Ойсыздардың ойыны
Соңғы жылдары елде лудомандық белең алып, талай отбасының шаңырағы шайқалды. Қаншасы букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың торына түсіп, тапқан-таянғанын «жеңіл жолмен ақша табамын» деп желге ұшырды?! Ендеше, осы тақырып төңірегінде Атырау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Бекболат Анесовке хабарласып, заңсыз ойын бизнесімен күрес туралы сұхбаттасқан едік.
Келеңсіздіктің кесірі көп
– Біздің қызметкерлер оқушылар мен студенттер арасында кездесу ұйымдастырып, қаржы пирамидасы мен ойынқұмарлықтан аулақ болуды ескертеді. Кездесуге мұндай келеңсіздіктің салдарын түсіндіретін психологтар мен дін өкілдері де қатысады. Былтыр жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жасырын казино анықталып, оны ұйымдастырған адамды сот кінәлі деп тапты. Ондағы ойыншылар да әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ онлайн трансляция арқылы заңсыз ойын бизнесін жүзеге асырған адамға қатысты сот үкімі шықты, — деген басқарма басшысы заңсыздыққа жол берілмейтінін тілге тиек етті.
Тұрғындар аталған мәселе бойынша немесе қаржы саласындағы құқықбұзушылық деректерді «1458» Call-орталығына хабарлай алады. «Тәулік бойы қызмет істейтін «қауырт желі» мамандары хабарламаны қабылдап, кеңес береді және бұл туралы тиісті шаралар міндетті түрде қабылданады» деп нақтылады Б.Анесов.
Осыдан бір ай бұрын Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын. Жаңа заң бойынша ойын бизнесін ұйымдастырушыларға арналып ойын мекемелерінде және өздерінің интернет-ресурстарында құмар ойындарға қатысудың және бәс тігудің қауіптілігі мен зияны туралы ескертулерді орналастыру туралы міндеттеме енгізілді. Заң ойын мекемелерінің, букмекерлік кеңселердің немесе лотереялардың жұмысының типтік ережелерін қабылдауды көздейді.
Заңдағы шектеулер қандай?
Иә, көптен күткен заң қабылданып, лудоманияның тамырына балта шабатын қадамдар жасалды. Дәуір дертіне айналған бұл мәселе енді заң жүзінде қалай реттелмек?
Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген жеке тұлғалардың құмар ойындарға қатысуына және бәс тігуіне тыйым салатын талаптар жаңа заңға енгізілген. Мұндай адамдардың саны – шамамен 3,5 миллион адам. Осылайша, қабылданған шаралар букмекерлік кеңселердің әлеуетті клиенттерінің санын азайтуға бағытталған. Сонымен бірге, жоғарыда аталған тұлғаларды құмар ойындар мен бәс тігуге тартқаны үшін заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны туралы бап енгізілген.
Бұдан бұрын Үкімет заңсыз ойын бизнесіне және лудоманияға қарсы күрестің 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын қабылдаған еді. Ол бойынша ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі туралы заңның негізгі ережелерімен толық үйлестірілген.
Белгілі заңгер, құқық қорғаушы Рысты Қалиеваның айтуынша, соңғы кезде құмар ойынның құлына айналғандардың қатары көбейе түсуде.
– Заң нормаларына сәйкес, мемлекеттік қызметкерлерге құмар ойындардың кез-келген қызметі – букмекерлік кеңселер, казинолар және онлайн казинолар шектелетін болады. Осылайша, жалпы саны 280 мыңға жуық адамды құрайтын әскери қызметкерлер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға қатыса алмайды. Заңды бұзған жағдайда оларға қатысты келеңсіз себептермен жұмыстан босатуға дейінгі қатаң шаралар қолданылатын болады, — деген заңгер жаңа заңның жаңалығымен бөлісті.
Заңда құмар ойындарға тәуелді адамдарды медициналық оңалту тәртібі де анықталған. Яғни, медициналық құпия сақтала отырып, құмар ойындарға тәуелді жандардың жағдайы бақыланады.
Заң байланыс операторларына құмар ойындар мен бәс тігуге арналған жарнаманы қамтитын хабарламаларды жіберуге тыйым салады. Букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың орналасқан жерінде, спорт құрылыстарының ішінде және спортшылардың жабдықтарында орналастырылғандарды қоспағанда, ғимараттарда, көлік құралдарында букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар ғимараттарының сыртқы жарнамасына тыйым салынады.
Түйін. Әр адам өз іс-әрекетіне әділ баға беріп, өзінің жат қылықтарын тізгіндей біліп, бойындағы жаман-жақсы әдеттері үшін жауап бере алса, бұл дәуір дерті де алыстан айналып өтері анық.
Майра СЕЙІТҚАЛИҚЫЗЫ