«Қауіпсіз жол»: Атырауда 1600-ге жуық құқықбұзушылық тіркелді
Облыста 27-30 қаңтар аралығында аймақтағы жол-көлік оқиғаларының алдын алу және салдарын азайту мақсатында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық акция өткізілді. Рейдтік іс-шара нәтижесінде 1 529 құқықбұзушылық тіркеліп, 78 көлік арнайы тұраққа қойылды. Бұл туралы Атырау облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы Айбек Алимов баспасөз брифингінде мәлім етті.
–Акция барысында жол қозғалысы қатысушыларына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, профилактикалық әңгімелер айтылды. Құқық бұзғандардың ішіндегі мас күйінде көлік айдағандар саны – 13, жүргізуші куәлігінсіз жүргендер – 50. 750-ге жуық жүргізушінің жылдамдықты шамадан тыс асырғаны анықталған. Қалғандары да түрлі жағдайда жолда жүру қағидасын сақтамаған, — деді А.Алимов.
Брифинг соңында спикер азаматтарды жол ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Өңірлік коммуникациялар қызметі