
Құқықтық жүйені жаңғырту және экономикалық серпін
Қазақстан Президенті халыққа жолдаған Жолдауында еліміздің экономикалық даму жолын айқындап, құқықтық реформалардың маңыздылығын ерекше атап өтті. Елдің дамуында бизнестің рөлі айрықша екендігі және кәсіпкерлік ортаға қолайлы жағдай жасау қажеттілігі жайлы пікірлер айтылды. Президенттің «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы толық орындалмай отырғандығын» атап өтуі және құқықтық базаны қайта қарап, оны жаңғырту қажеттілігі күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі екендігін дәлелдейді. Бұл тұжырымдар еліміздегі құқықтық жүйенің кемшіліктерін нақты көрсетеді, әрі оларды түзету жолында тың қадамдар жасау қажеттілігін айқындайды.

Заң түсінікті болуы керек
Президенттің Жолдауында көтерілген басты мәселенің бірі – құқықтық жүйенің күрделілігі мен оған енгізілетін түзетулердің кәсіпкерлікке кері әсері. Қазіргі таңда Қазақстанда 21 кодекс пен 300-ден астам заң бар, олардың әрқайсысына уақыт өткен сайын өзгерістер мен түзетулер енгізіледі. Бұл заңдардың арасында қайшылықтар туындап, кәсіпкерлердің іс жүргізуін қиындатады. Осыған байланысты, Президент «заңды күрделендіре бермеу керек» деп атап өтті.
Көптеген кәсіпкерлер жұмыс барысында осы күрделілікпен бетпе-бет келеді. Себебі, заңдар мен нормативтік актілердің жиі өзгеруі мен олардың бір-біріне қайшы болуы бизнес жүргізуге қатаң талаптар қойып, заңды түсінбеушіліктен немесе қателіктерден айыппұлдар мен құқықтық даулардың туындауына себеп болатыны рас. Кәсіпкерлікті қолдайтын елде құқықтық алаңның айқын әрі түсінікті болуы қажет. Мұндай заңдар тек кәсіпкерлер үшін ғана емес, жалпы халық үшін де жеңіл әрі тиімді болады.
Жоғарыда заңның күрделенуіне байланысты айтылған пікірлер кәсіпкерлердің шынайы жұмыс жасауына кедергі келтіретін факторлардың бірі екенін көрсетеді. Бұл мәселені шешу үшін құқықтық жүйені қайта қарап, тек қажетсіз және қайталанатын нормаларды жоюға бағытталған қадамдар жасау керек. Заңдардың қарапайымдылығы мен түсініктілігі бизнестің дамуында оң рөл атқаратыны сөзсіз.
Кәсіпкерлік ортаға ықпал ету
Президенттің пікірінше, заңдарды кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне бейімдеу, оларды оңтайландыру өте маңызды. Кәсіпкерлік орта тек қолайлы құқықтық жағдайлармен ғана дамиды. Осы орайда халық арасындағы «Қарапайым заң – табысты бизнес» деген түсінік кәсіпкерліктің өркендеуіне нақты бағыт береді.

Меніңше, құқықтық жүйенің оңтайлануы тек кәсіпкерлік үшін ғана емес, тұтас ел экономикасы үшін маңызды. Қазақстанда бизнеске қолайлы заңдардың қалыптасуы жаңа кәсіпорындардың ашылуына, инвестициялардың тартылуына, инновациялардың енгізілуіне жағдай жасайды. Бұл елдің халықаралық аренада бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экономикасын нығайтады.
Ең бастысы, заңдардың әрдайым өзгеріп, жаңарып отыруы кәсіпкерлердің жұмысын күрделендіріп, тұрақсыздықты туғызады. Әр кәсіпкер өз ісін заңға сәйкес жүргізуді қалайды. Егер заңдар біркелкі, айқын әрі кәсіпкердің іс жүргізуіне оңтайлы болса, онда бизнес орта тұрақталады. Қазақстанның бизнеске бағытталған жаңа заңдық нормалары мен реформалары тек ішкі нарықты ғана емес, шетелдік инвесторларды да тартуға көмектеседі.
Министрлер мен әкімдердің жауапкершілігі
Президент өз сөзінде «министрлер мен әкімдердің нақты нәтиже үшін жеке жауапкершілігін күшейту керек» деп көрсетті. Бұл пікір өте маңызды, себебі мемлекеттік органдардың жұмысы экономикаға тікелей әсер етеді. Әр министр мен әкім өз саласындағы реформаларды тиімді жүзеге асырып, бизнес ортаны дамытуда нақты жауапкершілік арқалауы қажет. Осылайша, тек мемлекеттік қызметкерлердің жеке жауапкершілігін арттыру арқылы ғана еліміздің экономикасына серпін беру мүмкін.
«Жауапкершілік жетістіктің кілті» деген халық нақылы осы тұжырымның мәнін ашады. Мемлекеттік қызметкерлер өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарғанда ғана кәсіпкерлер үшін бизнесті жүргізуге қолайлы орта қалыптасады. Әр министр мен әкім өз саласында нақты нәтижеге қол жеткізу үшін жұмыс істеуі тиіс. Мұндай тәсілдер кәсіпкерлерге сенімді құқықтық орта құруға мүмкіндік береді.
Президенттің Жолдауында айтылған реформалар мен өзгерістер Қазақстанның құқықтық жүйесін оңтайландыру және кәсіпкерлік ортаға қолайлы жағдай жасау үшін өте маңызды. Меніңше, заңнаманы жеңілдету, мемлекеттік органдардың тиімді жұмыс істеуі және министрлер мен әкімдердің нақты жауапкершілігі елдегі бизнес ахуалын жақсартып, экономиканың ілгерілеуіне ықпал етеді.
Құқықтық жүйенің оңтайландырылуы мен бизнеске бағытталған заңдардың қайта қаралуы еліміздің дамуына үлкен үлес қосатындығы сөзсіз. Президенттің Жолдауында көтерілген мәселелерді ескере отырып, еліміздегі кәсіпкерлік жүйені дамыту мен экономиканы нығайту үшін қажет қадамдар мен реформалардың жүзеге асуы кезек күттірмейтін мәселе.
Рысты ҚАЛИЕВА,
заңгер