ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ ЕДІ
Ол кеңестік дәуірде ержетіп, білімі мен білігін тиянақтап, өзінің таным-түйсігімен жастайынан атқа мініп, ел басқару ісіне араласқан азамат болатын. 1939 жылы Есбол ауданының Өрлік селосында дүниеге келіп, онжылдық мектепті тәмамдаған соң, оқу-білім іздеп Алматыға аттанды. 1958 жылы зоотехникалық-ветеринарлық институттың мал дәрігерлік бөлімін тәмамдап, елге жоғары білімді маман болып оралды. Еңбек жолын жаңадан құрылған Индер ауданының «Правда», «Передовик» совхоздарында бас мал дәрігері болып бастады.
Қай қызмет жүктелсе де, қабілет-қарымын жоғары деңгейде танытып, сол саланы жетістікке жетелеп кететін жігерлі жұмыстары көптің көзіне түсті. Мал басын сақтау, төл алу жоспарын орындау, мал арасындағы түрлі жұқпалы індеттердің алдын алу сияқты өрісті, игілікті істер жанданды. Осындай еңбектерінің нәтижесімен танылған маманды аудан, облыс басшылары 1973 жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал дәрігерлік бөлімінің басшысы, кейін облыстық мал дәрігерлік зертхана директоры қызметіне тағайындады.
Өз кәсібінің жай-жапсарын жетік білетін, мамандығының қыр-сырын үздік меңгерген маманды кім қадірлемейді, кім сыйламайды?! Оның үстіне бұл маман өз әріптестеріне кішіпейіл, қол астындағы қызметкерлерге әділ, әрі мейірімді болып жатса, мұндай жанның, әрине, ортада абырой-беделі де артады. 1988-1991 жылдар аралығында облыстық агроөнеркәсіп комитетінің мал дәрігерлік бөлімінің бас маманы және облыстық мал дәрігерлік бірлестігінің бас мал дәрігері болып қызмет еткен сол абзал азамат бұл күнде арамызда жоқ. Бақилық болғанына бір жыл толып отыр.
Жалпы, Бағытжан Қамиұлы сөздің емес, кәсіби істің адамы болды. Өз саласының білгір маманы ретінде облыс көлемінде мал арасында кездесетін жұқпалы аурулардан сауықтыру бағытында малдәрігерлік ұжымдармен бірлесіп, аянбай еңбек етіп, айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Қандай лауазымда болса да қарапайымдылығынан айнымай, барлық ынтасымен өз міндетін қалай да жақсы орындауды ғана ойлады. Кәсібіне адал берілген ол бәз біреулер секілді күйбің тірліктің күйкі мәселелерінен биік тұрып, бойын аулақ ұстады. Іштегі ойларын тура айта салатын алғырлығының арқасында қай тұста, қай ортада да көзі жеткен шындықтан айналып өткен емес. Біреуге ұнар, біреуге ұнамас деп күлбілтелемей, айтарын анық айтты, артық кетсе, қайтар жерін және білді.
Облысымыздың мал дәрігерлігі саласына өзіндік үлесін қосқан Бағытжан Қамиұлы сіңірген еңбегі нәтижесінде «Ерен еңбегі үшін» медалімен, республика Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасымен, ҚР кәсіподағы төрағасының грамотасымен және бірнеше дүркін «Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісімен марапатталған еді.
Мария ханымдай жар тауып, төрт қыз, бір ұл өсірген абзал әке салған сара жолдан ұрпағы еш тайған емес. Жоғары білім алып, барлығы да еңбекке араласты. «Әке шырағы сөнбейді» деген осы болса керек…