Мемлекетке 1,9 трлн. теңгенің заңсыз активтері қайтарылды: олардың ішінде зергерлік бұйымдар мен тарихи жәдігерлер бар
2022 жылдың басынан бері 1,9 трлн теңге болатын активтер қайтарылды. Бұл жайлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков айтты. Бұл туралы kursiv.media хабарлады.
«2022 жылдың басынан еліміздің құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік, уәкілетті мемлекеттік органдардың дәстүрлі шараларымен құны шамамен 1,5 трлн теңге болатын активтер қайтарылды. Бұл қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бойынша мемлекет пайдасына өндірілген сомалар мен мүліктер және мемлекеттік органдардың бақылау, қадағалау қызметі аясындағы өндірулер», – деді комитет басшысы.
Сүйіндіковтің айтуынша, активтер ерікті түрде қайтарылады, ал егер ерікті қайтармаса, мәжбүрлі түрде қайтарылуы мүмкін. Ал қайтарылған активтердің ішінде тұрғын үйлер және коммерциялық жылжымайтын мүлік, өндірістік база, тұрғын емес үй-жайлар, заңды тұлғаның жарғылық капиталдарына қатысу үлестері, аяқталмаған құрылыс, жер учаскелері, жылжымайтын мүлік объектісінің тауарлық-материалдық құндылықтары мен негізгі құралдары мен зергерлік бұйымдар да бар.
«Арнаулы комиссия жалпы сомасы 450 млрд теңгеге жуық 40-тан астам келісім жасауды мақұлдады. Олар заң субъектілері мен арнаулы мемлекеттік қорға 300 млрд теңгеден астам ақша аударуды көздейді. Оның 170 млрд теңгеге жуығы бүгінгі күні қор шотына түсті. Жасалған келісімдер бойынша 100 млрд теңгеден астам сомаға активтер, мемлекетке заттай түседі. 82 млрд теңгенің мүлігі қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компанияға берілді», – деді комитет өкілі.
Арнулы комиссия мақұлдаған 450 млрд теңге қаражатқа 1,5 трлн теңгенің активтерін қосқанда жалпы қайтарылған активтердің сомасы 1,9 трлн теңгеден асады.
Сүйіндіковтің айтуынша, активтердің дені Астана мен Алматы өңірлерінен қайтарылған.
«Біз қандай да бір активтер бойынша қисынды күмән болса, немесе ерікті қайтару бойынша келісім қай өңірде тіркелсе, сол бойынша жұмыс жүргіземіз. Ал негізінен қайтарылған активтердің көбі Алматы мен Астанада шоғырланған. Жер қойнауына қатысты активтер, өнеркәсіпке қатысты активте елдің әр өңірінен қайтарылатынын білесіз. Жалпы, активтерді қайтаруда өңірлік ерекшелік жоқ», – дейді Сүйіндіков.
Ал активтердің қайтарылу уақыты 1-2 айдан 5-6 айға дейін созылуы мүмкін. Ол активтердің қарапайым немесе күрделі болуына байланысты.
Жиында журналистер Назарбаевтар отбасынан қанша көлемде активтер қайтарылғанын сұрады. Алайда комитет өкілі заң бойынша құпиялылық сақтау туралы нормалар бар екенін айтып, жауап бермеді. Сонымен бірге активтердің қайтарылатыны туралы ақпарат теріс әсер етіп, ол активтердің құлдырап кетуіне себеп болуы мүмкін екенін айтады.