Мен – погонды журналиспін!

img 20220818 wa0037 Құқық

Бұрын тәртіп сақшыларын тек сыртынан қарап немесе теледидарлардан көретін едім. Шағын ауылда қарапайым отбасыда өсіп, бала кезде «тентек болсан милиция шақырып, беріп жіберем» деген үлкендердің сөзінен полиция қызметкерін қорқынышты адам ретінде көретінмін. Есейе келе, мектеп бітіріп, үлкен ортаға келіп, жан-жақтағы адамдармен, айналамен таныс болдым. Журналист деген жан-жақты, ұшы-қиыры беймәлім мамандықты оқып жүріп, қиялға ерік беретін сәттер болады. Бірақ тосыннан келетін оқиғалар көп екен. Балалық балдырған кездегі «қорқынышты милиция» ағалармен жұмыс жасаймын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген еді. Бірақ, оқу бітіре сала, төрт жылдық білімнің нәтижесімен алғашқы тәжірибелік жұмысым Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне журналист маманы болудан басталды. Ең алғаш жұмысқа орналасқан сәттен-ақ, Ішкі істер минситрлігінің нұсқауымен «Погонды журналист» жобасы басталғанын естідім. Басында жоба қызық болып көрінді. Погон тағып, журналист боламын ба дедім. Осылайша, сырттай қорқынышты болып көрінетін полиция қызметкерлерінің жұмысын көре бастадым. Полицияның формасын киіп, иыққа ай күмбезді жұлдызы бар погонды таққан сәтте, сол погонмен бірге үлкен жауапкершілікті бірге арқалағандай болдым. Жауапкершілігі мол полиция қызметкерінің бір күндігін «погонды журналист» болып, тәртіп сақшыларының көпшілік білмейтін қиын да, күрделі жұмысын көрсеткім келді.

Қоғам тыныштығының күзетшісі болып, күн-түні қым-қуыт тіршілікте аянбай етіп жүрген патрульдік полиция қызметкерлерінің еңбегі өлшеулі екені белгілі. Аптап ыстық пен үскірік аязда да жол-қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жолдағы апаттың алдын-алатын да тәртіп сақшылары.

Атырау қаласының полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің бірі болып, бір күндік жұмысым басталды.

Таңғы уақыттағы жол қозғалысы басты назарда

Қалалық полиция басқармасында әдеттегідей таңғы саптық жиын өтеді. Жиында қызметкерлер топ-топқа бөлініп, жекелеген аумақ тәртібін бақылауға рейдке шығады. Таңғы уақыт тұрғындар қозғалысының ең қызған шағы. Жол кептелістері, асыққан көлік жүргізушілері. Тәртіп сақшылары орталық аудандарда жол қозғалысын реттеп, көлік жүргізушілерге жол ережесін қатаң сақтауды да ескертіп отырады.

Қазіргі уақытта Атырау қаласының аумағында жол қауіпсіздігінің алдын-алу мақсатында түрлі профилактикалық іс-шаралар өткізіліп жатыр. Соның бірі «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы. Көлік жүргізушілеріне арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жадынамалар да таратылуда.

Погонды журналист тәртіп сақшыларымен рейдте

Күндізгі уақыт шамасында патрульдік полиция батальонының взвод командирімен бірге рейдтке шықтым. Взвод командирімен бірге рейдтке шыққан кезде полицияның басқа бөліміне қарағанда, патрульдік полиция қызметкерлерінің жұмысының қиын да күрделі болып келетін түсіндім. Бір қолымен көлік басқарса, екінші қолымен рацияға шығып, қызметкерлермен байланыс орнатып отырған тәртіп сақшысы мені таңғалдырды. Әрине бұл оның жұмысы. Әйткенмен, жол ортасында жан-жақпен байланыс жасау кез-келген адамның қолынан келе бермейді. Учаскелік полиция инспекторлары мен бейнебақылау қызметкерлерінің қоңырауларын жауапсыз қалдырмай, бұған қоса айналадағы адамдардың қозғалысын да қалт жіберген жоқ. Осының бәріне бір уақытта үлгеріп отырған взвод командирі жол қауіпсіздігінен бірде-бір ағаттық жібермеді. Нағыз шапшандық. Нағыз білікті маман. Нағыз мықты полицей.

Рейд кезінде әкімшілік құқық бұзған автокөліктер анықталып, арнайы хаттамалар жасақталды. Көлік құралын сақтандыру полюсінсіз басқару – әкімшілк құқық болып табылады. Тәртіп сақшылары арнайы «Қорғау» бағдарламасының көмегімен, автокөліктердің сақтандыру полюсі бар жоғын оңай анықтай алады. Бағдарлама арқылы сақтандыру полюсі жоқ автокөлікті тоқтатып, жүргізушісіне тексеру жүргізді. Тексеріс кезінде сақтандыру полюсінің жарамдылық мерзімі 15 күн бұрын өтіп кеткендігі белгілі болды. Осы ретте, тәртіп сақшылары көлік жүргізушісіне көлік құралына қатысты барлық құжаттарға салғырттық танытпай, жауапкершілікпен қарауын ескерттік. Себебі, көлікті де заңды талапқа сай басқару міндеттелген.

Есірткілік мас күйде көлік басқарған жүргізуші анықталды

Көлікті масаң күйде басқару қозғалыстың басқа да қатысушыларына аса қауіп тудыратын әрекет болып табылады. Патрульдік полиция қызметкерлері тәулік бойына мас күйде көлік басқаратын жүргізушілерді үнемі жіті қадағалауда. Мәселен, тәртіп сақшыларымен бірге түнгі кезекшілік кезінде мемлекеттік тіркеу белгісі жоқ және алдыңғы екі бүйір терезесі қараңғылатылған көлік құралын байқап тоқтаттық. Алайда, автокөлік заңды талапқа бағынбай, кедергі келтіру арқылы тоқтатылды. Автокөлік жүргізушісін тексеру кезінде, көлік құралын басқару құқығы жоқ күйде және масаң күйде көлік басқару күдігі туындап, облыстық медициналық сараптамаға жеткізілді. Сараптама қорытындысы бойынша көлік жүргзушісінің есірткілік, психотроптық жеңіл мас күйде екенін анықтадық. Келтірілген деректер бойынша автокөлік иесіне әкімшілік хаттамалар жасақталып, көлік құралы арнайы тұраққа қойылды. Бұл тек бір ғана түнгі кезекшілік кезінде орын алған оқиға. Ай сайын тіпті жыл сайын мас күйде көлік басқаратындар саны жылдан жылға көбеюде.

Жұртқа жақын полицей                     

Полиция қызметкерлерімен бірге жұмыс жасаған екі айға жуық уақыт ішінде тәртіп сақшыларына деген көзқарасым түбегейлі өзгерді десемде болады. Бұрындары сыртынан тон пішіп, полиция десе қатігез адамдар деген ой келетін. Алайда, тәртіп сақшыларының ортасында, олардың жұмыс тіршілігін көрген кезде ғана қатігез, «қорқынышты милицияның» жоқ екенін білуге болады. Қоғамның тәртібі, тыныштығы үшін түн ұйқысы төрт бөлінсе де, ант берген адал қызметті абыроймен орындау олар үшін бірінші кезекте. Әр бөлімнің қызметкерлерімен танысып, әңгімелскен кезде «қандай ақкөңіл, кішіпейіл жан» деп таңғалған кездер көп болды. Әр күн сайын әртүрлі оқиғалар болады. «Жолда қалып қалған тұрғынға көмектескен тәртіп сақшысы», «қала тұрғыны тәртіп сақшыларына өз алғысын білдірді» деген сияқты тақырыппен күнделікті тұрғындардың полиция қызметкерлеріне деген алғысын көруге болады. Тіпті, күні кеше ғана көршілес Ресей елінен Атырауға туысының үйіне қонаққа келіп, көше бойында адасып қалған егде жастағы қарияға көмектесіп, үйіне дейін апарып тастаған полиция қызметкерлері де алғысқа лайық. Менің түсінігімдегі «жұртқа жақын полицей» осындай.

Бір күндік полиция қызметкері болу мен үшін әсте қиын болды. Әдемі форма мен ай күмбезді погонның жүгі өте ауыр. Жауапкершілігі жоғары бұл қызметке антына адал,  өз міндетін абыроймен атқарып, еңбек ете білген тәртіп сақшылары әбден лайықты. Бүгінгі бейбіт күннің қаһармандары – тәртіп сақшылары.

Ақтілек Нұроллаева

img 20220818 wa0036
img 20220818 wa0033
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз