Көптен күткен Заң
Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Заңдар (алдағы уақытта күшін жоятын «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Телерадио хабарларын тарату туралы») бұрын да болған. Бірақ әділін айтқанда ол солқылдақ Заңдар еді. Енді мына жаңа Заңда баспасөз, басқа да бұқаралық ақпарат құралдары жөнінде, оларға қамқорлық аясын кеңейту, журналистердің құқықтары мен бостандықтары, міндеттері жайлы өте орынды, нақты ұстанымдар көрініс берген.
Заңда мен сияқты жасы 80-нен асқан қарт журналиске журналистің ерекше статусынның белгіленуі, «Журналистің ерекше мәртебесі» деген ұғым енгізілуі, журналистер үшін қосымша құқықтық кепілдіктер белгіленуі көкейіме айрықша қонып, қуана қабылдадым. Бізден кейінгі жас буынды мұндай қамқорлық қанаттандырады, жұмыс істеулеріне кеңістік ашады деп ойлаймын.
Бірыңғай медиа платформа құру көзделуі өте-мөте дұрыс болған. Бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, интернет-ресурстарды қамтитын «масс-медиа» деген жаңа әрі анағұрлым кең ұғымның қалыптасуы табылған ақыл. Журналистердің ақпарат іздеуі, сұратуы және таратуына, ақпаратты қысқа мерзімде алуға мүмкіндік көзделуіне қатысты ұйғарымдар да жөнді деп ойлаймын.
Тұтастай алғанда «Масс-медиа туралы» осындай ойластырылған Заңды көптен күтен едік. Міне, ол жүзеге асты. Қуаныштымыз.
Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің құрметті профессоры