СаясатҚұқық

Қоғам болып күресер індет

Atr.kz/3 тамыз, 2020 жыл. Егеменді еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған жолдауында: Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түспейтінін айрықша атап өткен-ді.

Қазіргі кезеңде сыбайлас жемқорлықпен күрес қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі болып отырғаны белгілі. Осыған орай мемлекет тарапынан осынау қауіпті кеселдің алдын алу мен оны болдырмау жөнінде нақты шаралар жүзеге асырылуда. 2014 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының 2015–2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының» басты ерекшеліктеріне қазіргі кезеңдегі жұмыстың басым бағыттарының бірі – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жатады. Бұл стратегиядан оқып ойға түйетініміз қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінетіндігі.

Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа  қарсы мәдениетті қалыптастырылуын жоғары оқу орындарынан бастаған дұрыс секілді. Бұл өз кезегінде жас ұрпақты сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілікке тәрбиелейтіні сөзсіз. Осыдан келіп, азаматтар мен азаматшалардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қарсы білімінің болмауынан байланысты абайсызда сыбайлас жемқорлықтың қатысушылары болып жатады.         

Сыбайлас жемқорлық  — заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр.

Мемлекеттің дамуы, өсіп-өркендеуі мемлекеттік қызметшілердің  сауаттылығына, біліктілігі мен білімділіне,  жауапкершілігіне, отансүйгіштік қасиеттеріне байланысты екені белгілі. Дүние жүзіндегі  сыбайлас жемқорлықпен күресте өте жақсы деңгейде яғни тиімді нәтижелерге қол жеткізген мемлекеттерді алып қарайтын болсақ, барлығы да мемлекеттік қызметшілерді оңтайландыру, қатаң талап қоюмен қатар олардың жалақысын елдегі-өңірлердегі түскен салықпен, бизнес саласындағы орташа жалақымен байланыстырып қойған. Демек, әр өңірдің экономикалық жағдайлары көтерілген сайын, мемлекеттік қызметшілердіңде еңбекақысын көтерсе, сайып келгенде сыбайлас жемқорлықпен күресті азайтуға немесе онымен күресті көтеруге ынтасы арта түсер көріністерді көруге болар еді.

Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңында мүдделер қақтығысы «жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың, лауазымды адамдардың жеке мүдделері мен олардың лауазымдық өкілеттіктері арасындағы қайшылық, мұндай жағдайда осы аталған адамдардың жеке мүдделері олардың өздерінің лауазымдық өкілеттіктерін тиісінше орындамауына әкеп соғуы мүмкін» деп айқындалады.

Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.

Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік органдардың, ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі  басқару органдарының басшылары өз өкілеттігі шегінде кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге тиіс деп ойлаймын.

Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық  қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың  дендеуіне септігін тигізуде.  

Әрине, сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, дара кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке көп болып атсалысып, қарсы жұмылуымыз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып табылады.

Мемлекеттің дамуына бармақ басты, бұрынғы өткен ата-бабаларымыз да дөп басып «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген. Олардың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін ғасыр қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да басқа біртуар билер мен шешендердің өмірі дәлел болатындығын біз тарихтан жақсы білеміз.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша тиісті шара қолданудың негізі – ол азаматтардың арыз-шағымы. Мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.

Елбасы жолдауында: «Заңды бұзған екенсің, оның баптарына сәйкес жауапқа тартыласың» дейтін нақты ереже бар.

Қорыта айтқанда, отанымыздың әрбір отансүйгіш азаматы мен азаматшасы жемқорлық құбылыстарына іштен шыққан жаудай күрескені абзал деп ойлаймын. Әрбір адамның қанша қиналып тұрса да пара бермеуі не пара алмауы, сыбайлас жемқорлық көріністерін білген уақытта тоқтатуға жасаған әрекеттері еліміз үшін, оның болашағы үшін жасалған күресі болып табылатыны ақиқат. Осыған орай Қазақстан Республикасының Заңнамасында көрсетілгендей біз сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және оның мүлдем қоғамымызда туындамауына септесуіміз қажет,тиісті деңгейде жұмыс атқарылуын қадағалауымыз керек. 

Мейірбек БАҚЫТЖАНҰЛЫ,

Қазақстан Республикасы Заңгерлер одағының мүшесі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button