Киесі бар киіктің!..

prpopoprop Құқық

БҰРЫН ИЕН ДАЛАДА ЖОСЫП ЖҮРІП, САЙЫН САХАРАНЫҢ СӘНІН КЕЛТІРГЕН КИІК ҚАЗІР ТЕК ЕЛДІҢ ҮШ АЙМАҒЫНДА МЕКЕНДЕЙДІ ЕКЕН. МАМАНДАР БЫЛТЫР ОРАЛ ӨҢІРІНЕН 545 МЫҢ, БЕТПАҚДАЛА ӨҢІРІНДЕ 285 МЫҢ, ҮСТІРТ ЖАЗЫҒЫНАН 12 МЫҢ БАС КИІК САНАП ШЫҒЫПТЫ. АЛ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫ МАМАНДАРЫНЫҢ АЙТУЫНША, КЕҢЕС ӨКІМЕТІНІҢ ТҰСЫНДА ОБЛЫСТЫ КИІКТЕР ТҰРАҚТЫ МЕКЕНДЕГЕН.

Қазір табиғи факторлардың әсерінен киік үдере көшіп кетті. Бұған далада бұрынғыдай егін мен шүпілдеп тұрған өзен-көлдердің болмауы да бірден-бір себеп. Айқын айғақ – қар қалың түскен жылдары киік шекара асып, Батыс Қазақстан облысының аумағына келеді екен. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, көктем шыға қайтадан белгісіз бағытқа ауып кетеді.

Бүгінде киік – жойылып кету қаупі төнген жануарлар қатарында. Оны халқымыз киелі аң деп санаған. Бүгінде республика Экология, геология және табиғи ресурстар, Ішкі істер министрліктері және Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің бірлескен бұйрығын орындау мақсатында облыс көлемінде киіктерді атудың жолын кесу үшін кең ауқымды «Киік» акциясы жыл сайын ұйымдастырылып жүр. «Охотзоопром» республи[1]калық қазыналық кәсіпорынының бас маманы Дәурен Исаевтың баяндауынша, 15 сәуір мен 15 мамыр аралығында киіктің төлдеу уақытында табиғат қорғау жұмыстары республика бойынша жан-жақты күшейтілген режимде жүргізіледі.

– Бұл шаралар браконьерліктің алдын алу, дериватты сақтау және заңсыз тасымалдау мен сату айналымын тоқтатуды көздейді. Акцияға Атырау, Батыс Қазақстан облыстарындағы қорғалатын аймақтарда мекеменің жол талғамайтын 14 көлігі, 10 ауыр жүк көлігі жұмылдырылды. Тасжолда жедел топтар мен блок-бекеттер жұмыс істейді. Қазір 2 тікұшақ әуе арқылы және арнайы мониторинг тобының мамандары автокөлікпен киікке санақ жүргізіп жатыр, – деді Дәурен Бисенбайұлы.

Қыс кезінде облыс аумағындағы киік отарына көз тігіп, оңай олжаға батқысы келетіндерде аз емес. Биыл анықталған 11 құқық бұзушылықтың 9-ына әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасы толтырылып, 2 қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық іс қозғау арқылы 8 киік мүйізі анықталып, тіркелмеген тегіс ұңғылы аңшы қарулары тәркіленген.

– Түз тағыларына қару кезенетіндердің қатары көп. Былтырғы акция барысында 60 құқық бұзушылық анықталып, 50-ден астам хаттама толтырылды. Құқық бұзушылардан тіркелмеген тегіс ұңғылы аңшылық қарулары мен 500-ден астам киік мүйізі тәркіленді. Республика Қылмыстық кодексінің 339 бабына қайшы келетін 12 іс қозғалып, 7 қылмыстық іс сотқа жолданды, – деді облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы табиғат қорғау полиция тобының аға инспекторы Бейбарыс Мамай.

Бұл іс-шараға аудандардағы учаскелік полицейлер де атсалысады. Мамандардың түсіндіруінше, киік атып ұсталған адамға бас бостандығынан айыру жазасымен қатар, 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал, ұрғашы киік пен оның төлін шығын қылса, 350 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Коллажды жасаған: Дәурен Мұхамбеталиев

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз