Жарнама
Құқық

Қаржы қатаң қадағаланады

Мұнайлы өлкеде бір жылдың ішінде  99 млрд. 453,9 млн. теңгеге  қаржы тәртібінің сақталмауынан заңбұзушылықтар  мен кемшіліктерге жол берілген. Оның ішінде 8 млрд. 287,3 млн. теңгесі қаржылық заңдылықтарға қатысты қателіктер болып отыр. Тексеріс барысында анықталғандай, 4 млрд. 344,2 млн. теңге бюджет қаржысы тиімсіз пайдаланылған. Ал 21 млрд. теңгеден астам қаражат тиімсіз жоспарланыпты. Мемлекеттік аудит объектілері арқылы 67 млрд. 832,5 млн. теңге қалпына келтіріліп, өтелген.  өңірде осы бағытта атқарылған жұмыстар туралы Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Нұрбол Қонысовпен әңгімелескен едік.

Мемлекеттік аудиттің маңызы зор

 – Нұрбол Айтбайұлы, соңғы жылдары тексеру комиссиясының құзыреті артып, мемлекет қаржысына бақылау жұмыстары күшейе түскені белгілі…

– Иә, айтуыңыз орынды. Тексеру комиссиясы облысымыздың табысты әлеуметтік-экономикалық дамуына негіз болатын қаржылық тәртіпті қатаң сақтауда маңызды рөл атқарады. Мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыратын кең ауқымды инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске асыруда мемлекеттік аудиттің маңызы зор.

Тексеру комиссияларын құрудың негізін қалаған Есеп комитеті екенін айтып өткен жөн. Сондай-ақ  Есеп комитеті, қазіргі таңда ҚР-ның Жоғары аудиторлық палатасы тексеру комиссияларының әдіснама, біліктілігін арттыру және қайта даярлаумен қызметін үнемі үйлестіріп отырады. Соның нәтижесінде тиімді әдістерді қолдана отырып, аудиторлық іс-шараларды жүзеге асыру барысында үйренген тәжірибелер мен білімді қолдану арқылы қызметіміздің сапасы артып келеді. Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясы өз қызметін жүзеге асыру кезінде жергілікті бюджеттің кіріс, шығысына жүйелі түрде сыртқы қаржылық бақылауды және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында ауқымды жұмысты тұрақты түрде жүргізіп келеді.

– Қазына қаражатын жұмсау барысында оның сапасы мен игеру мерзімі де бұзылмауы тиіс қой. Өйткені дұрыс жоспарланбаған қаржы облыс экономикасына әсер етеді…

– Айтуыңыз орынды. Тексеру комиссиясы тиісті уәкілетті құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, бөлінген қаражатты мақсатты, тиімді пайдалануына жүйелі түрде кешенді бақылау, тексерістер жүргізіп отырады. Анықталған қаржылық бұзушылықтарды жою ғана емес, қызметті жетілдіру бағытында ұсыныстар да жолданады.  Мәселен, былтыр 79 аудит объектісінде, оның ішінде 74 мемлекеттік мекемеде, 5 квазимемлекеттік сектор субъектісінде 14 аудиторлық, 3 сараптамалық-талдау іс-шарасы өткізілді. Мемлекеттік аудит арқылы 63 млрд. 462,7 млн. теңге бюджет қаражаты қамтылған. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен – 14 млрд. 13 млн. теңге.  Жүйелі түрде орын алып отырған бұзушылықтар Бюджет, Еңбек Кодекстері мен бухгалтерлік есеп жүргізу, мемлекеттік мүлік және мемлекеттік сатып алу заңнамаларын сақтамаудан болып отыр.

Соттың қарауына және уәкілетті органдарға әкімшілік іс жүргізуді қарау және қозғау үшін 263 материал жолданып, 108 лауазымды және 3 заңды тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылып, жалпы сомасы 20,2 млн. теңге әкімшілік айыппұл салынды. Жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың нәтижесі бойынша 77 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Қылмыс материалдары прокуратураға жолданады

– Қаржылық кемшіліктер анықталған кезде заң бұзушыларға қандай жаза қолданылады?

– Аудит объектілеріне тексеру комиссиясының аудиторлық қорытындылары мен нұсқамаларында 37 ұсыныс пен 288 тапсырма берілді, оның ішінде 12 ұсыныс пен 202 тапсырма толық көлемде орындалды.

Қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар 5 аудит материалы құқық қорғау органдарына жолданды. Уәкілетті органдарға жолданған 249 аудит материалы негізінде 99 лауазымды тұлға және 3 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда, ішкі мемлекеттік аудит департаменті арқылы 88 лауазымды тұлғаға 17,4 млн. теңге әкімшілік айыппұл салынды. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы, Қызылқоға аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы арқылы әкімшілік айыппұл салынса,  мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы 2 лауазымды тұлғаға қатысты «ескерту» түріндегі әкімшілік жаза қолданды.

Сондай-ақ тексеру комиссиясы арқылы 14 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істері бойынша хаттама толтырылып, 9 лауазымды тұлғаға сот қаулысымен 1,3 млн. теңге айыппұл салынған. Қабылданған бірнеше заңнаманың қарама-қайшы тұстарын реттеу мақсатында өзгерістер енгізуге ұсынымдар берілді.

– Тексеру комиссиясы бюджеттің жұмсалуын да бақылап отырады. Осы бағытта жасалған жұмыстарға тоқталып өтсеңіз…

– Тоқсан сайын жүйелі түрде облыс бойынша, жарты жылда бір рет аудан бюджетінің есебі бағаланады. Бұдан басқа соңғы кездері аудит объектісіне бармай электрондық әдіспен сараптамалық талдау іс-шаралары кеңінен қолданылып келеді. Осылайша, аудиторларға түсетін жүктілікті азайту, іссапар шығындарын үнемдеу және сыбайлас жемқорлықты болғызбау мақсатында қолайлы жағдайлар жасалуда.

Жемқорлық – ұлт қауіпсіздігіне төнген қатер

– Қазір қоғамда мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлқына айрықша мән беріліп отыр. Оған мемлекет те мүдделі. Өкінішке қарай соңғы кездері әлеуметтік желіде халыққа қызмет ететін мамандарға қатысты сыни пікірлерді көбірек естиміз…

– Мемлекеттік қызметші имиджінің тұтастығы жоғары кәсібилік, жеке құзыреттерге, моральдық-адамгершілік қасиеттерге және әдептілік мінез-құлыққа негізделген. Қызметшілердің мінез-құлық этикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты жетілдірудегі оң құрал болып табылады. Осыған байланысты әдеп жөніндегі уәкіл өз қызметін атқарып келеді.

Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің ұсыныстарына және әдеп жөніндегі уәкілдің жоспарына сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге түсіндіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізіліп отырады. Тексеру комиссиясының мемлекеттік қызметшілері мен мәдени-қоғам өмірге  қатысуы ұйымдастырылады.

Тәртіптік жаза қолдану қағидаларының сақталуы, қызметтік автокөлікті мақсатына сай пайдалану, мемлекеттік әкімшілік қызметкерлердің ойын мекемелеріне барумен, ақшалай немесе өзге де мүліктік сипаттағы құмар ойындарға қатысумен байланысты бұзушылықтарды болдырмау, сыбайлас жемқорлықтың көріну фактілеріне жол бермеу бойынша түсіндірме жұмыстары уәкілетті орган өкілдерінің қатысуымен жүргізіліп отырады.

Түсіндірме жұмыстарын тұрақты жүргізудің нәтижесінде бүгінде тексеру комиссиясының қызметкерлері тарапынан сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілер орын алған жоқ.

Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс. Жемқорлық – жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің қаражатын талан-таражға салып қоймай, ұлттық қауіпсіздікке төндіретін қатер болып саналады. Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясы өзінің өкілеттіктері шегінде сыбайлас жемқорлықты болдырмауға бағытталған мемлекеттік шараларды жетілдіруге белсене қатысуда. Өңірімізде мемлекеттік бюджеттің шығысы және қазына кірістері бақылаусыз қалмайтындығын қаперге береміз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button