
Отбасы — Отан тірегі
Бүгін Халықаралық отбасы күні елімізде кең көлемде аталып өтуде. Бұл мереке — әр отбасының қоғамдағы маңызын дәріптейтін айтулы күн. Осыған орай Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде де тағылымы мол іс-шаралар өтіп, бірлігі бекем әскери отбасылардың еңбегі ұлықталуда, — деп хабарлайды аталған өңірлік қолбасшылықтың баспасөз қызметі.

Қазір бұл өңірлік қолбасшылыққа қарасты әскери бөлімдерде 40-қа жуық әскери отбасы Отан қорғау ісіне белсенді атсалысып келеді. Қатал тәртіп пен темірдей жауапкершілікке қарамастан, олар қызмет пен тұрмысты ұштастырып, елге адал қызмет етудің үлгісін танытып отыр. Мұнда отбасы — сарбаздың рухани тірегі, ал отбасындағы береке мен өзара түсіністік — табысты қызметтің басты кепілі.

Мерекеге орай әскери бөлімдерде отбасылық спорттық шаралар өткізілуде. Бұл игі бастама ұжым ішіндегі ауызбіршілікті арттырып, әскери отбасылардың қоғамдағы рөлін тереңірек ұғынуға мүмкіндік беріп отыр. Шаралар әскерилер мен олардың жанұяларына рухани серпін беріп, жағымды эмоциялар сыйлауда.
