
Мемлекеттік сатып алуда «былық» бар ма?
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелділігінің өзекті мәселелері» атты форсайт сессия өтті.

Іс-шараға «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс республикалық қоғамдық бірлестігі өңірлік филиалдарының директорлары (онлайн); «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс РҚБ Атырау облысы филиалының кеңес мүшелері; квазимемлекеттік сектор өкілдері, ЖОО өкілдері қатысты.
Форсайт сессияда мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлықты алдын алу және оған қарсы күрес жүргізу, мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелділігінің болашақтағы ортақ пайымын және азаматтық қоғамды дамыту жолдарын құру, қоғамның әр-түрлі орталарындағы, соның ішінде мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу, профилактикалық жұмыстарын насихаттау туралы сөз болды.

Секциялық мәжіліс модераторы «Жаңару» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс РҚБ Атырау облысы бойынша филиалының төрағасы Саламат Идрисов шараны ашып берсе, «Жаңару» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс РҚБ төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Қоғамдық кеңесі Президиумының мүшесі Бейбіт Мамраев пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерұлан Серікқалиев құттықтау сөзін сөйледі.

Жиында Атырау облысы мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының жетекшісі Азамат Салимбаев «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңындағы өзгерістер», ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалының директоры Еркебұлан Ғабдығапаров «Мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс: енгізу қажеттілігі мен оқыту практикасы» туралы айтты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті Превенция басқармасының бас маманы Айдана Аманиязова «Мемлекеттік сатып алудағы сыбайлас жемқорлық схемалары», Атырау облысы қоғамдық кеңесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық бақылау және құқық қорғау жөніндегі комиссия мүшесі Серік Қадыров «Қоғамдық бақылау Заңының жүзеге асырылуы және алғашқы нәтижелері», Атырау облысы прокурорының аға көмекшісі Саид Ажмұхамедов «Мемлекеттік сатып алу заңнамасындағы прокурорлық қадағалаудың рөлі туралы» тақырыптарында мазмұнды баяндамалар жасады.
Шара соңында көтерілген мәселелер талқыланып, мамандар тарапынан ұсыныстар айтылды.
Майра ЕРҒАЛИ