Жарнама
Құқық

Кімдерге рақымшылық жасалады?

Биыл Ата Заңның қабылданғанына 30 жыл толады. Осы тарихи датаға орай құқық қорғаушылар, депутаттар мен қоғамдық ұйымдар сотталғандарға рақымшылық жасау бастамасын көтерген еді. Ал 23 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер және құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында түрмедегі адамдардың тағдырын сөз етіп, рақымшылық туралы заңға қол қойғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысының пікірінше, Конституцияға сәйкес адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары – ең қымбат қазына.

Елімізде қылмыстық саясатты ізгілендіру мақсатында тәуелсіздік жылдарында сотталған адамдарға 9 рет рақымшылық жасалған екен. Оның әрқайсысы белгілі бір атаулы датаға байланысты ұйымдастырылыпты. Рақымшылық акциялары нәтижесінде жалпы саны 58 мыңға жуық адам бостандыққа шықса, 11 мыңнан астамының жаза мерзімі қысқартылған. 

Ізгілік заңы – қоғам назарында

Маусымның басында Мәжіліске түскен «Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты амнистия туралы» заң жобасы қоғам назарын өзіне аударды. Мәжіліс депутаттары аталған заң аясында әлеуметтік осал топтардың өкілдері жазадан босатылуы мүмкін екенін айтқан еді. Мәжілістің жалпы отырысында заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашева заң жобасы аясында кімдерге рақымшылық жасалатынын айтып берді.

– Заң жобасы Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты гуманизм қағидасы негізінде қылмыстық саясатты ізгілендіру мақсатында депутаттардың бастамасымен әзірленді. Заң жобасында азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар жасағаны үшін сотталғандарды, оның ішінде әлеуметтік осал топтарды, кәмелетке толмағандарды, кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерді, жүкті әйелдерді, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерді және оларға теңестірілген адамдарды, зейнеткерлерді, мүгедектерді және басқаларды босату ұсынылады, — деді комитет төрағасы.

Мәжілістің отырысында үнемделетін қаржының көлемі жарияланды. Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның баяндауынша, бюджет қаражатын үнемдеу күніне 22,5 миллион теңгені құрайды. «Бір сотталған адамға жұмсалатын жалпы шығын күніне 2900 теңге, тиісінше жылына 4,8 миллиард теңге» деді ол.

Рақымшылықтың нәтижесінде үнемделген бюджет қаражаты қылмыстық атқару жүйесін қаржыландыруға және халықаралық-құқықтық стандарттарды енгізуге, соның ішінде камералық түрмелерге көшуге жұмсалады.

Жаза жұмсарса да жауапкершілік бар

Барлығы 15 мың адамды қамтитын заң жобасын Сенат депутаттары да мақұлдады. Ал Президент 23 маусымда «Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты амнистия туралы» заңға қол қойды. Құжатқа сәйкес 662 адам түрмеден шығады. Сондай-ақ артық жүріс-тұрысына шектеу қойылып, қатаң қадағалауда жүрген 3,5 мың адам жазадан босатылады. Шамамен 11 мың қылмыскердің темір тордағы мерзімі қысқартылмақ. Айта кетейік, кезекті жеңілдік терроризм, экстремизм, азаптау және жемқорлық баптары бойынша сотталғандарға қатысты емес.

Сонымен жаңа заң еліміздің қылмыстық саясатындағы ізгілендіру бағытын жалғастырудың көрінісі іспетті. Түрме жүйесін халықаралық стандарттарға бейімдеу, камералық форматқа көшу – өркениетті қоғамға тән қадам. Осы бағытта үнемделген қаражатты қылмыстық-атқару жүйесін дамытуға жұмсау – бюджетке де, жүйеге де тиімді болмақ.

Президенттің өзі де елдегі күштік құрылымдардың кеңейтілген алқа отырысында қылмыстық-атқару жүйесін түбегейлі реформалау қажеттігін айтқан еді. Оның сөзінше, сотталғандарды қоғамнан оқшаулауға емес, оларды қайта тәрбиелеуге маңыз беру керек.

–Мұны жаза басқан жандарға жасалған нақты көмек, олардың қоғамға қайта оралуына жағдай жасау деп түсіну қажет. Әл-Фарабидің сөзімен айтсақ, бұл – шын мәнінде қайырымды елге тән сипат. Мемлекет шалыс қадам басқан адамнан теріс айналмайды, тек оның тура, дұрыс жолға түсуіне жәрдем береді. Өйткені, әділетті елдің соты – әділ, ниеті түзу болуға тиіс. Бірақ рақымшылық жасау дегеніміз, бұл – барлық мәселенің шешімі емес, бір реттік қана шара екенін түсінген жөн, — деген еді Президент жиында.

Дегенмен, көкейде «заң жеңілдегенімен, жауапкершілік  жеңілдей ме?» деген сауал тұр. Әйтпесе, бұл мүмкіндік емес, қауіпке айналуы мүмкін. Яғни, кешірімге ие болған жан – қоғам сенімін ақтауы тиіс.

Жаза жұмсарды екен деп, қырағылық та босаңсуға тиіс емес. Қылмыстық саясаттағы бұл өзгерістер – елдің кемелдікке ұмтылған қадамы болсын десек, басты өлшем – қоғамдық қауіпсіздік пен халық сенімі болуы шарт. Ендеше, заңмен берілген жеңілдік – әділеттен аттап өтетін жол емес, қайтадан адамшылыққа қайту мүмкіндігі болуы тиіс.

«Бұл заң жәбірленушілердің құқығына әсер етпей ме?» деген сауалды адвокат Рысты Қалиеваға қойғанбыз. Ол амнистияға ілігетіндер әділ сұрыпталуы керектігін тілге тиек етті.

–Сондай-ақ  жәбірленуші үшін бұл екінші рет қиянат секілді көрінуі мүмкін. Жәбірленушіде «кінәлі адам босап шықты» деген қорқыныш болатыны айтпаса да түсінікті. Бізде жәбірленушінің құқығы көбіне ескерілмейді. Сондықтан рақымшылық берілсе, онымен бірге жәбірленушіге психологиялық көмек те қарастырылуы керек, — деген пікірімен бөлісті құқық қорғаушы.

Түзелу – ішкі дүниедегі өзгерістен басталады

Қоғамда амнистия туралы айтылғанда, бұл тек заң шеңберіндегі рақымшылық ретінде қабылданатыны рас. Алайда, бұл ұғымның екінші – аса маңызды психологиялық қыры ескерусіз қалып жатады. Осы мәселеге қатысты пікір білдірген психолог Венера Мүтағалиқызының айтуынша, амнистия – тек босатумен шектелмейтін, адамның ішкі әлемінде жүретін күрделі өзгерістердің бастауы болуы тиіс.

– Амнистия – адамның тағдырындағы бетбұрыс сәт. Бұл – өмір жолындағы үлкен сынақ әрі жаңа мүмкіндік. Жаза өтеу тек уақыт өлшемімен шектелмейді. Ол адамның жан дүниесіне, мінезі мен ойлау жүйесіне әсер ететін терең психологиялық процесс. Егер сотталған адам өз кінәсін шынайы ұғынып, шын жүректен өкініп, өткенінен сабақ ала білсе – амнистия сол адамға берілген өмірлік мүмкіндікке айналады. Ал егер бұл шараны тек жазадан құтылудың жолы деп қана қабылдаса, мұның соңы қоғам үшін жаңа қауіптерге әкелуі мүмкін, — дейді психолог.

Оның айтуынша, бас бостандығынан айыру жазасын өтеп шыққан адам көбіне беймәлім, жат әлемге қайта тап болғандай күй кешуі мүмкін. Бостандыққа шыққанымен, олар іштей жайлап алған қорқыныш және қоғамға бейімделе алмау секілді сезімдерден көпке дейін арыла алмайды.

– Мұндай сәтте мемлекеттің ролі тек босатумен шектелмеуі керек. Бізге кешенді, жан-жақты реабилитациялық қолдау қажет. Мысалы, психологиялық кеңес беру, отбасымен қарым-қатынасты қалпына келтіру, жұмысқа орналасуға ықпал ету сияқты нақты тетіктер жұмыс істеуі тиіс. Сонда ғана адам қоғамнан өзін шет сезінбей, қайта өмір сүруге қадам жасай алады, — дейді Венера Мүтағалиқызы.

Психологтың пайымдауынша, рақымшылыққа ілінетін сотталғандарды таңдауда олардың мінез-құлқы мен психикалық жай-күйі жіті сарапталуы қажет. Себебі, нағыз түзелу – адамның жүрек түкпіріндегі өзгерістен басталады.

– Ішкі өзгеріссіз ешқандай сыртқы шешімнің пайдасы болмайды. Қоғамға зиян келтірмеу үшін рақымшылық берілген адамның өз-өзімен жүргізген жұмысы, ізденісі, өзгеруге деген ниеті басты көрсеткіш болуы шарт. Сол кезде ғана амнистияның қоғамдық мағынасы артады, — дейді маман.

Жалпы, кез-келген рақымшылықтың түпкі мәні – қоғаммен татуласуға, қайта сенімге ие болуға жол ашу. Ол үшін тек заң емес, адам жанын түсінетін ұстанымдар керек. Ал бұл – психологтар мен әлеуметтік мамандардың белсенді араласуын талап етеді.

Ананың үміті ақтала ма?

Жуырда редакцияға Күләнда Ізімова деген оқырман келді. Қолында – үмітке толы өтініш. Газет оқырманы ретінде «Осы мақалаларыңыз арқылы біздің де даусымыз жетсе екен» деп мұңын шақты. Қарт ананың жалғыз тілегі – амнистия заңы әділетті қаралса екен деген үміт.

Оның ұлы осыдан он үш жыл бұрын 22 жылға сотталған. Келіні ауыр науқастан өмірден өткен. Артында кәмелетке толмаған екі баласы қалған. Қазір сол балалар әжесінің қамқорлығында. Алайда қарт ананың денсаулығы күннен күнге сыр беруде екен. «Көзім тірімде немерелерім әкелерінің бауырында бір уақ мейірімге бөленсе екен деп армандаймын» дейді кемсеңдеген кейуана.

– Өзім зейнеткермін, денсаулығым жоқ, онкологиялық күрделі ота жасаттым, 3 операциядан өттім. Көзімнің де көруі нашар. Менің ендігі жердегі арманым әкелері балаларын өз қамкорлығына алып тәрбиелесе деймін. Аналары болмаған соң ең болмаса әке махаббатына жарыса екен дегенім ғой. Ұлымның қос құлыны да әкелерін күтіп жүр. Баламның ертерек бостандыққа шыққанын қалаймын, жылының жартысын темір тордың ар жағында өтеді. Ендігі жерде жалғызбасты әке ретінде құзырлы органдар ұлыма жеңілдік қарастырса екен деген үмітім бар, — деген Күләнда Ізімова ізгілік заңынан үміттеніп отырғанын жасырмады.

Оқырманның айтуынша, баласы түрмеде тәртібін түзеп, сөзі мен ісі жақсы жаққа өзгерген. Ішкі тәртіпті ешқашан бұзбаған, сотталғандарға арналған түрлі тәрбиелік бағдарламаларға қатысады екен.

«Әрине, қылмыстың аты – қылмыс. Ол үшін жаза болуы тиіс. Бірақ жаза – түзеу үшін, ал амнистия – сенім арту үшін берілуі керек. Мына заң қабылданар шақта, түрмедегі әр адамның жеке тағдыры ескерілсе екен. Артында бала-шағасы, қарт анасы бар жандарға екінші мүмкіндік берілсе. Бұл – мейірім сұрау емес, ар алдындағы әділдік»  дейді үмітін үзбеген ана.

Республика Конституциясы қабылданған 30 жыл ішінде Ата Заңымыз мемлекет пен азаматтың өзара қарым-қатынасын айқындап, құқықтық қоғам құру жолындағы берік негізге айналды. Мерейлі жылда заңнама жүйесіне жаңа серпін беретін бастамалар да көбірек көрініс табуда. Соның бірі осы мақалаға арқау болған рақымшылық заңы. Деректерге сүйенсек, қазір 40 мыңнан астам адам түрмеде жазасын өтеп жатыр. Мамандардың айтуынша, бұл рақымшылық жаппай босату емес, керісінше әділ іріктеу мен таңдаулы талдау арқылы жүзеге асады. 

Майра ЕРҒАЛИ

Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button