықақыларын есептеуге арналған коэффициенттер өзгертілді. Сондықтан да, қалай есептелгендігі, қай блокпен есептелгендігі жөнінде мектептің немесе білім беру бөлімінің есеп бөлімінен толықтай жауап алуыңызға болады.

Төменгі зейнетақы тағайындалуы дұрыс па?

— Мен 2014 жылы жасыма байланысты зейнеткерлікке шықтым. Зейнеткерлікке шығарда 1995-1997 жылдар аралығындағы ай сайынғы еңбекақым туралы құжат тапсырдым. Өздеріңіз білесіздер, аталған кезеңде инфляцияға байланысты еңбекақы көлемі өзгеріске түсті. Сұрайын дегенім, зейнетақы мөлшерін есептегенде осы фактор есепке алынып, жоғарыда көрсетілген жылдар аралығындағы еңбекақыға индексация жүруі керек емес пе еді? Маған ең төменгі зейнетақы мөлшері, яғни 32 мың теңге тағайындалуы дұрыс па? Индексациялан-ған еңбекақыға байланысты зейнетақы мөлшері өзгеріске түсуі керек емес пе?

Жолдас ДОШҚАЕВ,

Индербор поселкесі

Амангелді көшесінің тұрғыны, Индер ауданы.

ЖАУАП:

— Жасына байланысты зейнетақы Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңының талаптарына сәйкес тағайындалады. Заң талабында зейнетақы төлемдерiн есептеу үшiн табысты айқындауда еңбекақыға индексация жүргізілу қарастырылмаған. Алайда, егерде сіз тағайындалған зейнетақыңыздың мөлшерімен келіспеген жағдайда тағайындаушы органға арызданып, тексертуіңізге болады.

 «Кенгурятниктен» туған дау

— Автокөлігімнің алдында темір қалқа («кенгурятник» деп атайды) бар. Оны техниканың бұрынғы иесі орнатқан секілді. Сұрайын дегенім, бірінде жол сақшысы мені тоқтатып, осы қалқаны алып тастауымды талап етті. Шындығында, оның жол қозғалысына ешқандай қатысы жоқ. «Кенгурятникті» орнатуға болмайтындығы туралы заңның жаңа талабы да бар екенін білемін. Дегенмен, сіз заңгер ретінде қалай ойлайсыз, осы бастама қаншалықты орынды?

Бауыржан ЕРКЕТАЙҰЛЫ.

Атырау қаласы.

ЖАУАП:

— Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы №1196 қаулысымен көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерге қосымша «Көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатын, жол жүрісі қауіпсіздігіне және қоршаған ортаға қауіп тудыратын ақаулар мен жағдайлардың тізбесі бекітілген. Осы тізбе автокөліктердің, автобустардың, автопойыздардың, тіркемелердің, мотоциклдердің, мопедтердің, тракторлардың, өздігінен жүретін машиналардың ақауларын және оларды пайдалануға тыйым салынатын жағдайларды бекітеді. Осы тізбеде: жүргізуші орнынан көруді шектейтін, жол жүрісіне қатысушылардың жарақат алу қаупіне әкеп соғатын қосымша заттар орнатылғанға; техникалық реттеу саласында көзделген талаптарды бұза отырып, көлік құралдарын қайта жабдықтау жүргізілгенде, яғни көлік құралдарын қайта жабдықтау (конструкциясын өзгерту) — көлік құралының конструкциясында көзделген жол жүрісінің қауіпсіздігіне әсер ететін құрамдас бөліктер мен жабдықтау заттарын алып тастау немесе көзделмегендерін орнатуға тыйым салынған.

 Заңгерге қоятын сауалдарыңыз болса, редакцияның 45-84-30, 45-85-97 (факс) телефонына немесе azamat_bekaibek@mail.ru электрондық поштасына жолдауыңызға болады. Хат мәтіні анық жазылуы әрі аты-жөні, қай ауданнан, қаладан екендігі толық көрсетілуі қажеттігін қаперіңізге береміз.

Материалды ұйымдастырған: Азамат БАЗАРБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button