
Қауіпсіздік – басты құндылық
Қазіргі жаһандық қауіп-қатерлер заманында ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету – уақыт талабы. Осы орайда биылғы 22-28 мамыр аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің бастамасымен және үйлестіруімен Индер, Махамбет, Құрманғазы және Исатай аудандық жедел штабтарының қатысуымен ауқымды жедел-тактикалық оқу-жаттығулар өткізілді.

Бұл іс-шаралар «Индербор-Антитеррор-2025», «Махамбет-Антитеррор-2025», «Құрманғазы-Антитеррор-2025» және «Аққыстау-Антитеррор-2025» атауларымен белгілі болып, әр аудандағы нақты жергілікті жағдайларды ескере отырып ұйымдастырылды.
Аудандық жедел штабтардың құрамына кіретін барлық мемлекеттік органдар – құқық қорғау, арнайы және жергілікті атқарушы құрылымдардың күштері жұмылдырылып, олардың терроризмге қарсы әрекет ету мүмкіндіктері жан-жақты сыналды. Бұл жаттығулардың басты мақсаты – террористік сипаттағы түрлі қауіп-қатерлерге дер кезінде әрі тиімді түрде әрекет етуге қабілеттілікті тексеру, сондай-ақ іс-қимылдың нақты алгоритмдерін пысықтау еді.
Жаттығу шеңберінде шынайы жағдайға барынша жақындатылған сценарийлер әзірленіп, белгісіз объектілер, күдікті тұлғалар және жарылғыш заттар туралы хабарламалар бойынша шұғыл әрекет ету кезең-кезеңімен жүргізілді. Қатысушылардың кәсіби даярлығы, шешім қабылдаудағы жеделдігі мен өзара үйлесімді жұмысы ерекше назарда болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, оқу-жаттығу барысында әрбір қатысушы нақты қауіп төнген жағдайда қандай шара қолдану керектігін жадында жаңғыртып қана қоймай, оны іс жүзінде тәжірибеден өткізді. Террористік акт орын алған немесе оның орын алуы мүмкін деген жағдайдағы іс-қимыл тәртібі нақты пысықталып, әрбір қызметкердің өз саласы бойынша әрекет алгоритмі нақтыланды.
Аудандық жедел штабтардың құрамында қызмет ететін мемлекеттік органдардың мамандары түрлі жағымсыз сценарийлер бойынша жаттығу жүргізу арқылы практикалық тәжірибе жинақтады. Бұл – тек жаттығу емес, болашақта болуы мүмкін қатерлердің алдын алу жолындағы маңызды дайындық кезеңі.
Атырау облысы бойынша ҰҚК департаменті бұл оқу-жаттығулардың маңызды роль атқаратынын атап өтті.
–Оқу-жаттығулар барысында күштік құрылымдар мен азаматтық ведомстволардың іс-қимылы жоғары деңгейде үйлестірілді. Терроризмге қарсы күрес – тек арнайы қызметтердің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан да біз мұндай кешенді жаттығулар арқылы мемлекеттік органдардың бірлесіп әрекет ету тетіктерін нақтылап, тәжірибелік деңгейде сынап көрдік. Аталған шаралар – өңір қауіпсіздігін нығайтудағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі, — деді құзырлы орган.
Терроризмге қарсы жедел-тактикалық оқу-жаттығулар жоспарға сай толық көлемде өткізіліп, көзделген мақсаттар мен міндеттерге толық қол жеткізілді. Атырау облысы бойынша ҰҚК департаментінің мәліметінше, мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
Еліміздің тыныштығын сақтау жолындағы мұндай үйлесімді жаттығулардың маңызы зор. Себебі қауіп – ескергенге ғана бас имек. Ал ескерту – дайындықтан басталады.
Майра ЕРҒАЛИ