Жарнама
Құқық

Көресіні «Шерифтен» көрдік!..

Жуырда редакцияға хабарласқан исатайлық тұрғын Темірлан Ерғалиев Атырау мен Аққыстаудың арасындағы 60 км/сағат жылдамдықты сәл асырған жүргізушілерге айыппұл келіп жатқанына шағымданды. «Екі ортаның арасы 70 шақырым. Алайда, бұл жолда 5 «кибер-шериф» жүр. Олар жылдамдығын сәл асырған көліктердің бәріне айыппұл салуда. Мұның бәрін қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейді. Тұрғындарға 90 км/сағатпен жүруге рұқсат еткені жөн емес пе?» деген аудан тұрғыны қала орталығына жету үшін бірнеше рет айыппұл арқалағанына наразы.

Айыппұл арқалату апатты азайта ма?

Мұндай шағымдар облыс әкімдігінің телеграм-чатында да жазылған. Жергілікті жүргізушілердің бірі «Тас жолда 60 км/сағат шектеу қойылған. Көлік жүргізушілерінің дені айыппұл арқалап кетті. Басшылықтағылар, тас жолда 60 км/сағат жылдамдықпен жүру ақылға сыймайтынын түсінесіздер ме? Осы белгі мен шектеуді алып тастауларыңызды сұраймын» деп жазыпты.

Көптің көкейіндегі мәселе жөнінде Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Биғамбаевқа хабарласып, осы жағдайдың мән-жайын сұрадық.

–«Атырау–Астрахан» автомобиль жолының 616-833 шақырым аралығында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуіне байланысты елді мекеннен тыс жерлерде 60 км/сағат жол белгісі орнатылған. Қазақстан Республикасының жолда жүру қағидаларына сәйкес сары түсті жол белгілерінің толық заңды күші бар. Жол жүрісі туралы заңның 38-бабына көрсетілгендей, «Елді мекендерде жол жұмыстары және басқа да жұмыстар аймағында көлік құралдары қозғалысының ең жоғары рұқсат етілген жылдамдығын сағатына отыз километрден аспайтын, елді мекендерден тысқары жерлерде сағатына алпыс километрден аспайтын етіп белгілеу міндетті». Сондай-ақ «Жол жұмыстары орындалатын орындарда көлік құралының қозғалысын ұйымдастыру 2607-2015 Қазақстан Республикасының ұлттық стандарты» талаптарына сәйкес, барлық көлік түрлеріне ең жоғарғы жылдамдық 60 км/сағат жол белгісі орнатылған. Жылдамдықты шектеу белгілері жол жөндеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін өзгеретін болады, — деп түсіндірді басшы.

Жаңа жүйенің тиімділігі

«Кибер-шериф» құрылғысымен жабдықталған автокөліктер өңірдегі республикалық және жергілікті маңызды тас жолдардағы жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында қызмет етеді. Аталған жүйе – жол ережесін бұзушы, қауіпті жүргізушілерді дер кезінде анықтауға және автоматты түрде жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді. 360 градусқа бұрылатын камерасы бар құрылғы заң бұзушылықтың бәрін бірден анықтайды. Ол жылдамдығын асырған, айыппұлы бар, техникалық байқаудан өтпеген, сақтандыруы жоқ көліктерді, куәлігі жоқ жүргізушіні дереу тіркеп отырады.

– Облыс бойынша 28 «Кибер-шериф» кешенімен жабдықталған көлік бар. Патрульдік көліктердегі құрылғы жол апаты оқиғаларының санын азайтып, оның алдын алу үшін бағытталады. Оның бейнекамерасы 360 градуста көріністі бақылап, бір мезгілде 50 автокөлікті анықтайды. Сонымен қатар, стационарлық және қозғалыс кезінде жылдамдықты шектен тыс асыру, қарсы бағытқа шығу, ұрланған, уәкілетті мемлекеттік органдар тыйым салған көліктерді немесе борышкерлердің «темір тұлпарын» автоматты түрде анықтайды. Анықталған құқық бұзушылық деректері полиция қызметкерлерінің қатысуынсыз, автоматты түрде базаға түсіп, электронды хаттама қаулысы 1 апта ішінде көлік иелерінің мекен-жайларына жолданады, — деді полиция өкілі.

Ал, жол ережесін сақтамаған көлік жүргізушілеріне әкімшілік жаза қарастырылған. Талдау нәтижесі бойынша, жол апаттары жылдамдықты асырғаннан болып жатады. Атырау облысында жыл басынан бері 616 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жол апатынан 858 жолаушы зардап шегіп, 73 адам мерт болған.

– «Кибер Шериф» құрылғысының өзі 91153 құқық бұзушылықты анықтады. Сондықтан жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бақылау жұмыстары күн тәртібінен түспейді. Ал, әкімшілік жазаның мақсаты адамды тәртіпке шақыруды мақсат етеді. Айыппұлды бір төлейді, екі төлейді. Қалтасына салмақ салған соң жолдағы қауіпсіздік ережесін сақтап жүруді үйренуге мәжбүр болады, — деді Ерлан Валерийұлы.

Басқарма бастығының айтуынша, бұрын жылдамдықты асырған жүргізушіні полиция тоқтатып, айыппұл салатын. Қазір «Кибер-шериф» пайда болғалы бері кейбір жүргізушілер жылдамдықты асырғаны үшін өздеріне қатысты хаттама толтырылғанын байқамауы да мүмкін.

Мысалы, жуырда З.Қабдолов көшесі бойында «Кибер-шериф» құрылғысы айыппұлы бар BMW автокөлігін анықтады. Тексеру кезінде техника иесінің төленбеген 1 млн. теңге көлемінде 33 айыппұлы бары белгілі болды. Жүргізушіге тиісті талаптарға сәйкес, хаттама толтырылды.

Сақтансаң – сақтайды…

Полиция өкіліне тұрғындардың «жол бойында ешқандай анықтау белгісі жоқ (мигалкасы) көліктердегі патрульдік қызметкерлер жүргізушілердің ереже бұзғанын үн-түнсіз бақылап отырады» деген өкпе-назын да жеткізгенбіз.

–Жалпы, тас жолдарда 8 жасырын көк номерлі автокөлік қызмет етеді. Олар «Оракул Инсайт» кешенімен жабдықталған. Ішкі істер министрлігінің өткен жылғы 30 маусымдағы «Жол жүрісін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, жедел және арнайы қызмет органдарының өкілдері шұғыл қызметтік тапсырманы орындау кезінде көліктің жыпылықтайтын шамын қосады. Бұл өзге жол қозғалысына қатысушыларына қарағанда артықшылық береді. Осындай құқықты жедел және арнайы қызметтердің көлік құралдарының ілесіп жүретін көлік құралдарының жүргізушілері пайдаланады. Патрульдеу кезінде жыпылықтайтын шамдарды міндетті түрде пайдалану нормативтік құқықтық актілермен реттелмейтінін хабарлаймыз, — деп жауап берді Е.Биғамбаев.

Иә, халықтың «темір тұлпарға» деген сұранысы артқан сайын, одан туатын қауіп те көбейгендігі жасырын емес. Жол-көлік оқиғасының көбейгеніне алаңдаған тәртіп сақшылары жол ережесін бұзатын көлік жүргізушілерін осындай заманауи құрылғылармен жүгендеуді қолға алған.

– «Кибер-шериф» қондырғысы орнатылған арнайы патрульдік көліктер жол ережесін өрескел және бірнеше мәрте бұзған жүргізушілерді тез анықтауға ықпал етіп отыр. Жол ережелерін сақтап, апаттың алдын алу – әрбір жүргізушінің міндеті. Біз барар жерімізге тез жетеміз деп емес, заңдылықты сақтап, оның аясында жүруге өзімізді тәрбиелеуге тиіспіз, — деп ескертті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Биғамбаев.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button