Жарнама
Құқық

Конституциялық реформалар – заман талабына сай жаңғыру

Тәуелсіздік – баға жетпес құндылық және ол Қазақстан халқының егемен ел болу жолындағы сан ғасырлық арманының орындалуы. Осыдан 30 жыл бұрын республика Конституциясының тарихи дамуының жаңа кезеңін бастады. Тәуелсіздік ақиқатқа айналды. Барлық саладағы жүйелі реформалардың айтарлықтай жүзеге асырылуы мықты мемлекетті құруға, мемлекеттік басқарудың берік демократиялық негіздерін, сонымен қатар азаматтық қоғамның қажетті элементтерін салуға мүмкіндік берді. Қазақстан мемлекетке қажетті атрибуттарды заң тұрғысынан ресімдеу мәселелерін ойдағыдай шешті, мемлекет билігінің біртұтастығы мен бөліну қағидатына негізделетін оңтайлы саяси жүйені құрды. Бейбіт өмір сүру, жаһандық және өңірлік деңгейде белсенді интеграциялық саясат идеяларын ұстану арқасында, ядросыз әлем, басқа да бастамалары үшін Қазақстан халықаралық қатынастардың толық құқықты әрі беделді субъектісіне айналды. Мемлекет басшысының үйлестірілген сыртқы саясатының нәтижесі Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтағы күмән тудырмайтын беделі болып отыр.

Біздің ел құқықтық мемлекет құру жолына бірден түскен жоқ, ұзақ тарихы бар ұлы далада оны жүзеге асыру оңайға соққан жоқ. Кез келген ел үшін оның негізгі шарты – елдің Ата заңы еді. Ал, бізде Конституцияның қалыптасуы бірнеше тарихи, күрделі және өтпелі кезеңдерді қамтиды.

Мемлекет тәуелсіздігі – ең алдымен халқымыздың бақыты. Алғашқы жылдарда басым мақсаттардың қатарында егемендікті нығайту, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономикадағы қиындықтарға жауап беру болған еді. Ал қазір көшбасшы елдерге қарай отырып, дамудың, көркею мен нығаюдың жаңа белестері негізінде жаңғырту, жаһандануға бет бұру қажеттігі туды. Жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссияның аясында Ұлт жоспарын орындау бойынша нақты іс-қимылдар әзірленді. Оларды халықаралық сарапшылар қарап, қолдау білдірді. Парламент пен Үкімет, барлық мемлекеттік органдар үшін алда орасан зор жұмыстар тұрды. Жасалған жұмыстардың мәні Қазақстан Республикасы Конституциясының әлеуетін одан да кеңірек ашуға әкелді.

Біріншіден, мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық туралы. Ұлт жоспарының кәсіби мемлекеттік аппарат пен есеп беретін мемлекет құру жөніндегі шаралары да осыған бағытталған. «Ашық Үкімет», жемқорлыққа қарсы батыл күрес, мемлекеттік органдар мен қызметшілердің жұмыстарын нақты нәтижелер бойынша бағалау, өзге де шаралар – мұның бәрі ел мүддесі үшін.

Екіншіден, азаматтық тең құқылық туралы конституциялық постулаттар Бес реформаның заң үстемдігін қамтамасыз ету сияқты бағытында біртіндеп ашылып отыратын болады. Бұл жұмыстың маңызды қыры тәуелсіз сот жүйесін нығайтуға және құқық қорғау органдарын реформалауға байланысты.

Үшіншіден, индустрияландыру және экономикалық өсу бағыттары аясында бүкіл халық игілігі үшін экономикалық дамудың конституциялық қағидаты толыға түседі. Біздің басты міндетіміз – бизнес үшін кедергілерді жою, рұқсат беру ресімдерін қысқарту және салық режимін қарапайымдандыру, инновациялық кластерді дамыту және энергия үнемдеу.

Төртіншіден, әлеуметтік мемлекеттің конституциялық қағидаты білім беру, денсаулық сақтау, азаматтардың әлеуметтік жұмыспен қамтылуы салаларын жаңғырту жөніндегі шаралармен біртіндеп кеңейе түседі.

Бесіншіден, біздің Конституцияда «қазақстандық патриотизм» ұғымы бекітілген. Оның мағынасы азаматтық ұлтқа адал қызмет етуге, азаматтың міндеттерін сөзсіз орындауға келіп тіреледі. Шынайы патриотизм Конституцияға адалдықтан, мойындау мен қатаң орындаудан басталады. Қандай этносқа немесе дінге қатысы болмасын, дәл осылар барлық қазақстандықты біртұтас халық етеді.

Конституцияда жалпы адамзаттық, сондай-ақ ұлттық құндылықтар бекітілген, Қазақстан халқының бірыңғай еркі, оның интеллектуалдық әлеуетін және халықаралық қоғамдастықтың негізгі стандарттары көрсетілген. Конституция нормаларының халықаралық құқық нормаларымен өзара келісуі Қазақстанды дамыған құқықтық жүйесі бар мемлекеттермен бір деңгейге қояды.

Қолданыстағы Конституцияға 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 1998 жылы негізгі заңның 19 бабы өзгертіліп, толықтырылды. Өзгерістер Президент, Сенат және Мәжіліс депутаттарының мерзімдері мен өкілеттіктеріне қатысты, мемлекеттік қызметкер үшін бұрын жоғарыда көзделген жас шегі алынып тасталды. Бұдан басқа, 1998 жылғы өзгерістер арқылы Мәжілістің 10 депутаты бара-бар өкілдік жүйесі бойынша партиялық тізім негізінде сайланатыны көзделген.

Ең елеулі өзгерістер Конституцияға 2007 жылы қабылданды. Жиынтықта бара-бар сайлау жүйесіне көшу, парламенттік көпшілікпен Премьер-Министрді бекіту туралы нормаларды және Үкімет басшысын тағайындау кезінде партиялық жіктермен Президенттің кеңес тәртіптерін енгізу есебінен Парламент мәртебесін нығайту, Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді және өз өкілдерін белгіленген квотаға сәйкес Парламент Мәжілісі мен Сенатына жіберу құқығын алды.

2011 жылғы ақпанда Конституцияға ел Президентін тағайындау және кезектен тыс сайлауын өткізудің конституциялық негіздерін белгілеуге бағытталған өзгерістер енгізілді. Жаңа енгізілімдер сайлау процесінің айқындығы мен тиімділігін көтерді. Конституциялық негіздердің мызғымастығы ел дамуының тұрақтылығын, өз құқықтарының қорғалуындағы және алдағы өзгерістердің болжамындағы халықтың сенімін кепілдік етеді.

2017 жылғы реформаның мəні – президенттік басқару нысаны шеңберінде Президент, Парламент жəне Үкімет арасында билік өкілеттіктерін қайта бөлу, елдегі істердің жай-күйіне мемлекеттік билік тармақтарының дербестігін жəне жауапкершілігін арттыру, конституциялық бақылауды күшейту, ерекше қорғалатын конституциялық құндылықтарды, адам жəне азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін нығайту, құқық қорғау жəне жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару жүйесінің негіздерін жаңғырту. Бүгінгі күні көп ұлтты Қазақстан халқының бірлігі мен тұтастығын нығайту, азаматтық жауапкершілікті, адамдардың әл-ауқатын көтеру, қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты орнықтыру басты мақсатымыз болып қалды.

Конституциялық Кеңеске 2019 жылғы 20 наурызда республика Президентінің «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу туралы» Заң жобасының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес нысанына қорытынды беру туралы өтініші келіп түсті. «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасымен Конституцияның 2-бабының 3 тармағы жаңа редакцияда берілген: «Республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысы, оның астанасының мәртебесі заңмен белгіленеді. Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласы болып табылады». Конституцияның 2-бабының 3-1 тармақтағы «Астана» деген сөз «Нұр-Сұлтан» деген сөзбен ауыстырылған.

Негізгі өзгерістер 2022 жылы 5 маусымда енгізілді. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар өзге өзгертулер мен толықтырудан ерекше болды. Олай дейтініміз өзгерістер мен толықтырулар республикалық референдум арқылы өтті. Жалпыұлттық референдумда қазақстандықтар Ата Заңымыздың 33 бабына 56 өзгеріс енгізу үшін өз дауыстарын берді. Атап айтсақ, Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті; жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі; президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ; қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады; өлім жазасына тыйым салынады. Ешкімнің адам өмірін қиюға құқығы жоқ; Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады; Сенаттағы президенттік квота қысқарады, Мәжілістегі ҚХА квотасы жойылды; мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді; тұңғыш президенттің ерекше ролі мен артықшылықтары туралы ережелер алып тасталды.

Құқықтық жағынан алғанда негізгі өзгерістердің бірі — Конституциялық Кеңес органының орнына Конституциялық Соттың құрылуы болды.

Әрине, негізгі заңның жаңа реформаларға ұшырау кезеңдері, яғни Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу – заман талабы. Жаһандық заманда, даму прогресінде нормативтік-құқықтық актілердің өзгеріп тұруы қалыпты жағдай. Конституцияның өзгерістерге ұшырағаны маңызды емес, оның барлық ережелері мен қағидаттарының өмірде нақты жүзеге асуы маңызды.

Ата Заңның тамыры терең, тұғыры биік болсын. Отыз жылдың ішінде біз Конституция ережелерін басшылыққа ала отырып, ұлы жолды жүріп өттік. Қазақстан бүгінде әлемдегі қалыптасқан, құрметті және абыройлы мемлекеттердің бірі. Жүрегімізде елге деген махаббатымыз артып, рухымыз мықты болсын. Қазақстанның келешегі кемел, халқы аман, бейбітшілігі мәңгілік болғай!

Венера НАУРЫЗОВА,

заң ғылымдарының магистрі,

сеньор-лектор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button