Жарнама
Құқық

Президент тапсырмасы: айтылды – орындалды

Ұлттық құрылтай отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қатерлі үрдіс екенін, аталған мәселенің алдын-алу үшін қоғамда заң мен тәртіптің қатаң сақталуы қажеттігін атап өткен болатын.

15 сәуірде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Ал, 16 маусымда аталған заң күшіне енді.

Жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Раиса Айтжанова профилактикалық жұмыстар тұрақты өтетінін айтты. Тәртіп сақшылары тұрмыстық қарым-қатынас саласында жәбір көрген әйел адамдарға құқықтық, психологиялық көмек, кеңес беру мақсатында қабылдау өткізеді.

– Заңның негізгі мақсаты – қылмыстық қудалау емес, керісінше тұрмыстық саладағы қайғылы жағдайлардың алдын алу, адамдардың өз іс-әрекетіне деген жауапкершілігін арттыру. «111» сенім телефоны мен «102» желісі де үздіксіз жұмыс жасап тұр,-деді Р.Айтжанова.

Полицияның күнделікті қызметінде қазіргі заманғы технологияларды кеңінен пайдалану – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ішкі істер органдарының алдына қойған басты міндеттерінің бірі. Бұл бағыттағы жұмыс ең әуелі тұрғындардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғауға, қызметкерлердің жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған. Цифрландыру құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қылмыстарды неғұрлым тез ашуға мүмкіндік береді.

Бүгінде «Қорғау-Сергек» қосымшасы қала аумағында жол ережесін бұзатын жүргізушілерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Жыл басынан бері облыс аумағында қосымшаның көмегімен 8646 әкімшілік құқықбұзушылық дерегі тіркелген.

«Автоматтандырылған жүйенің қала аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі көмегі зор. Мәселен, қосымшаның көмегімен жол-көлік оқиғасын жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайлар бойынша талдау жүргізіліп, құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында тиісінше жұмыстар ұйымдастырылуда» деді жол сақшылары.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Коллажды жасаған Дәурен ҚУАНЫШ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button