
Нашақорлықтың алдын алу — ортақ жауапкершілік
Атырау облысында 130 құқықтық түсіндірме жұмысы, он шақты спорттық және шығармашылық іс-шара, 40 рейд жұмысы мен ата-аналар жиналыстары өткізілді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовтың төрағалығымен өткен жиында баяндалды, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атырау облысы бойынша нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес 24 колледж, 229 мектепте нашақорлықтың алдын алу жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асуда. Айта кетсек, «Таңдау сенің қолында» атты форумда 200-ге жуық студентке нашақорлықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Облыстық мәслихат отырысында депутаттар жастар арасындағы электронды темекінің қолданылуы, ұсақ құқықбұзушылықтар мен есірткіге тәуелділік мәселелерін талқылады. Полиция департаментінің басшысы тұрғын үйлердің қауіпсіздігі туралы ПИК және МИБ басшыларымен кездесті.

Білім беру ұйымдарының парақшаларында заманауи синтетикалық есірткілердің, нашақорлық мәселелерін және жасөспірімдердің есірткінің заңсыз айналымына қатысуының құқықтық салдарын түсіндіруге бағытталған 1300-ден астам жарияланым жасалды. Сондай-ақ ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарының жоспарына сәйкес «Ойын және интернетке тәуелділіктің, лудоманияның алдын алу», «Балалардың компьютерлік ойындарға тәуелділігін қалай еңсеруге болады?» сынды сұрақтар бойынша 27 мыңдай ата-ананың қатысуымен 200 сабақ өтті. Сабақтан тыс уақытта ата-аналардың балаларына бақылау жасауын күшейту, жасөспірімдер арасындағы келеңсіз оқиғалардың алдын алу мақсатында құқық қорғау органдарының қатысуымен 1500-дей жиналыс өткізілген.
Нәтижесінде білім беру басқармасы нашақорлықтың алдын алуға бағытталған бейнероликтер дайындап, білім беру ұйымдарына таратуды ұсынды. Полиция департаментінің ұсынысы бойынша Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мемлекеттік органдармен өзара байланысты жандандырып, нашақорлыққа қарсы кешенді жоспардың толық орындалуын қамтамасыз ететінін мәлім етті.