
Құқық
Облыста 2 мыңнан астам сайт бұғатталды
Өңірімізде жыл басынан бері 300-ден астам киберқылмыс тіркелді. Олардың басым бөлігі интернеттегі алаяқтықпен байланысты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Алаяқтар көбіне WhatsApp, Instagram, Telegram, Facebook желілерін және шетелдік нөмірлер мен фейк аккаунттарды пайдаланады. Жыл басынан бері 50-ге жуық күдікті ұсталып, 133 іс сотқа жолданды. Қалған деректер бойынша тергеу амалдары жалғасуда.

- Атырау облысында тіркелген киберқылмыстардың басым бөлігі интернет-дүкендер арқылы жалған тауар сату, өзін банк қызметкері ретінде таныстырып алдау және фишингтік сілтемелер арқылы жеке деректерді ұрлау тәсілдерімен жасалып отыр. “Кибербақылау” платформасымен 2000-нан астам фишингтік сайт анықталып, бұғатталды. Байланыс операторларымен бірге жалған нөмірлер мен алаяқтық қоңырауларды анықтау, тұрғындарға SMS арқылы ескерту хабарламаларын тарату жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Азаматтарды киберқауіпсіздік ережелерін сақтауға және күмәнді жағдай туындағанда 102-ге хабарласуға шақырамыз,-деді Атырау облысы ПД жедел уәкілі Расул Жолдас.
Сондай-ақ мектептер мен колледждерде киберқауіпсіздік бойынша арнайы лекциялар өткізіліп, 20 мыңнан астам тұрғынды қамтыған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Интернеттегі алаяқтықтың жолын кесу мақсатында «Киберпол» жедел тобының да жұмыс істейтінін айта кетейік.