Жарнама
Құқық

Мопедшілерге тықыр таялды

Өткен жылдары «мопедші жолаушыны қағып кетті», «мопедке мінген жасөспірім жол апатынан көз жұмды», «мопедшілер жол ережесін жиі бұзады» деген тақырыптағы ақпараттан көз сүрінетін еді. Бұл қоғамда күрмеуін шешетін күрделі мәселеге айналғаны рас.

Жол ережесін жиі бұзатын, дарылдатып-гүрілдетіп айналасын азан-қазан қылып жүретін мопедшілерге қатысты жұрттың арыз-шағымы көп. Ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерден «Мопедші жолаушыны қағып кетті», «мопедке мінген жасөспірім жол апатынан көз жұмды», «мопедшілер жол ережесін жиі бұзады» деген хабарламаларды да жиі көретін болдық. Осы жағдайға тоқтау бола ма? …Халықтың жанайқайы ел басшылығында отырғандардың да құлағына жеткен секілді. Мопедтің мәселесін депутаттар биік мінберден көтерді. Проблема қоғамның талқысына түсіп, қызу талқыланды. Соның нәтижесінде былтыр қазан айында Президент «Жол жүрісі туралы» заңға өзгерістер енгізу жөніндегі құжатқа қол қойды. Енді биылғы 5 сәуірде бұл түзетулер ресми түрде күшіне еніп, мопед жүргізушілері көлік иелерімен бірдей жауапкершілік арқалап отыр.

– Күн жылына жасөспірімдер мопедке мінгесіп отырып алып, қағылып-соғылатын жағдай жиілейді. Мәселен, былтыр өңірде мопедтер мен скутерлердің қатысуымен 147 жол көлік оқиғасы тіркелсе, жыл басталғалы 15 жол көлік оқиғасы болып, соның салдарынан 5 адам дене жарақатын алған. Ал 70 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізіліп, 6 адам қаза тапты, — деді Әкімшілік полиция басқармасы процессингтік орталығының бастығы Жеңіс Дәулетов.

Тәртіп сақшылары көп жағдайда өз өмірлерін ғана емес, өзгелердің де басын қатерге тігіп, қаптаған көлік арасында жол ережесін ескермейтін мопедшілер кінәлі деген пікірде.

Ж.Дәулетовтің айтуынша, бұрын мопед тізгіндегендер жол-көлік оқиғасына себепші болса да ең төменгі айыппұлмен құтылып кететін. Енді «Жол жүрісі туралы» заңдағы өзгерістер бойынша мопедтер механикалық көлік құралдарына теңестіріліп отыр. Мәселен, бұрын жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін мопед жүргізушілері 2 АЕК айыппұл төлесе, енді 5 сәуірден бастап жол қозғалысының өзге де қатысушылары ретінде жауапкершілікке тартылады.

– Мопед жүргізушілері механикалық көлік құралдарының жүргізушілеріне жүктелген барлық жауапкершілікті көтеретін болады. Бұл ретте мопедтерді тек «А1», «А» немесе «В» санатындағы жүргізуші куәлігі бар тұлғалар ғана басқара алады. Тіркелмеген немесе жүргізуші куәлігінсіз мопед тізгіндеген жүргізушілерге әкімшілік шаралар қолданылады. Көлік құралын жүргізу куәлігі жоқ күйінде тізгіндесе 78640 теңге, мемлекеттік нөмірлік тіркеу белгісі жоқ болса 39320 теңге айыппұл салынады, — деп нақтылады Жеңіс Дәулетов.

Мопедті тіркеп үлгермесең…

Әзірге облыс бойынша Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында 650 мопед тіркелген. Бұдан бұрын 5 сәуір мопедтерді тіркеудің соңғы күні болып белгіленген еді. Процессингтік орталықтың бастығы Жеңіс Дәулетовтің айтуынша, екі дөңгелекті көлігін тіркеп үлгермеген жүргізушілер Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, кедергісіз есепке қоюына болады.

– Мопедті тіркеу жүргізіле береді. Сондықтан үлгермеген тұлғалар көлікті есепке қойып, содан кейін барып жолда жүруіне болады. Заң бойынша мопедке мемлекеттік нөмір мен техникалық төлқұжат қана емес, сақтандыру полисін де рәсімдеу керек. Алдағы уақытта облыс аумағында рейдтік тексерістер ұйымдастырылып, тіркеусіз жүрген мопедтерге шара қолданылады. Бұл шектеу максималды жылдамдығы сағатына 50 шақырым болатын мопедтерге қатысты, — деген басшы мұндай көлікті міндетті тіркеу қайғылы статистиканы азайтуға себеп болады деген сенімде.

Ж.Дәулетов көлік иелерінен мопедтерді тіркеуді кейінге қалдырмауды, қажет болған жағдайда автомектепте қажетті білімді меңгеріп, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігін алуға кеңес берді.

Кім көрінген мопед мінбейді

Енді бұрынғыдай кім көрінген мопед міне алмайды. Оны есепке қою үшін техниканың иесі Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына баруы қажет. Сол жерде жеке басын куәландыратын құжаттарды электронды түрде көрсетеді. Содан соң техникалық құжатты немесе мопедтің техникалық сипаттамалары туралы мәліметті ұсынады. Өтініш толтырып, мопедті тексеріп, мемлекеттік бажды төлейді.

Атырау қаласында Руслан Абдугусейнов мопедті алғашқы болып ресми тіркеп отыр. Қала тұрғынының айтуынша, мопед маусымының басталуын күтпестен, көлік құралына мемлекеттік нөмір алуды жөн көрген.

– Мопедтерді міндетті тіркеуді қолдаймын. «Талап бар жерде тәртіп бар» демей ме, жасөспірімдердің барлығы мопед мініп жолға шығып кеткені рас. Өзім тәжірибелі мотожүргізушімін, жолда көбінің ереже білмейтінін көріп жүрмін. Ондайлардың кесірі басқа көлік жүргізушілерге тиіп жатады. Қозғалыс қауіпсіз болуы үшін техниканы тіркеу қажет деп санаймын, — дейді пікірімен бөліскен Руслан.

Соңғы жылдары мопед тізгіндегендердің салғырттығынан жол апаты жиілегені рас. Жолда желмен жарысқан жастар  көліктердің арасымен жүйткігенде өзінің ғана емес, жаяу жүргіншінің де, автомобиль жүргізушісінің де өмірін қатерге тігетінін ойлап жатпайды.

Мопедке мініп алып, қала көшелерінде делебесі қозып, желігіп жүрген кейбір жастардың кесірі мопедті тақымдап, кәсіппен айналысып жүрген жандарға да тиіп жатыр. Қаладағы қоғамдық тамақтану орнында курьер болып қызмет істейтін Аман Жанғалиев жүргізушілерге ортақ ереженің енгізілгенін қолдайды.

– Мен фастфудке тапсырыс берген адамдарға сұраған ас-суын «суытпай-ақ» мопедпен жеткізіп беремін. Тиімді көлік құралы – бензин кетпейді, кептелісте де кідірмеймін. Өз басым көлікті ереже бойынша жүргіземін, басымда шлем де бар. Қызметім осы көлікпен байланысты болғандықтан мопедті техникалық байқаудан өткізіп, баж салығын төледім, тиісті мемлекеттік тіркеу нөмірін алдым, — деді курьер жігіт.

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарының айтуынша, мемлекеттік қызмет көрсетудің талаптары мен стандарттарына сәйкес 90 минут ішінде құжат тапсырғаннан кейін өтініш беруші өзінің мемлекеттік нөмірі мен техникалық құжатын алады. «Мопедтерді басқару үшін мопед иесінің «А1», «А» немесе «В» санатындағы куәліктері болуы керек. Ал 16 жастағы жасөспірімдерге «А1» категориясын оқып, куәлік алып мопедтерді басқаруға болады» деген пікірін білдірді мамандар.

Сонымен «Жол жүрісі туралы» заңдағы өзгерістерге сәйкес, қозғалтқышы 50 текше метрлік мопедтер ресми түрде механикалық көліктерге теңестірілді.

– Ал мемлекеттік нөмірі және тиісті құжаты жоқ мопедтерді жүргізуге тыйым салынады. Мопедті басқару кезінде қырағы болу, жылдамдық режимінің, жол белгілері мен таңбалардың талаптарын қатаң сақтау қажет. Сондай-ақ шлемсіз жүруге жол берілмейді, — деп түсіндірді процессингтік орталығының бастығы Жеңіс Дәулетов.

Полиция өкілінің айтуынша, жолдағы барлық тәртіп бұзушылықтар автоматты тіркеу камералары арқылы жазылып отырады. Сондықтан жауапкершіліктен қашып құтылу мүмкін емес.

Иә, біраз жылдан бері көпшіліктің ашуына тиген мопедшілерден енді жолда жауапкершілік сұралады. Оларға қатысты заңдағы жаңашылдық жолдағы жайсыздықтарға тосқауыл бола ма, оны уақыт көрсетер.

Майра ЕРҒАЛИ

Мопед жүргізушілері қандай жағдайда жазаланады?

мас күйінде көлік жүргізу (15 тәулікке қамақ және 7 жылға жүргізуші құқығынан айыру);

жүргізуші куәлігі болмаса немесе бұрын құқығынан айырылған адам көлік басқарса;

жылдамдықты арттыру;

қауіпті маневр жасау немесе қарсы жолаққа шығу;

қызыл жарыққа өту;

жаяу жүргіншілерге жол бермеу;

жол белгілерін, сызықтарын, қиылыстан өту ережелерін бұзу;

рұқсат етілмеген жарық немесе дыбыс сигналдарын пайдалану;

апаттық жағдай тудыру.

√ мопедті тіркегені үшін – 983 теңге;

√ тіркеу туралы куәлік беру – 4 915 теңге;

√ мемлекеттік нөмір –  5 505 теңге.

Мототехниканы тіркеу үшін керек құжаттар: 

– жеке куәлік немесе оның сандық аналогы;

– техникалық құжат (бар болған жағдайда) немесе ашық көздерден алуға болатын мопедтің сипаттамалары туралы ақпарат.

Мопедтерді тіркеу бойынша ақпарат

5 сәуірден бастап мопедтер ресми түрде механикалық көліктерге жатқызылады.

Өзгерістерге сәйкес:

* мопедті алдын ала тіркеу қажет;

* А1, А немесе В санатындағы жүргізуші куәлігі болуы;

* техникалық тексеру мен азаматтық жауапкершілікті сақтандырудан өту қажет болады.

Тіркеу үшін тұрғылықты жері бойынша ХҚКО-ға

(жеке куәлік және мопедтің техникалық құжаты, сипаттамалар) құжаттармен жүгіну қажет.

Қосымша сұрақтар бойынша:

8 (7122) 98 23 11;   8 (705) 179 45 28;   8 (7122) 98 23 15.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button