Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық: жәбірленушіге мемлекет қалай көмектесе алады?

img 2403 Құқық

Президент тапсырмасына сәйкес отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қатаңдатылғаны белгілі. Ал, Атырау өңірінде ахуал қандай, қатыгез қылмыстардың алдын алу үшін не істеу керек? Тақырып төңірегінде Атырау облысы прокурорының аға көмекшісі Асланбек Байбосыновпен сұхбаттастық.

img 2404

–Асланбек Серікұлы, соңғы 3-4 жылда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты сұмдық жағдайларды естіп жүрміз. Мұндай мәселенің көбеюіне не себеп болуы мүмкін…

– Көптеген отбасындағы бұл проблема бүгін ғана туындап отырған жоқ. Толық емес отбасы, ажырасу, ерлі-зайыптылар жанжалы, сондай-ақ, жалғызбастылар проблемасы бұрын да болған, бірақ, оған жете мән берілмесе керек.

Тағы бір себеп, қазір адамның өзінің жеке өміріне, некеге, ерлі-зайыптының сүйіспеншілік және рухани қарым-қатынас тұрғысынан талаптары арта түскен. Сондықтан, отбасындағы түрлі қарама-қайшы көзқарастардың сәйкес келмеуі зорлық-зомбылық әрекетке ықпал етуі мүмкін.

Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстандағы отбасылардың едәуір бөлігінде қатыгездік күнделікті өмір салтына айналды ма дерсің?..

Облыс аумағында да мұндай деректер бар. Бірақ өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, зорлық-зомбылықтың аз-мұз төмендегені байқалады. Биылғы 1 шілдеден бастап 25 адам ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 438-бабына сәйкес жауапқа тартылды.

Жыл басынан бері облыста отбасылық-тұрмыстық салада 24 (16) қылмыс жасалған. Тергеп-тексеру нәтижесімен 15 (7) іс сотқа жолданған, 9 (9) іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған. Аталған санаттағы істердің тергелуі облыс прокуратурасының тұрақты бақылауына алынады.

Сонымен қатар, өз үйінде отбасы тыныштығын бұзған 2 189 тұлға ӘҚБтК-тің 73-бабымен жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде жәбірленушінің денсаулығына «жеңіл» зиян келтіргені үшін (ӘҚБтК-тің 73-1-б.) – 331 және ұрып-соққандары үшін (ӘҚБтК-тің 73-2-б.) – 1108 әкімшілік хаттама толтырылған.

Отбасы-тұрмыстық саладағы құқық бұзушыларға 2635 (2585) қорғау нұсқамалары шығарылған. Қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін (ӘҚБтК-тің 461-б.) 169 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сотпен қамауға алынды.

Сотпен 553 адамның мінез-құлқына ерекше талаптар қойылып, ерекше талаптарды бұзғандары үшін  (ӘҚбтК-тің 669-б.) 445 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылған.

Есепті мерзімде сот шешімімен мәжбүрлеп емдеу мекемесіне маскүнемдікке шалдыққан 47 (46) тұлға орналастырылған. Бұдан басқа, мас күйінде жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында ол тұлғалар уақытша оқшаулау және детоксикациялау орталығына жеткізіледі.

139a7e9b 7496 4889 a2e7 dd9aaa723bb5 1

– Осы тұста ҚР ҚК және Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне енгізілген өзгертулер жөнінде не айтар едіңіз?

– Иә, еліміздегі жағдайға талдау жасап, халықаралық тәжірибені ескере отырып, заңнамаға өзгертулер енгізілді. Әдетте зардап шегушілер өміріне немесе денсаулығына қауіп төнген кезде полицияға шағым түсіреді де, кейін арыз жазудан бас тартып жатады. Полиция қызметкері кеткеннен кейін отбасында жанжал жалғасып, кейде оның соңы ауыр зардаптарға соқтырады.

Заңға енгізілген түзетулер зардап шегушінің арызынсыз, тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі негізінде әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғауға мүмкіндік берді. Хаттама толтыру үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау мен бейнетіркеушінің жазбалары болса, жеткілікті, түпкілікті шешімді сот қабылдайды.

Екіншіден, тараптарға қайталама татуласу мүмкіндігі берілмейді. Енді сотта отбасы мүшелері бір рет қана татуласа алады, бұл зардап шегушіге психологиялық қысым көрсетуге тосқауыл қояды.

Үшіншіден, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қатаңдатылды. Әкімшілік қамақтың нақты мерзімдері белгіленді. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің жекелеген баптарына өзгерістер енгізілді. Қылмыстық кодекске өзгерістер биылғы 19 мамырдан, ал Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне 1 шілдеден бастап күшіне енді.

–Ал, жанжал шығарушы қандай жауапкершілікке тартылады?

– 2022 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысымен өз Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату жөнінде тапсырма беріліп, ол үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтілді.

Егер бұрын соттар отбасылық зорлық-зомбылық жасаушыны бір тәуліктен бес тәулікке дейін қамауға алумен шектелсе, енді оған ескерту жасалады немесе бес тәулікке қамауға алынады.

Егер агрессия қайталанса, ол 10 тәулікке қамауға алынады. Ұрып-соққаны анықталған жағдайда 10 күнге қамау жазасы қолданылады. Егер қайталанса, қамауға алу мерзімі 15 тәуліктен 20-ға дейін ұзартылады.

Денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін 15 тәулікке қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған, қайталанған жағдайда бұрынғы 20 тәуліктің орнына 25 тәулікке қамау жазасы белгіленді. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңнан қорғаныснұсқамасын бұзғаны үшін ескерту алынып тасталды. Ескертудің орнына 10 тәулікке қамауға алу қарастырылған.

Бұдан басқа Қылмыстық кодекстің жекелеген баптарына, атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 106 және 107-баптарына ауыр зиян келтіру және денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіру туралы «кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділіктегі адамға қатысты іс-әрекет жасау» ұғымы енгізілді.

Бұл қылмыскерді оқшаулау үшін қамауға алу түріндегі санкцияны қолдануға мүмкіндік береді, сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 106-бабы бойынша 10 жылға дейін және 107-бабы бойынша 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жауапкершілігі көзделген.

– Енді «Зорлық-зомбылыққа ұшыраған адам не істеуі керек, алғашқы әрекеті қандай?» деген сұраққа келсек…

–Алдымен, полицияға «102» нөмірі арқылы қоңырау шалып, ауызша болған жағдайды айтыңыз немесе qamqor.gov.kz порталы арқылы онлайн өтініш беруге болады.

Жәбірленушінің құқық бұзушыға шара қолдану үшін полиция қызметкерлерін шақыруға және сот-медициналық куәландыруға жолдама талап етуге құқығыңыз бар. Полиция қызметкерінің өтінішті қабылдаудан бас тартуға құқығы жоқ.

Ал, ұрып-соққан болса, дереу «103» нөмірі арқылы жедел жәрдем шақыру керек. Жедел жәрдем бригадасы да полицияға қоңырау шалады.

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны агрессорға қатысты мәлімдеме жазады, содан кейін рәсім жоғарыда сипатталғандай жүзеге асады.

Кез-келген азамат отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша «111» нөміріне қоңырау шала алады. Байланыс орталығының операторлары отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, буллингке және басқа да мәселелерге тап болғандарға психологиялық қолдау көрсетеді. Бұл ретте консультанттар қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларға көмектесу үшін жедел топтармен тікелей байланыста жұмыс істейді.

Егер ішкі істер органдарынан, әйелдердің құқықтарын қорғау жөніндегі инспекциядан кері байланыс болмаса, тұрғылықты жеріңіз бойынша прокуратураға (8 7122) 27-08-06) хабарласу қажет.

–Облыс аумағында қандай орталық бар, қандай көмек көрсетеді?

–Жәбір көрген әйел Атырау қаласының әйел адамдарға арналған Дағдарыс орталығына тікелей жүгіне алады. Онда балаларға, жастарға және зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға арналған тәулік бойы ұлттық сенім телефоны (8 7122 46-60-60; 8 701 280 07 21; 150 нөмірі) жұмыс істейді.

Оған облыстың кез-келген тұрғыны 24/7 режимінде тегін қоңырау шалып, өтінішін қазақ және орыс тілдерінде айтуға болады. Дағдарыс орталығы әйелдерге қызмет көрсету стандартына сәйкес құқықтық, психологиялық, заңгерлік, алғашқы медициналық және басқа да көмек көрсетеді. Мұнда 6 айға дейін паналауға болады.

Қазір аталған мекемеде 14 жасөспірім бала мен 5 әйел адам, барлығы 19 адам тұрып жатыр.

Айта кетейін, орталықта «Аналарды қолдау» қоғамдық бірлестігімен оларға әр түрлі мамандықтарды (қолөнер, декор, smm және т.б.) оқытады.

–Уақыт бөліп, сауалдарға жауап бергеніңіз үшін рақмет.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз